«ТУҒАН КҮНІҢІЗБЕН АНАШЫМ» СПЕКТАКЛІ САХНАЛАНДЫ

24cea2db-fbc0-40e5-882e-e6882175211b.jpg

        Осы аптада аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Бақанас» халық театрының дайындаған жазушы, драматург Әлішер Рахаттың «Туған күніңмен Анашым» атты қойылымы сахналанды. Аталмыш сахналық қойылымды тамашалауға аудан әкімі Азат Құтпанбетов, аудандық мекеме-ұйымдардың басшылары және мекеме қызметкерлері, Бақанас ауылының тұрғындары, сонымен қатар жақын ауылдарда тұратын аудан тұрғындары арнайы келді. Өйткені аудандық Мәдениет үйінде осындай іс-шараның өтетіні жайында аудан тұрғындарына газетіміздің өткен санында хабарланған болатын.

  Жоғары деңгейде сахналанған қойылымнан керемет әсер алған көрермен қауым балалардың аналарына деген шексіз құрметтерін сезініп, бақилық болған әкелерін сағынып жүргендерін көріп, жанарларындағы жасқа ерік беріп отырды.

  Қойылымның жалпы мазмұнына қысқаша тоқталып өтсек, ағайынды үш жігіт ұйымдасып, аналарының туған күніне тосын сый ретінде киім-кешек салатын шифонер сатып алады. Ағайынды жігіттердің үлкені Ердәулеттің тұрақты жұмысы жоқ, әлі шаңырақ көтермеген. Ал ортаншы ұл Бақдәулет жоғары оқу орнын бітірген  қызметкер болса да баспанасы жоқ, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасы. Шаңырақтың кенжесі Сырым әлі студент. 

   Аналарын  қуантып, тосын сый жасамақ болған ағайынды жігіттердің әңгіме барысында байқағанымыз, үлкен ұлдың мінезі сәл жұмсақтау екенін аңғардық. Өжет мінезді ортаншы ұлдың ағасына ақыл айтып, арты жанжалға ұласқанның салдарынан үйдегі барлық жайсыз мәселелер айтылды. Ортаншы ұлдың тойын жасауға алған несиені қайтару мәселесінің қиындығы, пәтерақы мен азық-түліктің қымбаттығы, жас отбасылардың баспанасыз жүруі, жоқшылықтың салдарынан адамдардың еріксіз ұрлыққа баратындығы, жұмыссыз адамның қоғамда, ағайын-туыстың ортасында еш құрметсіз екендігі айтылды.

    Сонымен қатар марқұм болған әкелерінің тіршілікте балаларына айтқан ақыл-кеңестері және аналарының жоқшылықтан қиналып жүргендігі де олардың әңгіме барысында байқалып қалды.

   Көрермен қауымның тағатсыздана күткені балалардың аналарына деген тосын сыйын қабыл алып, шексіз қуанғанын көру болды. Қойылым аяқталғанша үш рет есік қоңырауы соғылып, үшінші қоңыраудан соң сахна пердесі жабылды.

    Қойылым аяқталған соң ағайынды жігіттердің рөлін сомдаған актерлері мен осы қойылымды дайындаған режиссері Ержан Қауланов, аудандық Мәдениет үйінің директоры Фархат Жылгелдиев сахна төріне шығып, көрермен қауымның ыстық ықыласында бөленді. Көрермен қауым  ұзақ ду қол соққанын көріп, қойылымның әсерлі болғандығы сезіліп-ақ тұрды.

   Мұнан соң «Бақанасым киелім» әніне жасалған бейне баянның тұсауы кесілді.

   Театр өнердің ішіндегі ең сымбаттысы болып саналады. Өйткені сахна төрінде өнер көрсеткен актерлердің қабілеттігі мен шеберліктері анық байқалып тұрады.

   Аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Бақанас» халық театрының  бүгінгі қадамы жаман емес. Ол жерде өнер көрсетіп жүрген актерлердің де қабілеті де жоғары.

    Осындай өнер сахнасында қайнап піскен  өнерпаздарға қолдау көрсетіп, оларды биік белестерге көтеру біздің қолымызда.

                                                      Бақтығали МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, «Балқаш өңірі».

 

 

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 күндік таңғы жаттығу
  • АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
  • Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде
  • Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер
  • Атом электр станциясын салу жөніндегі