AMANAT партиясының депутаттары жол сапасы мен инфрақұрылымдағы қауіпсіздік мәселелерін көтерді
Алматы облысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың жағдайы қоғам тарапынан жиі сынға ұшырап келеді. Жолдардың жарықтандырылмауы, қоршаудың болмауы, ескірген өткелдер мен күтімсіз учаскелер – мұның барлығы тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да кері әсер етуде. Осы түйткілді мәселелер облыстық мәслихаттағы AMANAT фракциясының отырысында талқыланды. Депутаттар жауапты мекемелерден нақты шаралар мен жүйелі бақылау талап етті.
Фракция мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бақыт Атайбеков республикалық трассалардағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауын сынға алып, бұл жағдайдың салдары кімнің мойнында екенін ашық сұрады.
«Жол бойында адам қаза тапса, жауапкершілікті кім мойнына алады? Трассаның екі жағы да қоршалуы тиіс. Біз бұл жолдарға ақы төлеп отырмыз. Көп елдерде мұндай жолдар толық қоршалады. Ал бізде мал өліп жатса, иесін соттайды. Алдымен жол иесін жауапқа тарту керек шығар? Жол бойы қараңғы, жарық жоқ. Бұл республикалық жол. 25 жылдық кепілдікпен салынған. Сонда бұл кепіл кім үшін, не үшін берілді?» – деді депутат.
Мәселеге қатысты жауап берген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Абзал Көкталұлы бірқатар жобалардың қолға алынғанын атап өтті.
«Алматы–Қонаев, Өскемен–Алматы және Алматы–Хоргос бағыттарындағы жолдарға жарықтандыру мен қоршау орнатуға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Бұл жұмыстар ақылы жолдардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, өткен жылы облыста жалпы ұзындығы 172 шақырым автожол пайдалануға берілді. Оның ішінде Шамалған станциясын айналып өтетін жолдар бар. Ал биыл 109 шақырым жолда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Ұзынағаш–Атар – 42 шақырым, Күрті–Қонаев – 62 шақырым», – деді ол.
Облыс аумағында күре жолдардың бойында 150-ден астам жол өткелі мен көпір, 1525 шақырым қоршау және 121 шақырым жасыл желек орналасқан. Алайда олардың көпшілігі ескірген және техникалық күтім мен жаңғыртуды қажет етеді. Осыған байланысты 2025 жылы жолдарды күтіп ұстауға арналған 16 арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар жол өткелдері мен көпірлерді жөндеуге биыл 5,6 млрд теңге бөлінген.
Жол сапасын бақылау бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Алматы облыстық филиалы да өз есебін ұсынды. Филиал директоры Ерболат Көштаевтың мәліметінше, 2024 жылы 23 автожол жобасы мен 199 көше-жол желісі тексерілген. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 1085 сынама алынған, оның 28 пайызы құрылыс нормаларына сай келмеген.
Фракция отырысында AMANAT партиясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Рүстем Өтембаев та Қарасай ауданындағы облыстық маңызы бар жолдардың ахуалына қатысты мәселе көтерді.
«Іргелі ауылдық округіне қарасты Көксай, Іргелі және Кемертоған ауылдарындағы облыстық маңызы бар жолдарға соңғы үш жылда ешқандай күтім жасалмаған. Жолдар күрделі жөндеуді қажет етеді, тротуар мүлде жоқ. Жолдарға жауапты мекеме – ТОО «Деполь» қаржы алып отырғанымен, жұмыс жүргізбей отыр. Бұл жағдай неге бақылауға алынбай отыр және нақты қандай шаралар қабылданбақ?» – деді ол.
Бұл мәселеге байланысты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аталған елді мекендердегі жолдардың техникалық жағдайын зерделеу мақсатында жақын күндері мониторинг жүргізілетінін хабарлады.
Отырыста қозғалған мәселелер бойынша AMANAT фракциясы жауапты органдардан сапаға бақылауды күшейтуді, нақты жауапкершілік жүйесін енгізуді талап етті. Депутаттар барлық көтерілген проблемаларға қатысты тиісті ведомстволарға ресми сауалдар жолданатынын жеткізді.