Көктем келіп, күн жылынғалы аудан диқаншылары дала төсін дүбірге бөлеп, арпа-бидай егу жұмыстарын бастап та кетті. Көктем айының құбылмалы ауа райына қарамастан егін егу жұмыстарына біркісідей жұмыла кіріскен аудан диқаншыларының бастапқы қарқыны жаман емес. «Егерде осындай нәтижелі жұмыс қарқынын бәсеңдетпесе 15 сәуірге дейін егін егу жұмыстары аудан көлемінде аяқталып қалуы мүмкін» дейді ауылшаруашылық саласының мамандары.
Аудан көлемінде егін егумен тұрақты айналысатын 38 шаруашылық бар. Ал егіс көлемінің 29 809 гектары суармалы жер болса, биылғы жылы оның 7530 гектарына арпа-бидай, 7000 гектарына күріш дақылдары, 230 гектарға картоп, 173 гектарына көкөніс және 30 гектарға бақша өнімдері егіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар қысқы мал азығын дайындау мақсатында 110 гектар жерге сүрлемдік жүгері, 517 гектарға бір жылдық шөп және 14 219 гектарға көпжылдық шөп жоспарға сай егілуі тиіс.
Арпа-бидай егу жұмыстарын ойдағыдай орындап жатқан шаруашылықтар жайына айтар болсақ, Агорофирма «Бірлік», «Бауыржан-7», Агорофирма «Өтес» ЖШС-тері және «Динара» ӨК-і қамшы салдырмай алдыңғы қатарды көшбастап келеді. Ал «Марат» ШҚ-ғы арпа-бидай егу жұмыстырын әлде қашан ойдағыдай аяқтаған.
«Көктемнің бір күні-жылға азық» санаған диқаншылардың тыныс-тіршілігін көзбен көру мақсатында осы аптаның бейсенбісі күні аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев, аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғалым Нарбаевпен бірге Агрофирма «Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серік-тестігіне арнайы барып қайттық.
Дала төсін дүбірге бөлеп жатқан диқаншыларға атбасын бұрғанымызда аталмыш шаруашылықтың директоры Алмас Қыстаубаев диқаншылардың жұмыстарын бақылап егіс алқабында жүр екен.
Аудан басшысына атқарылып жатқан жұмыс жүйесімен таныстырған Агрофирма «Бірлік» ЖШС-нің директоры Алмас Әбдіжаппарұлы биылғы жылы өздерінің шаруашылықтарына тиесілі 6000 гектар суармалы жердің 947 гектарына бидай, 1459 гектарына күріш, қалған егіс алқапқа көпжылдық шөп егуді жоспарлағанын айтта келе, бидай егу науқанын аяқтап қалғанын және көктемгі дала жұмыстарына сегіз тұқым сепкіш, он екі тырма, төрт жер тегістегіш, сонымен қатар қырық «МТЗ-80», он екі «МТЗ-1221» және екі «YTO» техникаларды жұмылдырғандығы жөнінде әңгіме өрбітті.
Қызу еңбектің көрігін қыз-дырып жатқан диқаншылардың қарбалас жұмыстарын көзбен көрген аудан әкімі Ғалым Қасымұлы тұқым сепкішке астық салып жатқан механизатор Алмат Отарбаевтың жанына жақын келіп, 1 гектар жерге қанша астық сіңірілетінін және бір күнде қанша егіс көлеміне дән себуге болатыны жөнінде сұрақтар қойды.
Ерте тұрып, кеш жатып, көктемнің бір күнін құр өткізбеуге бел буған аудан ди-қаншыларының жасап жатқан бүгінгі еңбектері жемісті болып, несібелері арта берсін деген тілек осындай сәтте тіл ұшына орала берді.
Бақтығали Дәуітбаев, "Балқаш өңірі".