12 қаңтар-аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, жерлесіміз Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Осы айтулы күнге орай жыл сайын Ұлы тұлғаны еске алуға арналған іс-шаралар өткізіліп келеді. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын игі шара биыл да өз жалғасын тапты.
Қазақтың дана да дара перзенті Дінмұхамед Ахметұлын еске алуға арналған игі шара аудан орталығына кіре берісте орналасқан «Д.Қонаев» атындағы саябақтағы Ұлы тұлғаның тұғырлы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Саябақ ішіндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ұлы тұлғаның әруағына тағзым жасалғаннан кейін жиналған көпшілік ескерткіш алдында естелік суретке түсті.
Мұнан соң алыс-жақыннан келген көпшілік аудан әкімдігі жанындағы Д.Қонаев ескерткішіне келіп, мұнда да гүл шоқтары қойылып, тағзым жасалды.
Келесі кезекте іс-шараға арнайы келген қонақтар Мәдениет үйіне бет алды. Алыстан ат терлетіп келген қонақтарға аудандық Мәдениет үйі мен кітапхана және аудандық өлкетану музейінің қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырған, сән-салтанаты келіскен көрмені тамашалап, ол жерде Димекең жайында жазылған кітаптарды, сонымен қатар тіршілігінде өзі ұстаған заттар мен дүниелерін тамашалады.
Өз дәуірінің кеменгері болған, дана халықтың дара перзенті, елу жыл Ел ағасы атанған Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне орай ұйымдастырылып жатқан облыстық еске алу кештің басталу сәтінде халқының сүйікті перзенті болған Димекеңнің өмір жолы мен қызметі жайында жинақталып, арнайы дайындалған деректі фильм көрсетілді.
Ақыл - парасатымен дараланған қазақтың біртуар перзентін еске алуға арналған «Заманның заңғар тұлғасы» тақырыбында ұйымдастырылып жатқан облыстық іс-шараның шымылдығын түрген аудан әкімі Азат Құтпанбетов Ұлы тұлғаның ел-жұртына сіңірген еселі еңбектерін тілге тиек етіп, Димекеңнің есімін жастарға ұлықтау мақсатында аудан көлемінде ұйымдастырылған бірқатар іс-шараларға кеңінен тоқталып өтті.
Сонымен қатар ұйымдастырылған кешке арнайы келген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев сөз кезегін алып, Дінмұхамед Қонаевтың халқына жасаған игі істерін айтып, ол кісінің ақыл-парасатына тамсанды.
Дана халықтың дара перзентін еске алуға арналған кеште «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің мүшелері және аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, мың бұралған бишілер би билеп, күмбірлете күй шерткен домбырашылар мәдени шараның көрігін онан әрмен қыздыра түсті.
Мәдени шара соңында «Ақ отау» мейрамханасында Ұлы тұлғаның рухына жерлестері тарапынан арнайы ас беріліп, Құран-кәрім бағышталды. Ас та төк жайылған дастарханның басында да Димекең жайында естеліктер айтылды.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».