Қазақстан халқының мақтанышына айналған Балтағұл Ерсін Мүсілімұлы тарихта алғаш рет Жапонияда өткен императорлық кубогының көшбасшысы атанды.
Еліміздің абыройын асқақтатып жүрген Сумо күресінің білекті балуаны бұған дейін де бірқатар жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінгені бәрімізге белгілі.
Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға сүйенсек, «кіл мықтыдан кім мықты?» болатынын анықтау мақсатында ұйымдастырылған «тоғыз тур» қорытындысы бойынша ол турнирлік кестеде көш басына шықты. Ерсін – қаңтар айында өтіп жатқан бәсекеде бір де бір жеңіліс таппаған жалғыз балуан.
Қазақтың мақтанышы 26 жасында жоғары лигада өнер көрсетуі әркімнің басына қона бермейтін бақ десек ақиқаттан алшақ кетпейміз. Ерсінің бұл жеңісі барша қазақ халқының, оның ішінде балқаштықтардың мақтанышы. Өйткені жапон күресін жетік меңгерген балуанның бақ дарыған Балқаш топырығынан өсіп-өнгені біз үшін биік мәртебе.
Қазақ халқы ежелден бері – «Еш нәрседен қай-мықпайтын жүректі жігітті батыр, алысқанын алып ұрған білекті ерді балуан» деп олардың жеңісімен әркез мақтанып, марқайып жүретін болған. Ерсін де біздің мақ-танышымызға айналған жерлесіміз.
Білекті балуан жат жерде жүрсе де оның жүрегі «туған жерім, Атамекенім» деп соғатыны айдан анық. Ерсіннің бағындырған әрбір биік белестері бізді жігерлендіреді. Алыста жүрген жерлесіміздің жеңісіне бірге қуанып, жұлдызының жарқырай беруіне тілектес болайық, ағайын!
Өз тілшімізден.