Аудандық «AMANAT» партиясы ғимаратының ауласында «Ұлттық домбыра» күні болып өтті.
Ұлттық аспапты ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға аудандық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гаухар Аманжолова және аудандық мекеме-ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан іс - шара биылда өз жалғасын тапты. «Жан серігім – домбыра» тақырыбында ұйымдастырылған мәдени шарада аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ұлттық аспапта ән шырқап, күмбірлеген күйлерді кезек-кезек орындап, мерекелік шараның көрігін қыздырды.
Ұлы даламыздың тарихынан сыр шертіп, төл өнерімізді әлемге танытып жүрген ұлттық аспапты ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада аудандық Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Тұрғали Жармедет «Әнші даусы», «Ой, жайлау» әндерін тамылжыта шырқаса, аудандық Саз мектебінің оқытушысы Айбол Жолдас халық әні «Сары бидайды» жиылған көпшіліке паш етті. Сонымен қатар көптеген байқаулардың жеңімпазы атанып, күй өнерін халыққа кеңінен насихаттап жүрген жас күйші Сағыныш Исатай Төлеген Момбековтың «Салтанат» және Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйлерін нақышына келтіріп орындаса, Ақдала орта мектебінің оқушысы Торғын Амангерім «Домбыра туралы баллада» әнін эстрада әуенімен тамылжытып орындап, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Домбыра қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық аспабы. Оның қос ішегінен туған әуезді әндері мен күмбірлеген күйлері Ұлы даламыздың тарихынан сыр шертіп тұрады.
Ал Ұлттық домбыра күнін атап өту оны ұлттық мерекеге айналдыру- көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға.
Өз тілшімізден.