



Алматы облысында Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 5 миллион теңгеден біржолғы
әлеуметтік төлем беріледі. Яғни, әр ардагерге 10 мың АҚШ долларынан тиесілі. Өңірде сұм соғысты көзбен көрген
4 майдангер бар. Олардың ең үлкені – 103 жастағы Тәңірберген Толғанбаев. Іле ауданының тұрғыны 1942 жылы
соғысқа аттанып, Сталинград шайқасына қатысқан. Ал, Ұйғыр ауданының 102 жастағы тұрғыны Алим Кебиров
Белорусь шайқасында Белгород қаласын азат етуге қатысып, жараланған. Соған қарамастан 1943 жылы майдан
даласына қайта оралып, Украина жерінде соғысқан. Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Солтанбай Жарықбасов
қазір 101 жаста. Облысымызда тұратын ардагерлердің ең кішісі қазір 98 жаста. Федор Ковалев Жамбыл ауданында
тұрады. Ол 1945 жылы Жапон соғысына да қатысқан.
Отан үшін отқа түскен ардагерлерге Алматы облысы әкімдігі тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді.
Атап айтқанда, олардың тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған қолдау жүйелі түрде
көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, биыл соғыс зардабын көрген ардагерлердің шипажайда уақтылы ем алып,
денсаулығын нығайтуы үшін бюджеттен 1,2 миллион теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, облыстағы 2 038 тыл еңбеккерінің әрқайсысына 64 875 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек
көрсетіледі. Сондай-ақ, Ленинград қаласының қоршауы кезінде еңбек еткен және тиісті марапаттарға ие болған
2 азаматқа 86 500 теңгеден біржолғы төлем қарастырылған.
Зұлматты жылдары фашистік концлагерьлерде, геттоларда және өзге де мәжбүрлі ұстау орындарында болған
кәмелетке толмаған тұтқындарға да 64 875 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі.
Алматы облысы әкімінің
баспасөз-қызметі


