Тарих атты абызға жүгінсек, Халық комиссарлары советі 1918 жылдың 17 сәуірінде «өртпен күресудің мемлекеттік шараларын ұйымдастыру туралы» арнайы декрет қабылдады.
Биыл осы маңызды құжаттың қабылданғанына - 105 жыл толып отыр. Бұл декреттің қоғам өміріне енуінде үлкен мән бар еді. Өйткені сол уақыттарда өрттен келетін зиян тым орасан зор болатын-ды. Мысал ретінде революцияға дейін болған алапат өрттерге көңіл аударып көрелік.
1829 жылы Шу қаласында өрт шығып, 157 үйден 32 ғана үй өрт құшағына оранбай аман қалған. 1872 жылы Мәскеуде болған өрттен 554 тұрғын үйдің түгі қалмай жанып кеткен. Сол шақтарда мемлекетке өрттің салдарынан жыл сайын кем дегенде 400-500 млн. сом зиян келіп отырған. Социалистік революция жеңісінен кейін де өрт сөндіру құралдары мен арнайы техникалардың жоқтығынан Ленинград, Мәскеу, Горькии қалаларындағы өнеркәсіптік орындардағы өрттің салдарынан яғни өрт сөндіретін арнайы жасақтар болмағандықтан шығын жыл санап ұлғая түскен.
Совет өкіметі 1920 жылдың 18 сәуір күні елдегі үлкен қиыншылыққа қарамастан өрттен қорғау ісіне 5 мың ат жинатып, оларды мемлекеттік қордағы жем-шөппен қамтамасыз етті. Арнайы қордан 50 мың сом қаржыны өрттен сақтау құралдарына бөлген екен. Еңбекшілер мен жұмысшылардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу үшін өртке қарсы ерікті қоғам құру керектігіне баса көңіл бөлінді.
Ал қазіргі кезде Отанымызда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің мықтап дамуына байланысты қоғамдық мүлікті өрттен сақтау мәселесі негізгі мәселеге айналып отыр. Арнайы кадрлерді дайындайтын бірнеше оқу орындары ашылып, сонымен қатар қалалар мен селоларда өрт сөндіретін мекемелер ұйымдастырылды. Мәселен осыдан 56 жыл бұрын 1967 жылы ауданымызда өрт сөндіретін мекеме құрылған еді. Сол мекеме құрылған жылдары 2 өрт сөндіретін автокөлік пен 2 әртүрлі жұмыстарды атқаратын автокөлікте 11 адам жұмыс атқарған. Мекеменің бастығы, бір нұсқаушы, 5 адам жүргізуші, 4 өрт сөндіретін қызметкерлер болған. Алғашқы жылдардан бастап өзіне міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға, қоғамдық мүлікті өрттен аман сақтап, өрт бола қалған жағдайда оны дер кезінде сөндіруге белсене атсалысып жүрген жігіттеріміз де аз емес. Осы азаматтар өрт сөндіру саласында аянбай еңбек етуде. Атап айтсақ, 30 жылдай осы салада аталмыш мекемені басқарып келген, осы мақаланың авторы Бекжігітов Серік, кейіннен 15 жылдай басқарған Ахметчеев Серік, нұсқаушылар А.Рау, Н.Проскурин және қарауыл бастықтары Б.Сабанбаев, Е.Бекжігітов, С.Берекетов, жүргізушілер Ж.Сәрсенбаев, К.Көштеков, Ш.Тілеубаев, К.Жексенбеков, А.Қасабековтарды айтуға болады.
Осы 56 жылда үш рет мекеменің аттары өз-герген. 1967-1995-жылдары ППЧ-12 болса, 1995-2023 дейін ПЧ-14 болып, ал биылдан бастап ПЧ-10 болып аталуда. Бүгінде Балқаш ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Сабанбаев Айхан Берікұлы, ТЖБ бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Аманбаев Нұрлыбек Бейқұтұлы, ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ахантай Бағдат Ахантайұлы, ТЖБ инженері, азаматтық қорғау кіші лейтенанты Еміл Алмас Нұртайұлы төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында қызмет атқарып жүрген азаматтар.
Қазіргі заманның талабына орай заманауи техникамен жабдықталған 3 өрт және 1 шұғыл әрекет ету автокөліктері бар. Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімінде 21 қызметкер қызмет жасауда. Оның 4-і бөлім бастығы,8-і автокөлік жүргізушісі, 8-і өрт сөндіруші. Осы уақыттың ішінде өрт бола қалған жағдайда тез арада уақытпен санаспай, өз міндеттерін адал атқарып жүрген жігіттеріміз көптеп саналады. Атап айтқанда қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Н. Жексебаев, жүргізушілер, азаматтық қорғау сержанттары Ж.Мәдіғұлов пен О.Қыдырбаев, жүргізуші, азаматтық қорғау аға сержанты Р.Қалтай және өрт сөндіруші, азаматтық қорғау кіші сержанты А.Талғаттардың еңбегін атап айтуға болады. Осы жылдың 9 айында 95 төтенше жағдайлар тіркелген, оның 21 өрті қамыс,орман-тоғайлар және шабындық болса, 3 өрт автокөлік, 4 үй. Өрттің салдарынан барлығы 8 800 000 теңге зиян келген.
Ал өртті дер кезінде барып сөндірудің арқасында аман қалған заттардың құны 13 000 000 теңге болып отыр. Жақында облыста жарыс болды. Балқаш ауданының атынан №10 өрт сөндіру бөлімі атынан қатысқан Абылай Жапарбекұлы қазақ күресінен І-ші орын жеңіп алса, ал футболдан Абылай Жапарбекұлы мен Жандос Мәдіғұлов үздік атанды.
Қорыта айтқанда, қоғамдық мүлікті сақтауда табандылықпен қызмет жасап жүрген өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерін өрттен сақтандыру бөліміне - 105 жыл толуымен және еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі санағанымыз бойынша 28 жыл толуымен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, дендеріңе саулық, жұмыстарыңа телегей-теңіз сәттілік, мерейлерің үстем бола берсін деп тілеймін.
Серік БЕКЖІГІТОВ, «Өрт қызметінің үздігі» төсбелгісінің
иегері, зейнеткер, газет ардагері, штаттан тыс тілші.