«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өз жалғасын табуда. Акцияның атауы айтып тұрғандай, оның мақсаты – азаматтарды өз қаласы мен ауылын, ауласын таза ұстап, көшет отырғызуға үндеу болып табылады.
Осы бағытта «Таза бейсенбі» акциясы аясында аудан көлеміндегі барлық ауылдық округтерде әр аптаның бейсенбі күндері тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, өз үлестерін қосуда.
Апта сайын ұйымдастырылып жатқан сенбіліктің басты мақсаты – ауыл ішінің тазалығын ретке келтіру, оны ең жақсы экологиялық таза ауылға айналдыру, жастарды еңбекқорлыққа тәрбиелеу болғандықтан бұл шараға аудан тұрғындары біркісідей атсалысуда.
Тазалық жұмыстары әр аптаның бейсенбі күні тұрақты түрде атқарылып жатыр. Бірақ сол бүгін тазаланған жерлер келесі аптада қайтадан баз қалпына келіп, әдеттегідей тазалау жұмыстары жасалынады. Сонда ол жерлерді кім ластап кетеді десеңші?
«Тазалық-табалдырықтан басталады», сондықтан қорша-ған ортаның тазалығына жауап-кершілікпен қарау әр азаматтың басты міндеті.
Ауыл тазалығы сол ауылда тұрып жатқан әр тұрғындарға тікелей байланысты. Ауылға келген қонақ алдымен ауылдың көркем табиғатына, тазалығына қарап, ауыл азаматтарының ау-ызбірлігіне баға береді.
Тәуелсіз мемлекетіміздің күн санап дамып, өсіп - өркендеп келе жатқан тұрмыс-тіршілігіне қуана қараймыз. Өркениетке қадам басқан еліміздің дамуы қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Дүкен сөресінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы арнайы қораптарға салынған. Ал дүкенге барған тұтынушылар дүкен сөресіндегі керекті азық – түлікті сатып алған соң оның сыртына оралған қағазы мен сусындар құйылған ыдыстарды кез – келген жерлерге тастай салады. Ең алдымен ауыл тазалығын ластайтын осы тұрмыстық қалдықтар. Тіпті, кейде екі-үш жігіт тасалау жерде бас қосып сыра ішсе немесе екі-үш бала дүкен алдында балмұздақ жеп, шырын ішсе соның өзі ауылымызды ластауға жетіп жатыр. Өз үй-жайларының айналасындағы күл-қоқысты кө-ше шетіне шығару өз алдына бөлек әңгіме.
Дана халқымызда «Ауылына қарап азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, өскелең ұрпақтың дені сау болсын десек, айналамыздың таза тұруына баршамыз атсалысайық, ағайын!
Өз тілшімізден.