Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған кешенді реформалар жүзеге асырылуда. Бұл реформалардың негізгі мақсаты – кәсіби, тиімді, ашық және азаматтардың мүдделеріне бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Осы орайда әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы мемлекеттік қызмет жүйесін дамытудың сапалы жаңа кезеңіне жол ашпақ.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған міндеттерді іске асыруға бағытталған. Жаңа редакциядағы заң мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруды ғана емес, сонымен қатар азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматын қалыптастыруды көздейді.
Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің басты ерекшеліктерінің бірі – азаматтарға бағдарланған сервистік тәсілді енгізу. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің қызметі тек әкімшілік функцияларды орындаумен ғана шектелмеуі тиіс. Ол ең алдымен қоғамға қызмет ететін, азаматтардың сұраныстары мен қажеттіліктеріне жедел әрі сапалы жауап бере алатын кәсіби маман болуы қажет. Осыған байланысты заңда мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, халықтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударылған.
Атап айтқанда, мемлекеттік органдар тарапынан азаматтардың өтініштерін формалды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол бермеу, мемлекеттік қызметтерді алу барысында кездесетін құқықтық және цифрлық кедергілерді жою, сондай-ақ қызмет көрсету рәсімдерін барынша жеңілдету көзделген. Бұл шаралар Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі іске асыруға мүмкіндік береді.
Жаңа заңның маңызды жаңашылдықтарының бірі – мемлекеттік қызметтің миссиясын, мақсатын және негізгі қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындау. Бұған дейін мемлекеттік қызмет негізінен еңбек қатынастары аясында қарастырылып келсе, енді ол ұлттық басымдықтарды іске асыратын негізгі институттардың бірі ретінде айқындалады. Осылайша, мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар күшейтіліп, олардың кәсіби және әдептік жауапкершілігі арта түседі.
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі тағы бір маңызды өзгеріс – сайланбалы мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесін нақтылау. Заң жобасына сәйкес, сайланбалы лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшілердің дербес санаты ретінде қарастырылады. Олардың қызмет ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы оқыту курстары енгізіліп, ротация, тәлімгерлік және уақытша басқа мемлекеттік органға жіберу секілді рәсімдерден босату көзделген. Бұл шешім жергілікті өзін-өзі басқару институттарын одан әрі дамытуға және сайланбалы лауазымды тұлғалардың қызмет тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Кадрлық саясатты жетілдіру де заңның негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Заманауи мемлекеттік аппараттың тиімділігі адами капиталдың сапасына тікелей байланысты. Осыған байланысты мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институтын енгізу жоспарлануда. Бұл бастама жастарды мектеп қабырғасынан бастап мемлекеттік басқару жүйесіне бейімдеуге және болашақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін ерте кезеңнен қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, халықаралық тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік қызметтің гибридті моделі енгізілмек. Аталған модель мансаптық және позициялық жүйелердің артықшылықтарын біріктіріп, мемлекеттік қызметке әртүрлі салалардан білікті мамандарды тартуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Мемлекеттік қызметті цифрландыру мәселесіне де ерекше мән беріліп отыр. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі негізінде кадрларды іріктеу мен басқару процестері толық цифрлық форматқа көшіріледі. Нәтижесінде кадрлық рәсімдердің ашықтығы артып, адами фактордың әсері азаяды. Сонымен қатар, егер мемлекеттік органдағы бос лауазым үш айдан астам уақыт бойы толтырылмаса, конкурс автоматты түрде жарияланатын болады. Бұл кадрларды іріктеу процесінің тиімділігін арттырып, мемлекеттік қызметке талантты азаматтардың келуіне қосымша мүмкіндік береді.
Заң жобасында меритократия қағидатын нығайтуға да айрықша назар аударылған. Мемлекеттік қызметке қабылдау, қызметтік өсу және көтермелеу кәсіби құзыреттерге, еңбек нәтижелеріне және нақты жетістіктерге негізделетін болады. Бұдан бөлек, «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілері үшін көлденең мансаптық өсу тетігін енгізу көзделуде. Бұл бір лауазым аясында кәсіби дамуға және еңбекке ынталандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейту де заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі болып табылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет өтілі 25 жылдан асатын қызметшілерге зейнеткерлікке шыққан кезде төрт лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы төлем төлеу, еңбек өтіліне байланысты қосымша ақылы демалыс күндерін беру, қысқа мерзімді ақылы демалыс енгізу қарастырылған. Сондай-ақ үстеме жұмыс, демалыс және мереке күндеріндегі еңбек үшін өтемақы төлеу мәселелері де заңнамалық тұрғыдан реттеледі.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытындағы шаралар да күшейтілуде. Мемлекеттік органдарда арнайы профилактикалық қызметтер құрылып, олардың жұмысын Әдеп жөніндегі уәкілдер үйлестіретін болады. Бұл еңбек дауларын шешудің объективтілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік органдардағы ұйымдық мәдениетті жетілдіруге де оң әсерін тигізеді.
Жалпы, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге, азаматтарға бағдарланған сервистік модельді дамытуға, адами капиталды стратегиялық басқаруға және мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Заңда көзделген жаңашылдықтар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіріп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға берік негіз қалайтыны анық.
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Алматы облысы
бойынша департаментінің
басшысы
Нұрсұлтан Ақылбекұлы Сейдалиев


