
Алматы облысында мәслихат депутаттарын сайлау кезінде ұлттық өнерді дәріптеп жүрген қолөнершілер таңдау жасады. Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылында Дәркембаевтар әулеті учаскеге келіп, бірге дауыс берді.
Бұл сәт қандай салада қызмет атқармасын, әрбір азамат өз ұстанымын білдіріп, қоғам өміріне атсалысуға міндетті екенін көрсетті.
Дәркембаевтар отбасы ұлттық өнерді әкеден балаға мирас етіп қалдырып, ұсталықты өмірлеріне серік еткен. Дәркембай Шоқпарұлы – тері әрлеудің ұмытылған әдіс-тәсілдерін зерттеп, мол туынды жасап қалдырған шебер. Әкесі Шоқпар Ерғожаұлы да танымал ұста болған.
Ал қазір бұл өнерді Дәулет Дәркембайұлы жалғастырып келеді. Бүгінде ол әкесінің 40 жыл бойы жер жаһанды шарлап жинаған көне жәдігерлері мен өз қолынан шыққан туындыларынан құралған мұражай ашқан. Онда 2400-ден аса жәдігер бар. Басым бөлігі – ұстаның қолынан шыққан ерекше туындылар.
_*«Ұлттық құндылықтардың сақталуы, кейінгі ұрпаққа дәріптелуі мызғымас тыныштық пен тұтастық орнаған елде ғана мүмкін. Ал мәслихат депутаттарын сайлау сияқты саяси науқандар мемлекет тарихындағы айтулы оқиға саналады. Сондықтан әрбір азаматтың таңдауы – маңызды»*_, – деді қолөнер шебері.
Айта кетейік, Алматы облысында 683 сайлау учаскесі таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмыс істеп жатыр.
Өңірде барлығы 1 056 474 азамат дауыс беру құқығына ие. Сайлау 20:00-ге дейін жалғасады.
*Алматы облысының ӨКҚ*


