Абай: «ИМАН САҚТАУҒА-қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек»
Абай Құнанбайұлын ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы ғана емес, өз көзқарасын Исламға таяна отырып, орыс және Еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор болды десем артық айтқандығым емес. Сонымен қоса, Абай қарасөздерімен халықты ақ пен қараны ажыратуға тәрбиелеп, адамгершілікке және имандылыққа шақыра білген ұлы ақын. Осы орайда, Абай өз туындыларында Ислам дінін иман келтірумен тікелей байланыстыра білді. Бұған Абайдың «Он үшінші», «Отыз сегізінші» қарасөздері және өлеңдері-анық дәлел болып табылады.
Абайдың азан шақырып қойған шын аты Ибраһим болғанымен, оны әжесі бала күнінен «Абай» деп еркелеткен. Кейіннен осы атпен елге танылған ақын бала күнінде «Ахмет Риза» медресесінде дәріс алып, хат таныды. Айта кететін жайт, халқымыздың тұғырлы тарихына көз жүгіртер болсақ, қазақ зиялыларының көпшілігінің діни сауатты болғанын анық байқауға болады. Ал, өз шығармаларында Ислам дініне мойынұсына отырып, адамдардың дінге және Аллаға деген көзқарасын адамгершілік, имандылық сынды қасиеттермен дәріптеген Абай Құнанбайұлының теология саласына қосқан үлесі тіптен зор.
Мұны ұлы ақынның «Ғылым таппай баптанба» атты өлеңінде-ақ, адамзатты иманға шақырғанын, сондай-ақ иман жолында бойына жақсы қаиеттерді жинауды, өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ сынды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады. Мысалы:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой -
Бес асыл іс, көнсеңіз-деп, жастарды осындай игі қасиеттерге шақырады.
Және Абайдың мына өлең шумағынан:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп
Және хақ жолы осы деп әдiлеттi»-деген өлең жолдары соның дәлелі болса керек-ті. Бұл өлең жолдарында ақынның барша адамзатты Алланы сүюге шақырғанын және бұл жолды Хақ жолы деп нақты көрсеткенін аңғарамыз. Сондай-ақ, төмендегі өлең шумақтарында ұлы ақын иманның тек тілде ғана емес, істе, амалда екенін алға тартады:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.
Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін»,- деп жырлайды ақын.
Абай өз заманының сыншылы да болды. Ол сол кезеңдегі дінбасылар мен діни надандықты сынады. Дінге деген кертартпа көзқарас белең алған тұста Абайдың қарасөздерінде қаншама діни ғибратты ойлар мен әңгімелер айтылған десеңізші?..
Мысалы, «Он үшінші қара сөзінде» иманға ерекше сипаттама берген ғұлама «Әуелі-не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел-испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек»,-дейді.
Абай иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен немесе елге жақсы көріну ниетімен келуді құптамайды. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екенін алға тартады. Адамның барлық қайғы мен тауқымет, азаптарын сол иман мен оның жалғандығымен түсіндіреді.
Абай «Отыз сегізінші қарасөзінде»: «Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек. Сіз «Әмәнту биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уасифатиһи» дедіңіз. Ол есім аллалар һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ-дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин. Бұл сегізінен алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә аттас сипатымызды ол алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол-алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ, бізге мағрифатулла қиын болады. Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмады. Алла тағала - өлшеусіз, біздің ақылымыз-өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те - ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың ішінде не нәрсенің ужуді бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске айтылатұғын бір қадимге тағриф болмайды. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам алла тағаланың ішінде, құдай табарака уатағала кітаптарда сегіз субутия сипаттары бірлән, уә тоқсан тоғыз Әсмаи хұсналар бірлән білдірген. Бұлардың һәммасы алла тағаланың затия субутия уә фиғлия сипаттары дүр. Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі-ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы-бұларға шарх. Ол алтауының бірі-хаят, яғни тірлік» дейді. Яғни, ақын бұл қарасөзінде Алланың құдыретінің шексіз екендігін, Алла тағаланың өлшеусіз екендігін айтса, ал адам ақылының өлшеулі екендігін баса айтқан. Сонымен қоса, ол осы қарасөзінде дін исламның жолындағы пенделердің әуелі иманның ақиқатын неде екендігін білу керектігін және Алла тағаланың ұлық екендігін айта келе, Алла тағаланың сипаттарына да тоқталады. Әсіресе, иман мен сенімді, ғылымды байланыстырып, адамзатқа жақсылық жасауды насихаттайды.
Биыл-Абай Құнанбайұлының туғанына-175 жыл толады. Осы орайда, біз Абайды жас ұрпаққа үлгі-өнеге етуді бір сәткеде тоқтатпауымыз керек.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Балқаш өңірі».