Барша қауымға белгілі, жалпы жұртқа жария бір ақиқат бар. Еліміз кейінгі бес жылдың бедерінде мүлде өзгеріп, билік құрылымынан бастап қоғамдық-саяси санаға дейін түбегейлі жаңғырып жатыр. Бұл жаңғыру батыл қадамдарға, байыпты шешімдерге табан тірейтіні сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған сол саяси бағдар жөнінде тарқатып айтқан жөн болар.
Әділеттілік – қоғамның жаңа қағидасы
Мемлекет – аса күрделі құрылым. Оны реформалау және қандай да бір өзгеріске әкелу – қиынның қиыны. Мұны жүзеге асыру үшін халықты ұйыстыратын алып идея қажет екені айтпаса да белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген тұста қоғамның мұндай идеяға деген сұранысы аса жоғары еді. Президент ұсынған «Әділдік» феноменінің бірден ел идео-логиясының тұтқасына айналуы – осының айғағы.
«Әділдік» ұғымы ұлттық ре-формалардың басты ұранына айналды. Бұл ұстаным ауқымды өзгерістердің үштағаны саналатын саяси, әлеуметтік-эконо-микалық және қоғамдық сана реформасының өзегі ретінде бе-рік бекіді. Сонымен қатар бұл өзгерістерді нақты идеяны арқау еткен, түпкі мұраты айқындалған байыпты бастама ретінде қабыл-даған абзал.
Саяси институттар трансформациясы
Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент лауазымын қолға алғаннан бері іске асқан саяси реформалардың түпкі мазмұны елдегі демократия институттарын дамытуды көздейді. Бұл – саяси жүйені жаңғыртуға, азаматтардың құ-қықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға негіз болды.
Саяси реформалар туралы сөз қозғағанда Конституцияны өзгертуге бағытталған жалпыұлттық референдум туралы атап өту – заңдылық. Бұл ретте Президенттің өзгерісті әркім өзінен бастауы керек деген ұстанымы жалпыға бірдей үлгі болғаны анық. 2022 жылы енгізілген Конституциялық өз-герістердің басты жаңалығы – Президенттің өкілеттігін бір мер-зіммен шектеу туралы шешім. Бұл «Әділдік» феноменінің нақ-ты орындалғанын көрсетті.
Сондай-ақ референдум аясында Парламенттің рөлін күшейту және құқық қорғау органдарының қызметін жақсар-туға бағытталған шаралар қолға алынды. Бұл реформалар саяси жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға және халықтың билікке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, демократиялық институттардың нығаюына ықпал етеді. Мемлекет басшысының саяси рефор-маларының тағы бір тармағы саяси партияларды тіркеуді жеңілдету болды. Бұл өзгеріс саяси аренада жаңа партиялардың пайда болуын жеңілдетіп, саяси әралуандыққа жол ашты.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі де айтарлықтай өзгеріске бет алды. 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдері тікелей сайлау арқылы сайлана бастағанын білесіздер. Бұл қадам жергілікті мәселелерді тиімді шешуге және азаматтардың өз өңірлеріндегі басқару үдерісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Саяси трансформацияның тағы бір маңызды бөлігі – Парламенттің рөлін күшейту туралы шешім. Парламенттің атқарушы билікті бақылау функцияларын күшейту арқылы заңнамалық органның ықпалы артты деуге толық негіз бар.
Президент ұсынған саяси реформалардың бір жаңалығы – адам құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар. Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіретін және азаматтық қоғамды дамыта түсетін қолдау шараларын енгізді. Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді. Заңдылықты қадағалайтын прокуратура мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Бұл қадамдар халықаралық стандарттарға сай келетін құқықтық жүйені қалып-тастырды.
Аталған реформалар елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғамның саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау-ға жол ашты. Түптеп келгенде, бұл ауқымды шаралар Әділетті Қазақстанның нықтап орнығуына мүмкіндік берді.
Әлеуметтік-экономикалық реформалар
Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында да ауқымды реформалар жүргі-зіп келеді. Бұл – қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығай-туға, экономикалық өсімді қамта-масыз етуге және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағыт-талған.
Президент Тоқаевтың бастамасымен Конституцияға концептуалды өзгеріс енгізілді. Яғни жер мен оның қойнауындағы байлық халықтың меншігі ре-тінде айқындалды. Бұл қағида әлеуметтік саясаттың тірегіне айналды.
Нақты дәлел: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама арқылы еліміздегі әр балаға Ұлттық қордан қаражат бөліне бастады. Бұл шараның түпкі мақсаты – әлеуметтік теңсіздікті азайтып, балалардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Бағдарлама өскелең ұрпаққа инвестиция салып, олардың білім алуына, денсаулығын жақсартуға және өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беруге тиіс.
Шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары да артты. Бизнесті тексеруге үш жылға дейін мораторий жарияланды. Заңсыз алынған активтерді елге қайтарып, экономикалық айналымға түсіре бастады. Еліміздің логистикалық мүмкіндіктерін молайту арқылы табыс түсімін арттыруға жіті мән берілуде. Алдағы уақытта Қазақстанды логистикалық хабқа айналдыру жөнінде ауқымды міндеттер қойылды. Соған сәйкес инфрақұрылымды дамытудан бастап, қалыптасқан жүйені цифрландыру жұмысын қарқынды жалғастыруға айрықша мән беріліп отыр.
Президент индустрияландыру және инновацияларды дамытуға үлкен мән береді. Осы бағытта экономиканың әртарап-тандырылуы және жаңа технологияларды енгізу мемлекеттің маңызды міндеттеріне айналды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары арқылы өндіріс орындарын құру, ғылыми зерттеулерді қолдау және жоғары технологиялық салаларды дамыту көзделіп отыр. Цифрландыру саясатын жаңғыртып, бұл бағыттағы жетістіктерімізді еселеуге жаңа мүмкіндіктер жасалып келеді.
Бұрын назар аударылмаған энергетикалық, инженерлік жүйені түбегейлі жаңарту бастамасы қолға алынды. Ұлттық қауіпсіздік, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін бұл сала ондаған жыл бойы қараусыз қалып келгені ешкімге жасырын емес. Мемлекет басшысы бұл олқылықтар түзелмей тұрмыс түзелмейтінін жақсы біледі және білгендіктен нақты шешімдер қабылдап келеді.
Әлеуметтік серіктестік қағидаттары да – ерекше тоқталуды қажет ететін тақырып. Еліміз еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелерін айтарлықтай күшейтті. Әлеуметтік серіктестік аясында жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы диалогті нығайту, еңбек құқықтарын қорғау және өндірістік дауларды шешу тетіктерін жетілдіру маңызды орын алады.
Әлеуметтік саланың әуелгі тірегі саналатын денсаулық сақтау және білім жүйесі де түбегейлі реформаға ұшырады. Аталған сала мамандарының жалақысын екі есеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл білікті мамандардың салаға келуіне жаңаша серпін бергені сөзсіз. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Ғылымның дамуына айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Ұлттық ғылым академиясы өзінің тарихи тұғырына қайта қонды.
Алдағы уақытта жоғарыда біз атап өткен әділеттілікке негізделген әлеуметтік және экономикалық саясат қағидасы – еліміздің қуатының, халқымыздың әл-ауқатының негізгі сенімді күші болып қалатыны даусыз.
Қоғамдық сананың серпілісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күллі реформасының өзегінде «Заң мен Тәртіп» ұстанымы тұр. Шын мәнінде «Әділдік» феномені осы екі түсінік үстемдік құрмай тамыр жая алмасы анық.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Заң адам үшін жазылады. Адам заң үшін тумайды» деген сөзі бар. Еліміз қабылдаған қабырғалы құжаттар ең әуелі азаматтарымыз, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды кертартпа қоғамдық кеселдерден сақтау үшін жазылған.
Бұл ретте елімізде синтетикалық есірткі саудасын, құмар ойын жарнамасын, тұрмыстық зорлық-зомбылықты, браконьерлікті ауыздықтайтын бірқатар заң қабылданды.
Мұның бәрі Әділетті Қазақстанды тұғырына шығарып, нық орнатуға бағытталған қадамдар. Түбегейлі реформалар өз миссиясын орындады. Бірақ реформаларды жүзеге асыру – бір бөлек, оны орнықтыру – бір бөлек дүние. Бұл үшін қоғамдық сана да жаңғыруға тиіс.
Президентіміз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын жаңа құндылықтар тізімін, яғни «Адал азаматтың» бейнесін айқын көрсетті. Бұл не үшін қажет? Қоғамдық ұстанымдар мен қолдау негізінде оң бағыттағы реформалардың іске асуы және берік орнығуы үшін қажет. Себебі адал азамат – ескі жүйеге оралмаудың кепілі, әділеттілік құндылықтарының қорғаны.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығымен еліміз бес жылды еңсерді. Бұл ұзақ жылдар бойы сірескен саяси жүйені серпілткен бес жыл болды. Қордаланған әлеуметтік мәселелердің түйінін шешкен бес жыл болды. Экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету үшін батыл ұмтылыс жасаған бес жыл болды. Ең бастысы, қоғам жылдар бойы күткен әділеттілікті төрге оздырған бес жыл болды. Бұл бес жыл алдағы жетістіктеріміздің жолашарына айналатыны анық.
Берік УӘЛИ, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы.