ҰЛЫҚТЫ БАЛҚАШТЫҢ РУХТЫ ҚЫЗДАРЫ

0f81e36d-5e0e-4381-830c-b503551b9a41.jpg

Өткен тарих толқынында, қилы заман көшінде, ұлы күрес жолында елін қорғаған батырлармен тең түсіп, жұртына қорған болған, қазақ хандығы тұсында тақ мұрагерлерінің анасы ғана емес, ел билеген хандардың жары, тең билеуші сенімді серігі, ақылман кеңесшісі болған,  қазақ тарихында саяси қызметпен немесе әскери іспен айналысып қана қоймай, олардың ішінде мемлекетті басқарған,  көрші елдермен қарым-қатынаста мемлекет аралық мәселені дипломатиялық жолмен шеше білген, ел рухын асқақтатқан батыр аналарымыз, ару қыздарымыз аз болмаған. Ату қаруы-садақты, шабу қаруы-қылышты  ұстағанда ыңғайлы болсын деп, оң жақ омырауын сылып тастаған, өз атын жауынгерлігімен жария еткен екі жүз мыңға жуық  жаужүрек қыздарымыздың ерлігі ше?!

Ежелгі тарих тамырын бассақ, халық ауыз әдебиетіндегі ат сүрінгенше, ақыл тапқан ұшқыр ойлы, даналығымен дараланып, еріне тірек болған әйел-ана бейнелері, елшілік жолында жаулығын жалау етіп, ел мен елдің арасындағы бітіспес дауды, қан төгісті ақ жаулығын тастап,  бітімгерлікпен шешкен,   дана даланың дарабоз аналары, Ұмай, Бегім, Қызай, Бопай, Домалақ, Абақ, Қарашаш, Күнбике сынды аналарымыздың қатарындағы ел есіндегі  есімдер соны айғақтай түседі. Сақ дәуіріндегі ең алғаш  атты жауынгерді құрып, жорық жолында ту көтеріп, аты  әлемге әйгілі болған Әсипа-Ана, қазақ жерін жаулап алмақ болған қанды қол Парсы патшасы Кирге қарсы тұрып, қайсар ерлігімен жеңіске жеткен Сақ ханшайымы Тұмар және заманының заңғар ханшайымы атанған Зарина ерлігі- қай заманда да Түркі халқы әйелдерінің жігерін жанып, тамырда қанын тулатып, жүрегіндегі намысын оятып, көш бастатқаны  тарихтан белгілі.

Қазақ әйелдерінен шық-қан өз заманының қоғам қайраткерлері,  37 жасында ел басқарған Сұлтан, қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы «Хан-Ана», Уәлиханның жесірі,  тақ мұрагері,  Шоқанның әжесі-Айғаным Сарғалдаққызы, қазақтың батыр қыздарының бірі, Кенесары ханның қарындасы, Әбілқайыр ханның жұбайы, ханның тең билеушісі, кеңесшісі,  садақ ату, шыбық кесу, шабандоз әдістерін, қылышпен семсерлесу сияқты соғыс техникасын мықты меңгерген, «Хан-Ана» атағына ие болған Бопай хан, Бөкей ордасының ханы Жәңгір ханның жары-қазақ даласына ғана емес, Ресей империясына танымал болған, өте білімді, орыс, татар, ағылшын, француз, неміс тілдерінде еркін сөйлейтін, Құран түсіндірмесін де білетін, сот этикетін мықты меңгерген, фортепианода шебер ойнайтын Фатима хан және Хақназар ханның ең жақын туысы, І Елизавета патшайымының сүйікті кеңесшісі, бүкіл түркі әлемінің алғашқы дипломатиялық өкілі- Ару сұлтан ханым, Қаракерей Қабанбайдың жары, арғын Малайсары батырдың қарындасы Гауһар сынды батыр аналар-тарих тудырған тұлғалар.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, қолына қару алып, қан майданда  омырауын оққа төсеп, Отан үшін жанын пида еткен, Орта Азия мемлекеттерінен шыққан Кеңес Одағының қос батыры-Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспановалар- сол замана тудырған тұлғалардың жалғасы.

1986 жылғы 16 желтоқсанда ұлт намысын ту етіп алаңға шыққан, бодандықтың бұғауын үзген, алғашқы тәуелсіздік қарлығаштары, 30 мыңға жуық жастарымыздың ішінде  қазақ қыздарының қайсарлығын тәнті етіп,   ажал құшқан қаһарман қыздарымыз  Сабира, Ляззаттардың ерлігі- тарих шындығы, нәзік жүректі әйел затының жаратылыс болмысындағы өжеттіктің өлшемі.

Мен, біздің өлке, Байтақ Балқаш жерінде де осындай замана ерлігінен рухтанған, келешекке даналықтың дәнегін еккен, ұлықты елдің рухты қыздарының бір парасының ғана атын атап, ой өрбітпекпін...

