Өткен аптада Бақбақты ауылдық округінде 2023 жылдың қыркүйек айында құрылыс жұмыстары басталған саябақтың ашылу салтанаты болып өтті.
Ауыл көркін ажарландырып тұрған жаңа саябақтың ашылу салтанатына арнайы барған аудан әкімі Азат Құтпанбетов алғашқы сөз кезегін алып, қазіргі таңда өңірімізде аудан тұрғындарының игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға баса тоқталып, Бақбақты ауылындағы саябақтың құрылыс жұмыстарын жүргізген «Азамат Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі таңда аталмыш нысанды толыққанды аяқтап, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға бергелі тұрғанын ерекше атап өтті.
Бақбақтылықтарды қуанышты сәтерімен құттықтаған аудан басшысы өз сөзінде «Бұл саябақтың келешекте гүлге оранып, сәні мен салтанаты жарасып, іші-сырты таза болып тұруы - әрбір ауыл тұрғынының міндеті деп есептеймін. Өйткені ауыл тазалығы - бірінші кезекте жергілікті халықтың қолында. Елдің өсіп-өркендеуі осы ауылға байланысты. Ауыл дамыса - еліміз көркейетіні баршаға аян. Көпшілікке есігін айқара ашқан керемет саябақтың ішінде бүлдіршіндеріміз алаңсыз ойнап, ардагерлеріміз, ауыл тұрғындары бір сәт демалып отырғанын көру біз үшін қуаныш.
Дана халқымызда «Ауылына қарап - азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Олай болса, ауылымыздың тазалығы, көркейіп-гүлденуі жолында бәріміз бірге атсалысып, ауылымызға көрік берген әсем саябақты мәпелеп, күтіп ұстауға атсалысайық!» деп ауыл тұрғындарына бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын деген жүрекжарды ақ тілегін арнады.
Келесі кезекте сөз алған ауданның Құрметті азаматтары, Бақбақты ауылдық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Сарбасов, «Құрмет орденінің» иегері Сапарғали Сәтпаев, ауылдық Қоғамдық кеңестің төрағасы Садық Үркімбаев және Отбасы және әйелдер ұйымының төрайымы Жанымгүл Дауылбекова ауыл тұрғындарының тілегін қабыл алып, осындай саябақтың бой көтергеніне ықпал жасаған аудан әкімдігіне ауыл тұрғындары атынан ризашылдықтарын білдіріп, ауылдың тарихына кеңінен тоқталып, ауылдың жылдан – жылға өсіп - өркендеп келе жатқанын тілге тиек етіп, ауыл тұрғындарын ауызбірлікке шақырып, қуаныштарымен құттықтады.
Салтанатты шарада аудан өнерпаздары Айбын Батырбаев, Алмабек Садықов, Гүлмира Рахимова, Еркежан Қожахан әннен шашу шашса, Бақбақты ауылының кішкентай өнерпазы, «Балауса» байқауының І-ші орын иегері Темірлан Әбубек «Адай» және «Балбырауын» күйлерін нақышына келтіре орындап, мәдени шараның көрігін онан әрмен қыздыра түсті.
Күй күмбірлеп, ән қалықтап, ақ тілектер ақтарылған мәдени шараның соңында саябақ лентасы салтанатты түрде кесіліп, ауыл әжелері шашу шашып, жиналған көпшілік саябақты аралап, мәре-сәре болып, бір марқайып қалды. Өйткені бақбақтылықтар осы сәтті көптен бері күтіп жүрген болатын-ды.
Ауыл тұрғындарының қайысы бірінен саябақ жайында сұрасақ «Бұл саябақ ауыл жастарының бос уақыттарын көңілді өткізетін және қариялардың немере – шөберелерін жетектеп серуен құратын керемет демалыс орны болды. Ауылға келген қонақтарды да осы жерге алып келіп, бұл жердегі балалар ойнайтын алаңдарды көрсетіп, мақтанамыз» деп жауап берді.
Шынында да ауыл тұрғындарының мақтанатындай жөні бар. Саябақ ішінде қылқан жапырақты ағаштар мен жасыл-желек жайқалып өсіп тұр. Демалушыларға арналған орындықтар мен балалар емін – еркін ойнап, спортпен айналысуларына көп жағдай жасалған. Кешкі мезгіл болғанда айналаға жарық беріп тұратын түңгі жарықтар да талапқа сай орнатылған екен.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».