
Ірі өндіріс ошақтары экономиканың негізгі қозғаушы күші. Бүгінде бұл салада Алматы облысында 8,5 мың адам еңбек етеді. Денсаулығына келетін зиянға қарамастан бұқара ауыр еңбек жағдайларында жұмыс жасайды. Бұл туралы облыстық Еңбек инспекциясы департаменті басшысының м.а. Әли Арапов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Өндірістік жарақаттың алдын алу үшін департамент аймақтағы 20 кәсіпорынды атестатаудан өткізіп, мемлекеттік еңбек инспекторларымен әр түрлі меншіктегі 37 кәсіпорын мен ұйым да жоспардан тыс тексерістер жүргізген екен.
«Біз жүргізген тексерістің нәтижесінде 24 заң бұзушылық анықталып, жұмыс берушілерге 15 ұйғарым берілді.Жалпы 3,1 млн.теңгеге 20 әкімшілік айыппұл салынды,-деді Әли Арапов.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында өндіріске байланысты 4 жазатайым оқиға тіркеліп, зардап шеккендердің жалпы саны 5 адамға жеткен.
Мұндай олқылықтың орын алуына жол бермеу мақсатында, облыс бойынша 1171 ұйымда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жағдайларын бақылау үшін өндірістік кеңес құрылды.
Жауаптылардың сөзіне сенсек, өндірістегі қауіпсіздікті пен еңбекті қорғау талаптарының сақталуын бақылауды күшейту негізінде бірқатар кешенді шаралар қабылданған.
«Бүгінде кәсіподақпен бірлесіп "VisionZero" нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстың 35 кәсіпорны "VisionZero" нөлдік жарақат тұжырымдамасына қосылған»,-деп түйіндеді облыстық Еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Рустем Омаров.


