Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сай Ақкөл ауылдық округіне қарасты Көкжиде ауылында «Қарттар күні» мерекесіне орай ұйымдастырылатын Әбдібай Құтпанбетов пен Тұлғабай Әбдібаевты еске алуға арналған шағын футболдан аудандық турнир биылда өз жалғасын тапты. Спорттық шараның ашылу салтантында сөз алған округ әкімі Бекзат Орынбаев, Көкжиде ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыржан Ноғайбаев ауыл қарияларын мерекелерімен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Ал спорттық шараның өтуіне демеушілік көрсеткен Әбдібаевтар әулетінің үлкені Әуесхан Тұлғабайұлы аудандық турнирге қатысып, жүлделі орындарға үміттеніп тұрған спортшыларға сәттілік тілеп, шараның өтуіне атсалысып жатқан аудан әкімдігіне және аудандық спорт саласының мамандарына ризашылығын білдірді. Аудандық турнирдің ашылу салтанатында аудандық Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Жармедет Тұрғали қос ішекті домбырасымен қарияларға арнау жырын төксе, Миялы ауылдық клубының меңгерушісі Гүлмира Рахимова «Бақанас көктемі» әнін тамылжыта орындап, мерекелік шараның көрігін онан әрмен қыздыра түсті. Мерекеге орай Көкжиде орта мектебінде концерттік шара ұйымдастырылып, мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері әннен шашу шашып, мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Ауыл қарияларына сый-сияпат табысталды. Сонымен қатар, Әбдібай Құтпанбетов, Тұлғабай Әбдібаев марқұмдардың рухына Құран-кәрім бағышталды. Спорттық шараның ашылу салтанатынан кейін аудандық турнирге іріктеліп келген командалар арасындағы тартысты ойын басталып кетті. Жүлделі орындарға үміттенген футболшылар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске жеткен командалар ақтық сайыстарға жолдама алды. Ойын барысында Бақанас және Бақбақты ауылдарының ардагерлер командалары өзара жолдастық кездесу өткізіп, бақанастықтар қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жетті. Қорытындылай келгенде ІІІ-орынды сараптау барысында Көкжиде ауылының намысын қорғаған «Арлан» командасы Бақанас командасына кезек беріп, Бақанас командасы жүлделі ІІІ-ші орынға табан тіреді.
Ойынның тартысты кезеңі ақтық сайыс болды. Қарсыластарына дес бермеген «Бақбақты» командасы мен көкжиделік «Тарлан» командасы ойынды тең аяқтап, шешуші айып добын қақпаға бағыттау кезеңінде алаң иелері айлаларын асырды. Сөйтіп ІІ-орынға «Бақбақты» командасы қол жеткізсе, І-орынды көкжиделіктер уысынан шығармады.
Турнирдің жабылу салтанатында жеңімпаз командалар мен жарыстың өтуіне төрелік жасаған спорт жаттықтырушылары арнайы дипломдармен және ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталды.