РЕСПУБЛИКА КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

b4f41d65-5ef6-440b-8545-5d83687de355.jpg

25 қазан Республика күні мерекесіне орай аудандық Мәдениет үйінде «Мәңгілік жаса, тәуелсіз елім-Қазақстан» тақырыбында мерекелік концерт болып өтті.

 Аталмыш шарада аудан әкімі Азат Құтпанбетов сөз алып аудан халқын еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтады.

Аудан басшысының құттықтауынан кейін кезек мара-паттауға ұласты. Ауданның дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлері - Жоралы Аяпбергеновке, Бекен Басшыбаевқа, «АBM Group» компаниясының құрылтайшысы Азамат Молдақасымовқа, «Іле-Балқаш» МТР мекемесінің бас директоры Қанат Қожабековке және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бөлім басшысы Ермек Сқақовқа ауданның Құрметті азаматы атағы берілді.

Сонымен қатар еңбек ардагері Қанат Ақылбековке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табысталса, Топар ауылдық округінің әкімі Қуат Нұрғожаев Алматы облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ аудан көлеміндегі мекеме-ұйымдарда еңбектің көрігін қыздырып жүрген бір топ азаматтар мен азаматшаларға аудан әкімінің «Алғыс хаттары» табысталды.

Марапаттаудан кейін аудан өнерпаздары сахна төрінде әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, мерекелік шараның көрігін қыздыра түсті. Жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарламада Бақанас театрының әртістері тәуелсіздік жайында тарихи көрініс көрсетті.

Осылайша 25 қазан - Республика күніне арналған мерекелік шара бақ дарыған Балқаш топырағында думанды дүбірге бөлеп өтті.

Республика күні - ол Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланып, ата - бабаларымыздың аңсаған азаттығына жол ашқан өзіндік ерекшелігі бар тарихи мейрам. Бұл мерекені атап өту, осы елде тұрып жатқан барша отандастардың қуанышы. Айтулы мейрамның орны бір бөлек. Шаттыққа толы мерекенің мәртебесін өскелең ұрпаққа ұлықтау - бүгінгі аға буын өкілдерінің азаматтық борыштары деп білеміз.

  

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр