ӨТКЕН КҮННЕН БІР БЕЛГІ

           серік.jpg

         Әлi есімде 1992 жылы иі-сі  қазақтың пір тұтар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев-тың 80 жылдық мерейтойы Ленин атындағы орта мектепте (қазіргі Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназия. Автор.) аталып өтті. Ол уақытта аудандық партия комитетінде Жеңісбек Досқараев бөлім бастығы қызметін атқаратын. Бір уақытта алдымдағы телефон шыр ете қалды. Телефон тұтқасын көтер-сем Жеңісбек аға екен. «Тез арада маған келіп кетші» деді.

    Ол уақытта «Райком шақырып жатыр» дегенде жүрегіңді қолына ұстап баратынсың. Мен де сондай көңіл-күйді бастан өткердім. «Неге шақырды екен»? Бір нәрсе бүлдірдім бе, әлде жұмысымнан ши шықты ма?» деп ол кісіге барғанша қобалжыдым. Сөйтсем, ол кісі көңілді отыр екен. Салған бетте: «Әй, күйеубала, жібі түзу костюм-шалбарың бар ма?» дедi. Мен де жауабымды қалжыңға сүйей «Ел қатарлы киіміміз бар ғой» дедім. «Онда сен сайлау өткізілетін бөлмеңді тазалап қой! Ол жерге Димаш ата сырт киімін шешеді» деді.

    Шыққан бетте мектепке барып, мектеп басшысына жолығып жағдайдың мән-жайын түсіндірдім. Ертеңіне Димаш ата жанына жолдасы Атымтай Қисанов пен Ізбасар Балтағұловты ертіп келді. Сонымен қатар қазақтың әнші қыздары Мәдина Ералиева мен Майра Ілиясовалар да осы қатарда болды.

Торқалы той да басталып кетті. Мен болсам әлгі бөлменің есігін бекітіп, сыртында жүрдім. Осы жерде кейбір мекеме басшылары «бөлмеңді ашып, атаның киімін киіп көрейікші» дейді. Ал мен болсам оларды жақындатар емеспін. Ол уақытта норка шәпкi мен тондар жаңадан шығып жатқан кез болатын.

    Осындағы жігіттер тағы да маған қолқа салды. Амалсыздан келiстім. Бірақ біреулер келе жатса, белгі бересіңдер деп есіктің алдына бір адамды қарауыл ғып қойдық. Бір таңқаларлық жағдай, сiзге өтірік, маған шын Димаш атаның тоны мен шәпкiсi ешкімге шақ келмеді. Бәрiне үлкен болып шықты.

Затында Димаш атамыз еңсегей бойлы, зор денелi кiсi еді ғой. Сол алып денесіне сай адамгершілігі мен кісілігі де мол болатын. Қазақтың пір тұтар тұлғасының киімін өз қолымен ұстағанымды өзіме әрдайым бақыт санаймын. Сондықтан да осы бір оқиғаны естелік ретінде жазып, сіздердің назарларыңызға ұсындым.

     Өрт сөндіру мекемесінде 28 жыл қызмет жасадым. Ол уақытты жыл сайын «Қапал-Арасан» санаториясына барып емделетінмін.

   1993 жылы тағы да сол жаққа жол түсті. Осында Димаш атамызда демалып жатыр екен. Бір күні аулаға шықсам демалушылардың барлығы «Димаш атамызбен бір-ге суретке түсеміз» деп апыр-топыр жүгіріп барады екен. Мен де қарап тұрмай, сол дүрмекке ілестім.

    Біз барғанда жанында құрда-сы әрі жолдасы, екі мәрте Социа-листік Еңбек Ері Головацкий бар екен. Бәріміз жаппай суретке түсіп жатыр едік. Бір кезде Димаш атамыз «облыс-облыс бойынша суретке түсейік» деді. Елдің бәрі түсіп болғанда «енді кім түседі?» дегенде Димаш ата-мыздың жанына жетіп бардым. Ол кісінің «қайдан келдің?»  деген сұрағына «Балқаш ауданы, Бақанас ауылынан келдім» деп жауап қайтардым. Сонда Димекең «Тілеулес Ардабаев әлі бірінші хатшы ма?»  деп сұрады. Мен «ия» дедім. Жеке дәрігері «күнге қарсы болмайды» деген соң ортаға орындық әкеліп, Димаш атамыз бұл жолы отырып түсті. Бұл бейсенбі күні болатын.

     Сенбі күні таң-ертең ерте тұрып әдетімізше бақты аралап жүретінбіз. Далаға шықсам есік алдында екі кісі жылап тұр екен. «Не болып қалды?» деген сұрағыма, «осылай да осылай Димаш ата қайтыс болыпты» деді. Біреу жүрегіме қанжар сұғып жібергендей жүрегiм шым-шым-дап қоя берді. Әлгі кісілерге мен де қосылып ағыл-тегіл жыладым.

    Асылы адам баласы өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында көп нәрсені көріп, содан ой түйіндейді екен.Мен де осы жасқа келгенше көп нәрсені көрдім. Соның бірі-бір адамның қазасына бүкіл халықтың қабыр-ғасы қайысып, қара жамылуы. Біріншісі – ол 1953 жылы «Сталин қайтыс болды» дегенде, ал екіншісі — Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ауыр қазасында елдің егілгенін көрдім. Алдыңғысында бес жаста болсам, кейінгісінде ақыл тоқтатқан шағым болатын. Бұл екі оқиға әлі күнге дейін көз алдымда сол қалпында тұр.

                 

                                               * * *

      Осыдан бірнеше  жылдар бұрын Наурыз мерекесі аудан орталығында өтіп жатқан болатын. Мерекелік шараның қызығына бөленіп жүргенімде сол кездегі аудандық Орталық аурухананың бас дәрігері Ринат Мұратбаев алыстан қол бұлғап «Серік аға бері келіңізші. Сізге айтар шаруам бар» деп қошемет-құрмет көрсетіп, қасына шақы-рып алды. Сәлем-саулықты сұ-расып алғанан кейін, ол бірден шаруасын айта бастады. Сондағы шаруасы менің Димаш атамен «Қапал-Арасан» санаториясында түскен суретімді көріпті. «Сол суретті  үлкен картинка етіп шығарсам бола ма?» деп өтінді.

           Мен бұл сауалға сәл ойланып, енді реті келсе өзің көресің дедім. Арада біраз уақыт өткен соң  Ринат інім әлгі суреттің көлемін үлкен етіп, картина жасап алып келді.

           Ал енді бұл жұмыстың қаржы мәселесі қалай болды? дегенімде «өз мойныма аламын» деп жауап берді. Сол сәтте айналада тұрған адамдардың бәрі  «Серік аға мына суретті аудандық тарихи-өлкетану музейіне қойсақ, музей-ді аралаған қонақтар көреді ғой. Бұл тарихи сурет қой» деп жан-жақтан қолқа салды. Мен қой олай болмас дегенімде, елдің бәрі бірін-бірінің сөзін қолдай жөнелді.

         Әңгіме барысында Ринат өзінің қызмет бабымен бақ дарыған Балқаш ауданына келгелі бала-шағасының өсіп-өнгенін және бәйгеге қосқан арғымақтарының бәйгелі болып жатқанын Димаш атаның Атажұртының шапағаты тиіп жатқанын ырымға балап, қасиетті өлкеде туып-өсіп жатқан барша балқаштықтардың маңдай бағы бес елі екенін тілге тиек етті.

          Күндердің күнінде Ринат інім қоңырау шалып, «аға өткендегі суретті алып аудандық тарихи-өлкетану музейіне келіңіз!» деді. Ел-жұрт өздері солай болсын деп тұрғанан кейін суретті алып бардым. Музейге кірсем аудандық «Д. Қонаев» қорының сол кездегі төрағасы Ләтіп Нұртаев, аталмыш қордың мүшесі Балапан Әділханова және Айтжан Есімов қариялар жиналып қалыпты. Суретті көрген бетте «мынау керемет естелік қой» деп Ләтіп аға қай жерге қоямыз деп сұрады. Олар ара-бері қарап аталмыш музей ішіндегі Д.Қонев залына орналастыруды жөн санады.

         Әрине мен исі қазақтың пір тұтар дара да дана  перзентімен естелік суретке түскенімді және сол суретімнің аудандық тарихи-өлкетану музейіннің тө-рінде тұрғанына Аллаға мың шүкіршілік етемін.

           Міне, аз күндерден кейін Ұлы тұлғаның өмірден озғанына 30 жыл толады. Зымырап өтіп бара жатқан өмір-ай.

                                                                 Серік Бекжігітов, зейнеткер.

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 күндік таңғы жаттығу
  • АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
  • Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде
  • Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер
  • Атом электр станциясын салу жөніндегі