Осы аптаның сейсенбі, сәрсенбі күндері аралығында Желтораңғы, Бақбақты ауылдық округтерінде аудандық Ішкі саясат бөлімі мен «Ақжүніс» әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық тәрбие мен жаһандану» тақырыбында қоғамдық ұйымдармен кездесулер болып өтті.
Іс-шараға аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Гаухар Аманжолова, ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағалары, Аналар кеңесінің төрайымдары, аудан көлеміндегі ауылдық жастар жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Бақыт Сқабаев «Ата ұлағаты ұрпаққа аманат» атты баяндамасын жасаса, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Әліпбаева «Аналардың қоғамдағы рөлі» тақырыбында өзінің бүгінгі қоғамдағы аналардың бала тәрбиесіне қосып жатқан үлестері жайында әңгіме өрбітті. Ал аудандық тарихи-өлкетану музейінің өлкетанушысы Зәуреш Демеуқұлова «Тәрбие - ұлт пен мемлекеттің болашағын айқындайды» тақырыбында ата-бабаларымыздың ұрпақ санасына сіңірген құнды қасиеттерін келешек ұрпақ-қа аманат етіп қалдыру мақсатында атқарылатын ау-қымды мәселелер жайында сөз қозғады. Сонымен қатар көпбалалы ана Ғалия Жүсіпова «Ата-ана баланың бас ұстазы» - тақырыптарында баяндама жасап, өзінің бала тәрбиесіне қосып жатқан үлесімен бөлісті.
Тәрбиелік мәні зор іс-шараға қатысушылар өзара пікір алмасып, өзіндік ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.
Дана халқымызда «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген қанатты сөз бар. Бұл сөздің мән-мағынасына тереңнен үңілетін болсақ, салмақты ой жатыр. Бүгінгі қоғамда көптеген отбасында балаларға ата-аналары дұрыс тәрбие бере алмағандықтан қоғамда неше түрлі келеңсіз оқиғалар орын алып жатыр. Әсіресе бала тәрбиесіне әкелердің қосар үлесі орасан зор болуы маңызды. Ата – анасының бойындағы жақсы қасиетті бойларына сіңіріп өскен ұрпақ ешуақытта өзінің Отанына, туған жеріне және туыстарына жамандық ойламайды. Сондықтанда барша ата-аналар қауымына осындай өткізіліп жатқан іс-шараларға қатысып, қолдау көрсетіп, бала тәрбиесіне біркісідей атсалысса дегіміз келеді.
Өз тілшімізден.