Құнарлы топырағынан өнер тарландары көптеп шыққаны қалың елге аян Қарой жұртшылығы ауылдың атын шартарапқа жайған өнер тарландарымерн орынды мақтан етеді. Өз өнерлерімен ауылдастарын тамсанта білген кешегі өткен алдыңғы буын аға - әпкелеріміз бен аналарымыз- өлең айтса дауысы екі күндік жерге жетер, айтысқа түссе жанынан суырып салар ақындығы бар Ақжүніс апамыз, Қаройдың қос Күләші атанған, Гәккуді шырқағанда Күләштен кем түспейтін Қазтай Зікірбайқызы мен Күләш Әмірқызы, жастайынан ауылдың әнші қызы атанып, облыстық, Республикалық жүлделердің алдын бермеген күміс көмей әнші Дина Өтелқызы, сахананың сәні болған Әскеркүл Исабекқызы, баянның құлағында ойнағанда алдына жан салмайтын виртуоз Бітім Ыстыбаев, Әділ Халықұлы, Ақан Кәдірұлы, ауыл сахнасының көркі болған Арынбай Маралбеков, Жеңісбек Бейсенбаев, Қайырғали Бурабаев секілді өнерпаз жандардың шырқата салған әсем әндері мен күмбірлете тартқан күйлері әлі күнге дейін тыңдарман қауымның есінде болар.
Міне, осындай өнерпаз қауымның ортасынан шығып, сол аға буын дәстүріне адалдық танытып келе жатқан ауыл өнерпаздарының көшбасшысы, ауыл мәдениетінің шамшырағы Ақан Арыстанбекұлы Жолды-баевтың да қиындығы мен қызығы қатар жүретін осы салада еңбек етіп келе жатқанына да табаны күректей қырық жылдан астам уақыт болыпты.
Өзінің туып өсіп, кіндік қаны тамған Қаройының мәдени өмірін дамытуда еңбегі бір кісідей сіңсе осы Ақан бауырымыздың еңбегі сіңген шығар. Өзінің еңбек жолын сонау – 1977 жылы «Үлгілі» орта мектебін бітірген соң Қарой ауылындағы құрылыс учаскесінде қатардағы құрылысшы болып бастаған Ақан, Алла берген дарыны мен талантының арқасында мәдениет саласының майталманы болып шықты. Оған ол бірден қол жеткізген жоқ. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дегендей туа біткен өнерге деген талабы оның бойында Беларуссия жерінде екі жылдық әскери борышын өтеп жүрген кезінде де өз көрінісін тапқан болатын. Әскерде оның әртүрлі саздық аспаптарға әуестігін байқаған әскери бөлім басшылары өнерінің одан әрі өркендеуіне өріс ашқан еді. Әскерден соң туған жеріне оралып, «Қарой» совхозының Архар елді мекенінде ұзақ жылдар киномеханик болып еңбек етіп, өзінің өмірлік серігі болған өнер өлкесіне бірқадым болса да жақын жүрді. Елді мекеннің шағын клубында кино сеансы біткен соң ауыл жастары би кешін ұйымдастыруды өтініп тұратын. Осы би кештерін ұйымдастырып, арасында өзі де гитараға, домбыраға қосылып ән шырқап, өз өнерін ұштай түсуі алдағы өнер жолының бастауы іспетті еді.
1986 жылы «Қарой» совхозы кәсіподағы төрағасы-ның ұйғарымымен өнер-паз жас Қарой клубының меңгерушілігіне тағайындала-ды. Абыройымен қатар қызық- шыжығы бірге жүретін ауыл клубында меңгеруші болып совхоз тараған 1996 жылға дейін табаны күректей он жыл мінсіз қызмет атқарады. Тәжірибесі толысып, артта қалған ауыл мәдениетін көтеруде бір кісідей атсалысқан Ақанды «Үлгілі» орта мектебінің басшылығы мектеп оқушыларына ән- күй сабағынан дәріс беріп, әсем әнмен, күмбірлеген күй өнерінен өзінің білгенін енді болашақ ұрпаққа үйретуді өтінеді. Сөйтіп Ақанның мектептегі оқу - ағартушылық жұмысы басталады. Музыканы жан - тәнімен түсінетін, оны тек кәсіп деп қана ойламай оның адам жанына қуат- күш беретінін, музыканың тереңнен тартар сырының тұңғиық әрі, жан -жарасын емдейде білетін қадір- қасиетін өз шәкірттерінің санасына құя білуде Ақан көп тер төгіп, еңбек сіңіре білді.Осы аралықта ол Тараз қаласындағы Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекттік университетін өндірістен қол үзбей жүріп бітіріп, жоғары білімді маман атанады. Оның осы ерен еңбегін бағалай білген мектеп ұжымының басшылығы мектеп директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары лауазымына жоғарылатады. Өзіне көрсетілген осынау үлкен сенімді зор абыроймен атқарғандығы сондай бірнеше мәрте мектеп директорының, аудандық оқу бөлімі меңгерушісінің Құрмет грамоталарымен марапатталады. Еткен еңбегің жанды деген осы емес пе?!
2007 жылы мектепте мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметінде жүрген кезінде ауыл клубы бірнеше жылдан бері лайықты ғимарат болмай ауыл мәдениеті тоқырап тұрған уақыт еді. Ауылымыздан шыққан аяулы азаматымыз, ауыл жанашыры, сол кезде Алматы облыстық Бюджетті жоспарлау бөлімінің бастығы лауазымында қызмет етіп жүрген Қыдыр Қасымбекұлы Тәжібаев Кеңес кезінде құрылысы басталып, кейін қараусыз қалған екі қабатты ғимаратты ауылдық мәдениет үйі етіп қайта жөндеуге мол қаражат бөлдіріп, айналасы азғана уақыт ішінде іші- сырты сыңғырлаған тамаша мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Енді осы жаңадан пайдалануға берілген мәденит үйіне директорлыққа лайықты адам іздеген кезде аудан әкімінің қолдауымен аудандық мәдениет басқармасы Ақан Арыстанбекұлын Қарой ауылдық мәдениет үйінің директоры етіп тағайындайды. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деген емес пе, Қыдыр Қасымбекұлы өзінің тікелей пәрменімен ауылдық мәдениет үйінің он бір адамнан тұратын штат кестесін бекіттіріп береді. Осылайша ауыл мәдениетін қайта көтеруге құлшына кіріскен Ақан өзіне көрсетілген үлкен сенімді абыроймен орындау үшін бар күш - жігерін аямайды. Жанына қолынан іс келетін, өнерге біртабан жақындығы бар жандарды жинайды. Жоғары білімді музыка маманы тек ауыл шеңберінде ғана қалып қоймай аудан, облыс экономикасы мен мәдениетін көтеруге де өзіндік үлесін қосады. Облыс, аудан көлемінде өтетін мәдени іс- шараларға Қарой ауылдық мәдениет үйі де қалыс қалмай, үнемі араласып, қатысып отырады. Сол кезде облыс орталығы Талдықорған қаласында жыл сайын ауданның мәдени күндерін өткізіп тұру қалыпты дәстүрге айналған еді. Бұл шараның ауқымы өте кең болатын. Ақан басшылық ететін Қарой ауылдық мәдениет үйінің ұжымы жыл сайын осы шараның алғы шебінен көріне білді десек артық айтпаспыз. Бұдан бөлек облыс көлемінде атап өтілетін аудан, қала күндеріне де қатысып, көпшілік көңілінен шығып келеді.
Ақан осы салада қызмет етіп келе жатқан уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже көрсеткен жұмыстарының ішінде «Ауылым- алтын бесігім» атты облыстық дәрежеде өткен байқаудың алар орыны ерекше. Неге десеңіз осы байқаудың бастамасы ретінде алғаш болып ауыл көлемінде өткізіп, шама- шарқын байқап көрген еді. Сондықтан да осы байқауға Ақан басқаратын ұжым аса ыждаһаттылықпен дайындалды. Байқаудың барлық талабынан жақсы баға алған Қарой ауылдық мәдениет үйі қорытындысында жүлделі екінші орынды жеңіп алып, айды аспаннан бірақ шығарған болатын. Ол кезде Алматы облысының он төрт ауданының әрбір ауылынан қатысқан ондаған ауылдық мәдениет үйлерінің арасынан жүлделі орынға ие болу оңай шаруа емес екендігі белгілі. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орынды иемденген Қарой ауылдық мәдениет үйіне музыкалық аппаратура табыс етілсе, Ақанның өзі Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, аудан көлемінде өткізілген мәдени шара байқауларында Қарой ауылдық мәдениет үйі үнемі жүлделі орындарға ие болып, аудан әкімінің Мадақтамаларымен бірнеше мәрте Алғыс хаттарына ие болуы да іскер жігіттің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасы деп білеміз.
Ұйымдастырушылық қабі-леті демекші Ақан өзінің бір сөзінде «Ауылдық мәдениет үйін қабылдап алған бетте бірден қолға алғаным бірнеше жыл тоқырап қалған мәдениет саласын бірізділікке салу болды. Неге десеңіз ауылда өнерпаз жастар көп, баршылық. Солардың басын қосып, ауыл мәдениетін көтеру басты міндет еді. Ол үшін ауылдық мәдениет үйі жанынан түрлі үйірмелер ашып, солардың жұмысын жандандыру күн тәртібіндегі бірінші мәселе болды. Осыларды бір жүйеге келтіргеннен кейін барып, басқа жұмысқа ден қойдық»,- деген еді қай істің де болсын тетігін шебер тауып, үйлестіре білетін өнер иесі. Расында ауылдық мәдениет үйі жанынан алты түрлі үйірмелер ашып, оған сол саланы жақсы білетін, жақсы меңгерген жандарды меңгеруші етіп бекітіп, олардың сол үйірмелерді одан әрі дөңгелетіп алып кетуі үшін бар жағдайды жасай білді. Бұл күнде сол үйірмелер қалыпты жұмыс істеп, аулдық мәдениет үйінің ажырамас бір бөлігіне айналған. Бұдан тысқары құрамында тоғыз адамнан тұратын «Әжелер ансамбілі», «Аталар шежіресі» танымдық клубы , ауылдық кітапхана жұмыс істеп келеді. Мұның бәрі де Ақан Арыстанбекұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен жұмыстың тетігін шебер қиюластыра білгенінің арқасы.
Ақан Қазақ айтатындай сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол Қазақтың қара домбырасынан бастап, гитарада, пионинада шебер ойнай біледі. Оған қоса әншілігі бір төбе. Ал асабалығын айтсаңшы. Ауылдың той - томалағы Ақан-сыз өтпейді. Әзіл- қалжыңы аузынан түспейтін Ақанды ағайын- туыстан тысқары ауданымыздың басқа ауылдары да той басқаруға аттай қалап, сұрап алып кетіп жатты. «Жігітке жеті өнер де аз» деген осындай болар.
Қазіргі таңда аудандағы бірнеше мәдениет үйлерінің көшбасшысы болып келе жатқан Қарой ауылдық мәде-ниет үйінде ауылдың барлық мәдени іс- шаралары күнара өткізіліп жатады. «Ауылына қарап азаматын таны» демек-ші ауыл мәдениетінің басты ұйтқысы болып отырған осы мәдени хұжырада берісі ауданнан, арысы облыс, Республикадан келген әнші, артистер өз өнерлерімен Қарой жұрт-шылығын дән риза етіп қайтып жатады. Ауыл мәдениетінің шамшырағы атанған Ақан Жолдыбаевтың ұзақ жылғы мәдениет саласында атқарған қыруар еңбегі ескерусіз қалған емес. Аудан әкімінің Мадақтама, Алғыс хаттары, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Құрмет грамотасы, Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының Алғыс хаты, Республикалық «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Алғыс хаты, Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталса, үстіміздегі жылы атап өтілген Мәдениет өнер қайраткерлерінің атаулы күнінде «Қазақ өнерінің қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. Бұл да болса оның ұзақ жылғы мәдениет саласында сіңірген еңбегінің қолжеткізген айтарлықтай нәтижесі.
Ауылының ардақты азаматы бұл күнде Құдай қосқан өмірлік жары Нұрлыкүл келін екеуі Алланың берген алтындарын ұясына қондырып, немере сүйіп, ардақты ата, аяулы апа атанып отырған бақытты да бақуатты отбасының иелері. Өнерімен өмірін өрнектеген, ауылына біркісідей еңбегі сіңген аяулы азаматқа айтарымыз алда да алар асуларың биік болсын!
Сағидолла СИҚЫМБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
штаттан тыс тілші.