Адам жанына араша түсіп, басы ауырып, балтыры сыздағанның бабын табатын жауапкершілік жүгі ауыр дәрігерлік мамандықты таңдау да нағыз батылдық. Біздің бүгінгі әңгіме кейіпкеріміз - Мәди Тұ-рар да осындай ел - жұртқа қадірменді мамандықтың иесі. Өзінің ғұмырын медицина саласына арнап келе жатқан жас маман аудандық Орталық аурухананың эндокринолог дәрігері болып, қызметін абыроймен атқарып келеді.
Дәрігер болуды бала күннен армандаған Мәди Қайратұлы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2013 жылы Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнынан 2018 жылы «жалпы медицина» мамандығын алып шыққан. Үлкен өмірге қадам басқан жас жігіт 2018 жылы Алматы қала-сына келіп, 2020 жылға дейін Қазақ – Ресей медициналық университетінде оқып, терапевт мамандығын тәмамдайды. 2020-2022 жылдар аралығында осы білім шаңырағында білімін онан әрмен жетілдіріп, эндокринолог дәрігері атанады.
Ол өзінің еңбек жолын студент болып жүргенде 2020 жылы Алматы қаласындағы №3 қосалқы станциясында фельдшер болып бастаған. Медицина саласына қадам басқан жас маман 2022 жылы «Дипломмен - ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық Орталық ауруханаға эндокринолог дәрігері болып жұмысқа орналасқан. Бұл мамандық біздің аудандық Орталық аруханаға ауадай қажет еді.
Киелі өңірге келіп өзінің сүйікті мамандығы бойынша қызметке орналасқан дәрігердің біліктілігі күннен-күнге артып, аудан тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, халықтың алғысын арқалап жүрген жайы бар.
Жаста болса өз ісінің нағыз шебері болып, медицина саласының ілгері дамуына өзінің сүбелі үлесін қосып жүрген Мәди Қайратұлымен сұхбатасқанымда ол өзінің сүйікті мамандығы жайында былай деп өз ойын білдірді: «Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі адам жанының арашасы болып, ақ желеңді абзал жан атана алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандықты игеру жеткілік-сіз. Білікті дәрігер болуға адам өміріне жауапкершілік, ерекше құлшыныс пен күнделікті ізденіс, біліктілікті арттырып отыру маңызды» деді.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».