АЭС салудың ел болашағы үшін маңызы қандай?

Фото: kursiv.media архивінен

6 қазанда елімізде референдум өтеді. Оның аясында халық Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Ал бұл тақырып өте маңызды.

Атап айтқанда, экономика, экология, ғылым және т.б. күнделікті өмірімізге тікелей әсері бар көп саланы қамтиды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа арнаған жолдауында бұл мәселе бойынша анық айтты:

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еліміздің әр өңірінде орналасқан өндіріс орындары, бизнес объектілері, тіпті ауыл шаруашылық құрылымдары – ел экономикасының драйвері. Әрі халқы көп елдімекендерде, округтерде жыл өткен сайын жаңа нысандар ашылып, кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Дегенмен қандай да бір өндірісті бастау үшін инфрақұрылымдық жүйелер қажет. Оның қатарында электр қуаты да бар.

Мамандардың есебінше, елімізде электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3-4%-ға артуда. Ал бүгінде оны өндіру ісінде көмірдің үлесі көп. Атап айтқанда, электр қуатының 70%-дан астамы осы қатты отынның көмегімен алынады екен. Демек ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да мөлшері аз емес. Нақты айтқанда, улы заттар қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Сондықтан дамыған және дамушы елдер атом энергиясын жандандыру жұмысын жалғастырып жатыр. Тіпті оны «жасыл энергия» көзінің қатарына қосты. Себебі қоршаған ортаға залалы аз, ал экономикаға тигізер пайдасы мол.  Бастысы, АЭС-тен электр қуатын тұрақты түрде алуға болады. Ол күннен, желден өндірілетін энергия секілді табиғаттың құбылысына байланысты емес. Күні-түні және сенімді түрде алынады. Әрі АЭС-ке қажетті отын – уран қоры өзіміздің жерімізде мол.

Бұдан бөлек, атом энергетикасы отандық ғылымның дамуына да зор серпін бермек. Медицина, ауыл шаруашылығында да қолдануға болады. Бұл бағыттағы ғалымдарымыздың жетістігі әлемдік ғылыми ортада да мойындалған.

Атом электр станциясы мыңдаған адам үшін жұмыс орны. Мамандардың айтуынша, бір АЭС салу үшін кемінде 8-10 мың адам құрылысқа тартылады. Іске қосылған кезде ғылыми қызметкерлерді қоса алғанда, екі мың азамат тұрақты еңбек етеді. Қарап отырсақ, бұл саланың еліміз үшін тиімді тұсы өте көп. Ең негізгісі, орын алып отырған мәселе – электр қуатының аздығын жоймақ. Әрі қуат көзін өзге мемлекеттерден тасымалдамай, өзіміздің энергетика саласындағы тәуелсіздігімізді де бекемдей түсері анық.

АЭС салу бойынша 6 қазанда өтетін референдумға қатысып, таңдау жасау – баршамыздың парызымыз. Себебі бұл еліміздің болашағы үшін аса маңызды. 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр
  • Алматы облысы: «109» бірыңғай байланыс орталығы 12 мыңнан астам өтініш қабылдады