Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығының негізінде аудан әкімдері әр ауылдық округте тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу өткізу жоспарланған.
Осы аптаның сейсенбісі күні белгіленген кестеге сәйкес аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев аудандық Мәдениет үйінде Бақанас ауылдық округ тұрғындарымен кездесу жиын өткізді.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде аудан әкімі Азат Құтпанбетовтың облыс орталығы Қонаев қаласындағы жиынға іссапармен кетуіне байланысты осы жиынды өт-кізу өзіне жүктелгенін айтты. Сондай-ақ Бауыржан Темірғалиұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында баяндама жасап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті.
Баяндама аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары аудан басшысының орынбасарына ауылдың тыныс-тіршілігі жайында өз ойларын ортаға салды. Ата-аналар атынан сөз алған Айжан Шотбаева аудан орталығындағы коррекциялық кабинеттің ғимараты және ол жерде тәрбиеленіп жатқан балаларға дәріс беретін құрал-жабдықтардың талапқа сай емес екендігін айта келе, алдағы уақытта жаңа ғимарат және оқу құралдарын жаңаласа деген ұсыныс-пікірін жеткізді.
Сонымен қатар ауылда электр жарығының жиі сөнетіні, ауыл көшелеріне қоқыс тастайтын контейнерлерді орнату, табиғи газға қосылу мәселелері талқыланды.Тиісті жауаптар қайтарылды.
Ауыл тұрғындарының ұсы-ныс-пікірлеріне назар аударған аудан әкімінің орынбасары жиында айтылған барлық өзекті мәселелерді, өтініштерді аудан әкіміне баяндап, олардың орындалуын аудан басшысы өз бақылауына алатынын жеткізді.
Аудан орталығының жыл-дан-жылға көркейіп, гүлденуі өңіріміздің өркениетке қадам басуының бірден-бір белгісі. Ал ауылдық округтер мен елдімекендерді дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, өмір сапасын жасқарту болып табылады.
Осы мақсатта өңірімізде көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынып, оң нәтижесін беруде. Сондықтанда ел игілігі үшін жасалынынып жатқан жұмыстардың сапасына ауыл тұрғындары да жанашырлықпен қараса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, «Балқаш өңірі».