15 желтоқсан күні аудан әкімі Азат Құтпанбетов өзінің жұмыс кеңсесінде желтоқсаншылар -Ақкөл ауылының тумасы Гүлнар Күзенбаева мен миялылық Гүлназ Сейсебайқызын арнайы қабылдады.
Қабылдау барысында аудан басшысы желтоқсаншыларға тәуелсіз қазақ елінің отыз жылдан астам уақыт ішіндегі бағындырған биік белестері мен қазақ жастарының толқуына қатысқан жандардың ерлігі бүгінгі және кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтып өтті.
Сонымен қатар шараға қатысып отырған аудан әкімінің орынбасарлары Бауыржан Дәрібеав пен Азамат Алтынбаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров және аудан әкімінің аппарат басшысы Қанат Ақылбеков сөз орайы келгенде сонау 1986 жылғы қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, азаттық үшін алаңға шыққан қазақ жастарының арасында жерлестеріміздің бол-ғанын және олардың көзсіз ерлік жасағандарын айтып, желтоқсан қаһармандарына жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.
Ал желтоқсаншы арулар сол бір тар жол тайғақ кезеңде қазақ жастарының өшпес ерлігін тілге тиек етіп, өздерінің бастан кешкен тарихи естеліктерімен бөлісіп, аудан әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Кездесу соңында аудан әкімі Азат Үкітайұлы желтоқ-саншыларды марапаттап, сый-сияпат жасап, естелік суретке түсті.
Қай халық үшін де тәуел-сіздік – қастерлі ұғым, ұлы мұрат. Сол ұлы мұратқа қол созған жас өрендердің аңыз болып қалған әрекеттері келер ұрпаққа патриоттық сезім сыйлап, Отансүйгіштікке тәр-биелейтіні анық.
Азаттық жолындағы ерлік даңқы ешқашан өшпейді. Еліміздің мақтаныштарына айналған желтоқсаншыларға қандай құрмет көрсетсек те лайықты.
Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы, Мәңгілік Ел боп мемлекетіміздің мызғымай, ғасырлар көшінде салтанат құрып тұруы желтоқсаншы батырлардың Отанға деген сөнбес сүйіспеншілігі, жан-қиярлық ерлігі мен еңбектерінің жемісі.
Қаншама жылдар өтсе де «Желтоқсан оқиғасы» – ұлт санасынан өшпейтін, Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы болып әрдайым қала бермек.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».