
Алматы облысында 2025 жылы 44 жаңа нысан пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 38 нысанның құрылысы аяқталды,деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханалар жаңғыртылып, Есік қаласында облыстық перинаталдық орталық ашылғанын айтты.
Алматы облысында медициналық көмек 24 мемлекеттік және 72 жеке ұйым арқылы көрсетіледі. Мемлекеттік ұйымдарда 356 нысан бар, оның ішінде 75 фельдшерлік- акушерлік пункт, 139 дәрігерлік амбулатория, 76 медициналық пункт және 38 алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы жұмыс жасап тұр.
«Бүгінде облыстағы денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету деңгейі артқан. Бүгінгі таңда медициналық мекемелердің жабдықталу деңгейі 93%-ға жетті»,-деп сөзін сабақтады спикер.
Айта кетейік, «Салауатты ұлт» жобасы аясында МРТ, ангиограф, жылжымалы маммограф және операциялық микроскоп сатып алынды. Онкологиялық қызметті дамыту үшін 27 бірлік медициналық техника алынды. Жедел медициналық көмек автопаркі 90 бірлік санитарлық автокөлікпен толықтырылды.
Облыс орталығынан шалғай жатқан аймақтарда да медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарған. Тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында 9 жылжымалы медициналық кешен қызмет атқаруда.
2025 жылы негізгі медициналық көрсеткіштер жақсарған. Мәселен:
• жалпы өлім-жітім 1,5%-ға төмендеді;
• нәресте өлімі 26%-ға азайды;
• жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім 3,3%-ға төмендеді;
• онкологиялық аурулардан өлім 5%-ға қысқарды;
• туберкулезден өлім екі есе азайды.
Қуантарлығы , медицина қызметкерлерінің тапшылығы екі есеге азайды.
«2025 жылы 183 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың бір бөлігі жергілікті грант арқылы білім алған.Әлеуметтік қолдау шаралары аясында медицина қызметкерлеріне біржолғы төлемдер берілді. 2026 жылы бұл қолдау жалғасады»,-деп қорытындылады облыстың бас дәрігері Ержан Сүлейменов.


