Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алып, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал екендігін атап өтті.
Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жас-тарды қабылдауға баса мән беру керектігін айтып, жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет деді. Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс деді.
Мектептердің жұмысын жақсарту бағытында Президентіміздің бастамасымен “Жайлы мектеп” бағдарламасы бұған дейін қолға алынып жатқаны белгілі.
“Ұлттың болашағы-жастардың қолында” - демекші, қабілетті жастарға қолдау көрсетудің жарқын үлгісін Президентіміз өзінің ел ішіндегі сапарларында көрсетіп жүр. Енді міне, тіпті колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алудың жолын айқара ашып отыр. Жастарға мұндай мүмкіншілік бұған дейін берілген бе еді?! Осы сәтті жастар тиімді пайдалануы қажет деп есептеймін.
Сайран Смағұлов, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі.