Халықтың бірлігі мен ортақ мақсатын айқындайды

IMG_9636.jpeg

     Ата Заң – мемлекеттің құқықтық тірегі ғана емес, халықтың бірлігі мен ортақ мақсаттарын айқындайтын басты құжат.

     Жаңа Конституцияның негізгі міндеттерінің бірі – мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың құқықтық шекарасын белгілеу. Азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын білуі керек, ал мемлекет сол құқықтардың қорғалуына кепілдік беруге міндетті. Осы екі тараптың жауапкершілігі үйлескен кезде қоғамда өзара сенім қалыптасады.

    Сондай-ақ құқықтық мемлекетте ешкім заңнан жоғары тұрмауы тиіс. Әрбір азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиеті құрметтеліп, оның заңды мүдделері қорғалуы қажет. Қоғамдағы әділеттіліктің өлшемі де осында. Заң талаптарының баршаға ортақ болуы азаматтардың  болашаққа деген сенімін ұлғайтады. Ал сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік, қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарау және адал еңбек ету мәдениеті де маңызды. Әрбір адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын орындаса, қоғамдағы тәртіп нығайып, елдің дамуына берік негіз қаланады.

     Мемлекеттің болашағы тек мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты емес. Қоғамның дамуына әр азаматтың белсенділігі де тікелей әсер етеді. Өз ойын ашық жеткізу, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатысу, ортақ шешімдерге жауапкершілікпен қарау – азаматтық мәдениеттің белгілері.

     Қандай мемлекет болмасын, оның ең үлкен байлығы – білімді, саналы және жауапкершілігі жоғары ұрпақ. Жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау, олардың қабілетін дамыту және еңбекке баулу – елдің ертеңіне салынған инвестиция.

     Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтардың мәнін жас ұрпаққа түсіндіру де ерекше назар аударуды қажет етеді. Оқушылар мен студенттер өз құқықтарын ғана емес, қоғам алдындағы міндеттерін де түсінгені жөн. Заңды құрметтеу, өзгенің пікірін тыңдау, адамгершілік қағидаларын сақтау және адалдықты өмірлік ұстаным ету – нағыз азаматқа тән қасиеттер.

    Білімді ұрпақ ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңа заманның мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алады. Ғылым мен технологияны меңгерген, туған жерінің тағдырына бейжай қарамайтын жастар Қазақстанның бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамуына үлес қосады.

    Қазақстанның тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі – ел ішіндегі татулық пен келісім. Қоғамдағы түрлі көзқарастарға құрметпен қарау, ортақ мүддені жоғары қою және өзара түсіністік таныту мемлекет бірлігін нығайтады.

    Ұлттық құндылықтарды сақтау да осы бірліктің ажырамас бөлігі. Ана тіліне құрмет, тарихты білу, салт-дәстүрді дәріптеу және туған жерді қадірлеу ұлттың рухани негізін қалыптастырады. Сонымен бірге еліміздегі әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қоғамдық келісімді сақтауға ықпал етеді.

     Конституциялық өзгерістердің нәтижесі халық өмірінен анық байқалуы тиіс.

Қазақстанның жарқын болашағы әділетті қоғам құруға, білімді ұрпақ тәрбиелеуге, ұлттық бірлікті нығайтуға және әр азаматтың жауапкершілігін арттыруға байланысты. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда мемлекет пен халықтың өзара сенімі ерекше орын алады.

    Ата Заңға құрметпен қарау – ел тәуелсіздігіне құрмет көрсету. Ал заңды білу, құқықты қорғау, міндетті адал орындау және қоғам игілігі үшін еңбек ету – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бірлігі берік, құқықтық мәдениеті жоғары және болашаққа сенімі мол ел ғана тұрақты дамып, келер ұрпаққа кемел келешек қалдыра алады.

Күмісбек Ербаев,журналист.


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Халықтың бірлігі мен ортақ мақсатын айқындайды
  • «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясындағы «Кітап сыйла» акциясы
  • Республика күні қарсаңында – Алғыс хат!
  • Табиғатқа тағзым – туған жерге құрмет!
  • «Қыран елім – Қазақстаным!»