2025 жылдың 9 айында Алматы облысында табиғи монополиялар саласында бірқатар қызмет түрлеріне тарифтер төмендеді. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Утегенова Гүлмира өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
1 қазаннан бастап «Қонаев су арнасы» МКК бойынша халық үшін ауыз су тарифі 87,36 теңгеден 76,25 теңгеге дейін, ал су бұру қызметі 79,12 теңгеден 66 теңгеге дейін төмендеген. Бұл – тиісінше 12,72% және 16,51% төмендеу деген сөз.
Сондай-ақ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ филиалы бойынша тұрғындар төлейтін электр энергиясының орташа тарифі 11,61%-ға төмендеп, 35,67 теңгеден 31,53 теңгеге азайды.
"Тарифтерді төмендету арқылы халыққа түсетін салмақ жеңілдеді. Бұл – реттеуші орган қабылдаған нақты шешімдердің нәтижесі," – деді Гүлмира Утегенова.
Жыл басынан бері департаментке тарифтерді бекітуге 283 өтінім түсіп, оның 69-ы мақұлданған, 180 өтінім қабылданбаған. Қалған өтінімдер қаралу үстінде.
"Біз тарифтерді реттеумен қатар, заң талаптарының орындалуын да бақылауда ұстаймыз," – деді спикер.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 5 жоспарлы тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 23,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Айыппұлдардың 9,4 млн теңгесі бюджетке өндірілді. Заңбұзушылықтарды жою туралы 4 нұсқама енгізілген.
Баспасөз мәслихатында спикер сонымен қатар энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту бағытында іске асырылып жатқан жобаларға да тоқталды. 2026 жылы «Қонаев су арнасы» желілерін жаңартуға 2,4 млрд теңге, ал 2027 жылы «Жылу орталығы» бойынша 1,5 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінуі жоспарланып отыр.
"Біздің мақсат – тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және тұтынушылар үшін қызмет сапасын арттыру," – деді Утегенова Гүлмира.