АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ НАЗАРҒА АЛЫНДЫ

DSC_1086.JPG

Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Құтпанбетов Құйған, Жиделі және Балатопар ауылдық округтеріне арнайы барып, белгіленген кестеге сәйкес кездесу жиындарын өткізіп қайтты.

Сонымен қатар бұл кездесу жиындарға аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық  мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров, сондай-ақ бірқатар аудандық мекеме-ұйымдардың басшылары сапарлас болды.

Кездесу жиын барысында Азат Үкітайұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында баяндама жасап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Құйған ауылдық округінде өткен кездесу жиында ауыл тұрғындары тарапынан көтеріл-ген өзекті мәселе электр жарығының жиі сөнуі және оның себепті жағдайларын талқылап, ауылға электр маманы керек деген ұсыныстарын іркіп қалмады. Өйткені бұл ауылда электр жарығы сөніп қалған жағдайда электр маманы Балатопар ауылынан келеді екен. Сонымен қатар ауыз су мәселесі де әңгіме өзегіне айналды.

Жиделі ауылының тұрғындары мемлекет тарапынан халыққа беріліп жатқан жеңілдетілген несиелерді алудың жолдары және қажетті құжаттарды өткізу жайында сұрақтар қойып, қысқы мал азығының қымбат екенін айтып, аудандық Орталық ауруханада уролог дәрігерінің жоқтығы жөнінде мәселе көтерді.

Мұнан соң кездесу жиын Балатопар ауылдық округінде  өз жалғасын тапты. Топар өзенінің сағасына су шығару мәселесін ортаға салған ауыл тұрғындары тіршілік нәрінің тапшылығынан шұрайлы жердің шүйгін шөптері бұрыңғыдай жайқалып өспей қалғанын айтып, қысқы мал азығын дайындайтын шабындықтардың тапшылығынан мал өсірумен айналысып отырған шаруашылықтарда қиындықтар туындап жатқаны жөнінде жан-жақты әңгіме өрбітті. Сондай-ақ көше жарығы, ауыл көшелеріне тас жол төсеу, Балатопар - Топар тас жолына жөндеу жұмыстары жасалсын деген ұсыныс-пікірлерін  білдірді. 

Аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға бара қалсаң, ауылдың болашағын ойлаған  қариялар өздері туып -өскен қасиетті мекеннің таза ауасын, мөлдір суын, тіл жетпес сұлулығын сақтап  қалу үшін ғұмыр кешіп жүргендерін айтып жатқанын жиі естіп қаламыз.

Туған жердің баға жетпес байлығын келешек ұрпаққа қаз-қалпында қалдыру бүгінгі аға буын өкілдерінің басты парызы. Әрбір ауылдың гүлденгені еліміздің өркениетке қадам басқанының айқын бейнесі емес пе?! Сондықтанда туған жердің қадір-қасиетін біліп, ауылдың болашағын ойлап жүрген ауыл азаматтарының еңбектерін әрдайым бағалай білейік.

                              

Бақтығали  ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 күндік таңғы жаттығу
  • АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
  • Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде
  • Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер
  • Атом электр станциясын салу жөніндегі