Жақында Талғар қаласында Грек-рим күресінен КСРО спорт шебері атағының иегері Әлиманов Есенжол Мұхамбетұлын еске алуға арналған Республикалық ашық турнир болып өтті.
Еліміздің барлық өңірлерінен кіл мықтылар бас қосқан байрақты бәсекеге Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен спортшылар келіп, 320 балуан әртүрлі сал-мақ дәрежелері бойынша күш сынасып, өзара жеңімпаздарды анықтады.
Жастар арасында өткен байрақты бәсеке барысында Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжінің студенті, жерлесіміз Бекарыс Мейрамбек 55 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Аудан абыройын асқататқан Бекарыс Бақтығалиұлы бұған дейін де бірнеше жарыстарда топ жарып жүрген білекті де жүректі балуандардың бірегейі. Жас күнінен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спортпен тұрақты түрде айналысқан Бекарыс Ақдала орта мектебінің түлегі. Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер.
Республикалық жарыста топ жарған жерлесіміз өз салмақ дәре-жесінде күш сынасқан балуандардың барлығынан басым түсті. Жартылай ақтық сайыста қырғызстандық спортшының жауырынын жер иіскетіп, ақтық сайысқа жолдама алды. Ал шешуші ақтық сайыста Ақтөбе облысының намысын қорғап жүрген білекті балуанды 7:6 есебімен жеңіп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Марапаттау барысында Бекарыс Бақтығалиұлына жарыс-ты ұйымдастырушылар арнайы тігілген ақшалай сыйлық және жеңімпаздық белбеу мен алтыннан алқа тақты.
Спорт - адам өмірінің ажырамас бір бөлігі іспеттес. Спорттық сайыста жеңіске жету спортшыға да, оның жанкүйеріне де биік мәртебе.
Байрақты бәсекелерде осылайша жеңіске жетіп, аудан абыройын асқақтатып жүрген спортшыларға үнемі қолдау көрсетіп, олардың әрбір жеткен жетістігіне, өрге басқан қадамына бірге қуана білейік, ағайын!
Өз тілшімізден.