Қазақта «тұңғыш» деген сөз бар, «тұңғыш» деп мақтанып айтарлықтай, аймаңдай ұлдарды, Ұлы Отан соғысының алғашқы бесінші күнінде-ақ отқа оранған ұшағымен жаудың танк колоннасына жасын болып түскен жас ғұмыр, ҰОС-ның тұңғыш батыры, Халық қаһарманы, Ресей-Қазақ батыры Бақтыораз Бейсекбаевтай, 28 панфиловшы-лардың ішіндегі 4 қазақтың бірі,  ҰОС-ның батыры Мұсабек Сенгірбаевтай батырлар мен боз кілемде жауырыны жерге тимеген, тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұловтай палуанды   дүниеге әкелген  балқаштық алтын құрсақ аналарымыз-тектілігі тегінен тараған, кешегі Шығыстың ұлы ғұламалары Абай мен Шоқандай ұлықты ұлдардың ұлағат бесігі болған Зере, Айғанымдай аналардың жалғасы десек, артық емес-ау!...

Адамзат тарихында бол-ған соғыстардың ішіндегі ең қасіретті сұрапыл соғыс, ҰОС-да небәрі 18 жасында өзі сұранып майданға аттанып, Шығыстың қос шынарының бірі, батыр қыз Әлия Молдағұловамен майдандас болған, Батыс майдандағы «Екпінді» армияның 335-і артиллериялық полкінің барлаушылар бөлімінде «Кіші жерді» азат етуге, Кавказда туысқан Әзербайжан елінің астанасы Баку қаласын, Махачкаланы қорғауға қатысып, майданның алғы шебінде  ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, туған еліне жеңіспен оралған Иманбаева София Әубәкірқызы, ол да Балқаштағы ерлікке толы өнегелі өмірін ұрпағы үлгі еткен аналардың бірі.

Сондай-ақ желтоқсан оқиғасында әділетсіз үкімге қарсы тұрып, мемлекет басшысы Д.Қонаев пен желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастарға араша түскені үшін «ең алғашқы» болып сұраққа алынып, жауапқа тартылып, қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шегіп, тұтқындалып, темір торға тоғытылған, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, ұлтжандылығы мен отансүйгіштігін дәлелдеп, табандылықтың үлгісін көр-сеткен, қоғам қайраткері, «Желтоқсан оқиғасы» қаһар-маны, сол кездегі Алматы қаласындағы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің мұға-лімі, 37 жастағы қайсар қыз, Балқаш тумасы Сәбитова Жансая Әлкейқызының есімі «тұңғыш» деп мадақтауға тұрарлық.

Желтоқсан оқиғасының қанды қырғынының шынайы куәгерлері, бүгінгі Респу-бликалық патриоттық қозғалыс  «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігі, Алматы облыстық филиалының төрағасы  Тойшыбаев Ізтілеу және   Нұрханов Ақшабай, Қасабеков Алихан сынды азаматтардың қатарында жерлестерімен бірге қанды алаңда бой көрсеткен «Желтоқсан қаһарманы», Алматы бас киімдер фабрикасының жұмысшысы Лепесбаева Гүлнар Сабырғалиқызы және балқаштық студент жастар Аманжолова Гүлшат Исаққызы, Сыздықбаева Шәмшия Құрманбекқызы, Гүлнар Күзембаева, Камила Сәрсенбаева, Маргарита Тілемісовалардың батыл қадамы- отансүйгіштік сезімнен туған жүректілік десек, кешегі қаңтар оқиғасында да қаңтар бүлікшілері Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейге шабуыл жасағанда, музей директорының менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары, балқаштық Бибігүл Дәндіқараеваның бұзақылармен 5 сағат келіссөз жүргізіп, «Алтын адам» түпнұсқасы мен алтыннан жасалған қару-жарақтар мен 300 мыңға жуық тарихи жәдігерлеріміздің біреуіне де залал келтірмей сақтап қалуы- жанкешті өрліктің белгісі.  Бұл жөнінде ҚР Президенті Қасым -Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бибігүл Данды-қараеваның ерлігі мен  отансүйгіштігі  арқасында қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезіндегі музейдің құнды экспонаттары сақталып қалды. Бұл-нағыз ерлік!»- деп баға берген болатын.

Қай кезде де осындай, мақалама есімдері арқау болған жандардың жүректеріне рух оттығын, өткен тарихтағы өз дәуірінің шырақшысы, көшбасы болған, кемеңгер, ержүрек түркі әйелдерінен алып, бүгінгі заманға алаулатқан жасампаз тұлғалар екенін мақтана айтып,  бүгінгі тарих мінберінен өскелең ұрпаққа үлгі етемін!  

    Зуреш ДЕМЕУҚҰЛОВА, Қазақстанның Құрметті азаматы, Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі. 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 күндік таңғы жаттығу
  • АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
  • Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде
  • Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер
  • Атом электр станциясын салу жөніндегі