Әл-Фараби мен Абай шығармаларындағы
рухани үндестік
Алтынай СЕЙТКЕН, «Балқаш өңірі».
Ислам діні-адамзатқа ізгілікті насихаттап, мейірімділік құндылықтарды үндейді. Басқаның басындағы қиындыққа ортақтасып, жәбір көргендерге жанашыр болуды насихаттайды. Ең бастысы, өмірдің барлық саласын қамтып, адамзатқа туралық көрсететін сара жолды нұсқайды. Айналасындағыларға аманатпен қараған мұсылман бар жақсылықтың кілті, һәм бастауы. Өзгенің ісін өзінің қажетінен жоғары қоя отырып, адамдардың алғысынан Алланың разылығын артық қою ықыласты мұсылманның сипатынан екенін көреміз.
Жалпы, жақсылық пен ізгілікке шақыру Алланың әмірі. Құранда: «Сендерден жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын бір топ болсын» деп жақсылықты жерде таратудың маңыздылығын баса назарға алған.
Иә, жақсылықтың жаршысы болу-әр мұсылман адамға тән сипат болуы тиіс. Өзгеге жақсылық жасай алмаған адам өзін де жақсы көрмейді. Оның жасаған құлшылығы да қабыл бола бермейді. Сондықтан асыл дініміздің осы бір өнегесін кеңінен насихаттаудың астарында шынайы мұсылмандықтың жақсы мінез сипаты көрініс табады.
Осы орайда Ислам дәуірі әдебиеті мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясы арасындағы көркемдік дәстүр байланысын сөз етер болсақ, кез келген халық әдебиетіндегі салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымыз, дінге деген сенім мен ана тілге деген құрметтің тұғырлы тарихымыздан бастау алатыны сөзсіз. Халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихының өзін ең алдымен ақыл-парасатпен байланыстырамыз. Мәселен, әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-этикалық ой-тұжырымдары өзінен кейінгі дәуірлердегі ойшыл қаламгерлердің шығармаларынан өзінің дәстүрлі жалғастығын тапқан. Ол өзінің «Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында» деп аталатын зерттеуінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасай келе, оны «потенциалды интеллект», «актуалды интеллект», «жүре келе дарыған инттелект», «әрекетшіл интеллект» сияқты философиялық категорияларға бөліп-бөліп талдайды. Әл-Фараби «жүре келе дарыған интеллект» туралы айта келіп, адамның туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллектің өзі жүре келе, естіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді.
Әл-Фарабидің осы бір интеллект жөніндегі философиялық ой-тұжырымын араға тоғыз ғасырдай уақыт салып, қазақ қауымының жаңа тарихи жағдайында ұлы ақын Абай Құнанбайұлы зор білгірлікпен жалғастыра түскен сияқты. Мысалға, Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде»: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің сөзін естіп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады»,-деп жазады. Сондай-ақ, Әл-Фарабидің ғылым-білімді меңгерудегі интеллект рөлі жайындағы философиялық тұжырымын Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде» мейлінше айқындай түскен. Абай өз ойын: «ғылым-білімді әуел бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады»,-деп тұжырымдайды. Әл-Фараби өзінің жоғарыда аталған еңбегінде «жан қуаты» жөнінде қолданған ұғымдар мен термин сөздер сол қалпында Абай қара сөздерінде қайталануы кездейсоқ құбылыс емес, Әл-Фараби: «Ақыл-парасат күші-адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» деп көрсетеді.
Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек-басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес»,-дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда «ғылым» бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің: «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман»,-депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты: «Жаратқан тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да-бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның-екеуінің де сүйенгені, сенгені-сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман »,-депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де «Жүрекке» билет,-деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен.Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы»-депті деген қорытындыға келеді.
«Жақсы сөз-жарым ырыс» делінеді қазақ даналығында. Біз жақсы істі көбірек насихаттап, оның ұлағатын өнеге етуіміз керек. Мейірімділік пен ізгілік адамды жақсылыққа жетелеп, ең алдымен өзгенің қам-қарекетін көбірек ойлауға талпындырады. Басқаға пайдалы болудың астарында да осы құндылықтар жатыр.
Әрбір халықтың тарих тұғырнамасында қайталанбас жандардың болатыны анық. Ал, араға біраз уақыт салып Ислам дәуірінде дүниеге келген Әл-фараби мен Абай Құнанбайұлының шығармаларының рухани үндестігін осындай тағылымды туындыларынан анық байқауға болады. Әр заманда дүниеге келіп, ғұмыр кешкен қос тұлғаның адамзатты жақсылық жасауға, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, білімді болуға жетелегені хақ. Олардың жас ұрпаққа қалдырған өнегелі шығармалары-қазақ халқының мәңгілік рухани мұрасы болып қала бермек.