Осы аптада Елордасы Астана қаласынан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ауданымызға арнайы келіп, аудан тұрғындарымен кездесу жиынын өткізді.
«AMANAT» партиясы Балқаш аудандық филиалының ғимаратында өткен іс-шараға аудан көлеміндегі мешіт имамдары мен аудандық және ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Кездесу жиынды аудан әкімі Азат Үкітайұлы жүргізді. Кездесу барысында Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы қатысушылармен өзекті мәселелерді, оның ішінде өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жағын кеңінен талқылады.
Ол өз сөзінде «Шындығында, біздің қоғамға дін емес, діни ағымдар кірді. Менің ойымша, дін басында қызмет етіп жүрген ағайындардың да басты міндеті- мемлекеттің тұтастығы мен ұлттық құндылықтарға қызмет етуі тиіс. Әсіресе, дәстүрлі дінге, өзімізге тән рухани құндылықтарға ден қою маңызды. Дін қызметкерлері тарих пен көркем әдеби кітап-тарды көбірек оқуы қажет деп ойлаймын. Өзегінен ажырамаған ұлттық таным мен көр-кем мінезге ие жас ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет» деді. Ал аудан ақсақалдары қоғамдағы өзекті мәселелер жайында сөз қозғап, оны Мемлекет басшысына жеткізуді аманаттады.
Президент кеңесшісі сапарының соңында өңір жастарымен кездесті. Аудандық кітапханада өткен шарада сөз тізгінін алған Мәлік Нұржанұлы елімізде өткізіліп жатқан саяси науқанға жастардың да өз үлестерін қосу керектігін айтып өтті. «Кім болашаққа сеніммен қараса, соның болашағы жар-қын. Ал кім күмәнмен қараса, оның өмірі де дүдәмал болады. Сондықтан, келешекке сеніммен қараңыздар. Бұл өңір – еліміздің тарихында із қалдырған небір тұлғалар қанат қаққан қасиетті мекен. Сіздерге де жарқын болашақ тілеймін», – деді.
Сонымен қатар құрметті қонақ жас ұрпақтың көздеген мұраты асыл, мақсаты биік болуы керектігін алға тартты. Өз кезегінде жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Жастармен ашық пікір алмасқан ол жиын соңында естілік суретке түсті.
Беделі биік, берері мол өңірімізге атбасын бұрған Президент кеңесшісі аудан ақсақалдар мен дін қызметкерлері және жастармен тілдесіп, бірқатар мәселелерді талқылап, ашық пікір алмасты.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».