Алматы облысы туризм саласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша оң өсу қарқыны байқалуда. 2024 жылы аймаққа 1,9 миллион турист келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артық. Бұл көрсеткіштер облыстың саяхатшылар үшін танымал бағытқа айналып келе жатқанын айқын көрсетеді. 2024 жылғы үш тоқсанның нәтижелері бойынша орналастыру орындарының саны 2,6%-ға өсіп, 274 бірлікті құрады (2023 жылғы қаңтар-қыркүйек-267 бірлік), орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілердің жалпы саны 19% - ға өсіп, 384180 адамды құрады (2023 жылғы қаңтар-қыркүйек-322316 адам), оның ішінде 377 440 адам резиденттер, 6740 резидент емес тұлғалар. Ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 25,6% - ға өсіп, 8,2 млрд. теңгені құрады (2023 жылғы қаңтар-қыркүйек – 6,5 млрд.теңге).
Туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемі 2024 жылы 45,8 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға төмен (2024 жылы – 60,4 млрд.теңге).
Алайда, 2023 жылы инвестициялардың жалпы көлемінің 62%-ын бюджет қаражаты құрады. Ал 2024 жылы жеке инвестиция көлемі - 36,4 млрд. теңге, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 58% - ға артық (2023 жылы – 22,9 млрд.теңге). Бұл факт аймақтың туристік әлеуетінің дамуын көрсетеді. Белсенді және мәдени демалысқа деген қызығушылықтың артуын ескере отырып, болашақта заманауи туристік нысандардың, инфрақұрылымдық шешімдердің және жаңа қызмет түрлерінің көбейетінін күтуге болады. Бұл өз кезегінде өңірді әлемдік туристер үшін одан да тартымды етеді.
Туризм саласындағы көрсеткіштердің мониторингі шеңберінде статистикалық деректерден басқа «eQonaq» шетелдік азаматтарды есепке алу жөніндегі ақпараттық жүйесіндегі мәлімет те ескеріледі. Ерекше назар аударатын жайт — шетелден келген туристер санының артуы. «eQonaq» жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылы облысқа 134 775 шетелдік турист келген, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 60%-ға жоғары. Мұндай өсім облыстың табиғи байлығы мен мәдени мұрасына деген қызығушылықтың артуымен түсіндіріледі.
Алматы облысының ұлттық парктері саяхатшыларды өзіне баурайтын және туристердің негізгі ағыны шоғырланған нысандар болып табылады. Облыс аумағындағы 3 ұлттық парк республикалық деңгейдегі туристік аумақтардың тізімінде. «Көлсай көлдері», «Іле-Алатау», «Шарын шатқалы» ұлттық парктерін жалпы алғанда, 2024 жылы келген туристер саны 1 343 308 адамды құрады. Бұл табиғи қазыналар тек қазақстандық туристерді ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларды да тартуда.
Туризмді ілгерілету конференцияларға, халықаралық туристік көрмелерге және бизнес-іс-шараларға қатысу, туризм саласындағы стейкхолдерлермен B2B кездесулер, шетелдік БАҚ пен блогерлерге баспасөз турларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
2024 жылы басқарма «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде «SUHAN MOVIES & TRADING Sdn Bhd» компаниясының малайзиялық телехикаясын түсіруге көмек көрсетті.
Сондай-ақ, түрлі елдерден туристерді жинаған Жамбыл ауданында Іле өзенінің жанындағы жыл сайынғы «Тэнгри Ультра» Ұлы дала марафоны, Орталық Азияның 5000-нан астам кәсіпкерлерін біріктірген ірі оқиға «Samal» фестивалі, «Ой-Қарағай» тау курортында «Race Nation Kazakhstan 2024» халықаралық жарысын өткізуге көмек көрсетіп, Әзірбайжан, Таиланд, Малайзия, Қытай,Түркия, Франция және Германиядан келген блогерлер мен медиа тұлғаларға облыстың көрікті локацияларына ақпараттық тур ұйымдастырды.
Одан бөлек, басқарма Шыңжаңдағы «Хуанта» автомобиль-мотоспорт клубының қатысуымен «Жібек жолы» туристік автошеруін өткізуге жәрдем көрсетті. Қазақстан мен Қырғызстан автомобиль жолдары бойынша халықаралық автошеру Қытайдың «ТАКЛИМАКАН раллиі» халықаралық раллиінің 20 жылдығына арналды. Оның нәтижесі бойынша Қазақстан туристік қауымдастығы тарапынан іс-шараны ұйымдастыруға алғыс айтылып, одан әрі ынтымақтастықты арттыруға тілек білдірілді.
2024 жылы басқарма туристік индустрияның ауқымды іс-шаралары болып саналатын Ташкенттегі «Жібек жолындағы Туризм» және Қытайдағы «COTTM» (China outbound Travel & tourism Market) халықаралық туристік көрмелеріне қатысты. Ташкент қаласында өткен «Жібек жолындағы Туризм» (TITF-2024) халықаралық туристік көрмесіне қатысу қорытындысы бойынша Алматы облысының стенді «Ең қонақжай стенд» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, басқарма Ташкент облысының туризм басқармасымен және «Зомин» туристік-рекреациялық орталығымен, Қарақалпақстан Республикасының туризм басқармасымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Өткен жылғы жетістіктер Алматы облысының Қазақстанның басты туристік орталықтарының бірі ретінде мәртебесін нығайта түсуде. Табиғаттың қайталанбас көріністері, жоғары деңгейлі қызмет көрсету және елді дұрыс таныту саяхатшылардың жүрегін жаулап алып, облыс аумағын ерекше сапардың мекені ретінде танытуда.
2025 жылы шет елдермен ынтымақтастықты арттыру бойынша жұмыстарды жүргізу жалғасады. Атап айтқанда, Қытай,Тайланд, БАӘ, Франция мемлекеттерінде өтетін туристік көрмелерге қатысып, облыстың әлеуетін таныстыру жоспарлануда. Туристік көрмелерге қатысу – бәсекелестік артықшылықтарды арттырып, тәжірибе алмасып, саланы жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолдарының бірі.
Одан бөлек, 2025 жылы «Іле-Алатау» МҰТП аумағында орналасқан туристік орындарда жұмсақ инфрақұрылымды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Атап айтқанда, Ассы үстірті, Қайрақ,Аюлы сарқырамалары және Түрген,Қаскелең шатқалдарында. Инфрақұрылымды жақсарту бойынша ақпараттық тақтайшалар, фотозоналар, стеллалар, баспалдақ салу, орындықтар қою сынды жұмыстарды жүзеге асыру көзделген.
Жұмыстардың негізгі мақсаты туристердің туристік-рекреациялық инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуін жеңілдету және олардың таныс емес жерлерде ыңғайлы жүруіне мүмкіндік жасау.
Туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін кәсіби гидтер мен экскурсоводтарды даярлау бағдарламалары іске қосылады.
Облысымыздың әлеуетін заманауи платформалар арқылы таныстыру мақсатында БАҚ өкілдерімен өзге де медиа тұлғаларға ақпараттық, гастро турлар өткізу жоспарлануда.
Бұл шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырумен қатар, жергілікті халық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.