Саф өлеңнің жүйрігі, ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы-Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, Бақанас аграрлы-индустриал-дық колледжінің студенттерімен бірлесіп, «Поэзияның асқар шыңы – Мұқағали» атты студенттер арасында поэзия байқауы өтті.
Байқауда «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлзира Дүйсенова мен колледж директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Қарлыға Сланбекова қазылық етті.
Байқаудың І-ші кезеңі «Ғасырда бір туатын дарабоз» деп аталды. Мұнда ақын өлеңдерін және поэмаларын мәнерлеп оқыды.
Ал ІІ-ші кезеңінде «Жырлайды жүрек» – Мұқағали Мақатаевтың өмір деректері мен шығармашылығынан сұрақтар қойылды.
Сондай-ақ ІІІ-ші кезеңінде «Әлі талай жыр болып жазыларсың...» – бұл кезеңде студенттер Мұқағали Мақатаевқа арнаған өзінің немесе басқа ақындардың өлеңдерін оқыды.
Сайысқа белсене қатысып, жүзден жүйрік болып озған Динара Бұлбұлбай ІІІ-ші орын алса, Мақсат Нұрсұлтан ІІ-ші орынға тұрақтады. Байқаудың барлық кезеңінен сүрінбей өткен Нұрбек Алпысбайұлы І-ші орынды иеленді. Байқау жеңімпаздарына арнайы диплом және естелік сыйлықтар табысталды.
Толғанай Нұрахан, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы.