Жақында Қырғызстан Республикасының астанасы Бішкек қаласында Грек-рим күресінен 2006-2008 жылғы туылған жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты болып өтті. Әлемнің 17 мемлекетінің кіл мықтылары бас қосқан байрақты бәсекеге аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуаны Дамир Сейткерім қатысып, 48 кг салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, чемпион атанды.
Ақдала ауылының тумасы Дамир Мархабатұлының жеңісіне шын жүректен қуанған аудан тұрғындары Бақанас ауылына кіреберіс демалыс орнынан күтіп алып, спортшыға құрмет көрсетті.
Әлемдік додада жауырыны жер искемеген балғын балуанға құрмет көрсету барысында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев ақ батасын беріп, аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, спортшыны туған жеріне қошеметпен шығарып салды.
Ал осы кезде Ақдала ауылына кіреберіс көше бойында чемпионның жерлестері жиналып, тағатсыздана күтіп тұрған болатын-ды. Әлемдік сайыста жеңіс тұғырынан көрініп, тәуелсіз мемлекетіміздің абыройын асқақатқан Дамирдың жүлдесіне дән риза болған ақдалалықтар шашу-шашып, қуана қарсы алды. Ақдала ауылдық Ақсақалдар ұйымының төрағасы Бекен Шыбықбаев ақ батасын берсе, чемпионның құрметіне ән шырқалып, жыр шумақтарын арнап, көрімдіктерін еселеп, тілек білдірушілердің де қатары көбейе түсті.
Ауыл тұрғындарының мақтанышы болған Дамир Сейткерімнің осындай жетістікке жетуіне сүбелі үлесін қосқан оның жаттықтырушысы Назтай Мейрамбекке алғыс айтушылар қатарында Ақдала орта мектебінің ұстаздары «Біздің тәлім-тәрбиемізді алған оқушылар» деп мақтанышпен айтып жатты.
Ал келесі күні әлем чемпионы Дамир Мархабатұлы мен оның жаттықтырушысы Назтай Бақтығалиұлын аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азат Құтпанбетов жұмыс кеңсесінде қабылдап, спортшыларға құрмет көрсетіп, Алғыс хатпен марапаттап, сыйақы табыстады.
Азат Үкітайұлы спортшыларға құрмет көрсету барысында оларға өзінің ризашылығын білдіріп, алдағы жарыстарда жеңіске жетулеріне тілектес болып, оларға мықты денсаулық тіледі
Өз тілшімізден.