Алыста жүрген ағайынның бәйгеден аты озды дегенді естісек құлағымыз елең ете қалатыны жасарын емес. Ел-жұртқа еңбегі сіңіп жүрген азаматтардың жеткен әрбір жетістігі біз үшін мақтанарлық жаңалық.
Аудандық басылым «Балқаш өңірі» газетінде ұзақ жылдар қызмет атқарған, ауданның Құрметті азаматы Зарыққан Есілбаевқа Қонаев қаласының Құрметті азаматы атағы берілді деген жайдарман жаңалықты естіп, төбеміз көкке жетер-жетпестей қуанып, бір марқайып қалдық.
Қаламы қарымды журналист 1984-2005 жылдар аралығында аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Осы жылдар бедерінде аудандағы тың жаңалықтармен киелі өңіріміздің тарихын аудандық басылымға кеңінен жариялап, аудан жұртшылығының құрметіне бөленген жан.
Зарыққан Әбілқасымұлы «Аға рухымен сырласу», «Тектілердің тұяғы», «Іле-Балқаштың тұңғыш болысы», «Балқаштың абыз ақсақалы», «Ақкөл көтерілісінің ақиқаты», «Балқашым-байтақ мекенім», «Тұғырым-Тұғылым», «Дінмұхамед Қонаев және Балқаш елі», «Кенесары ханның сарбазы Әділбек батыр» кітаптарының авторы.
Ол Әлем Халықтары Жазушылары мен Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері. «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» (2018) атағымен марапатталған. Қонаев қалалық «Семей ядролық сынағынан зардап шеккендер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы облыстық Ардагерлер кеңесі мен «Қонаев Ақсақалдар кеңесі» қоғамдық ұйымы тексеру комиссияларының мүшесі, Қонаев қалалық Ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі.
«Қазақ журналистикасының қайраткері», «Қазақстан патриоты», «Еңбегім еліме», «Құрмет иесі», «Дінмұхамед Қонаев – 110 жыл» медальдарының иегері.
Үлкендік ақыл – кеңесін беріп, өзінен ізбасарларына арқасүйер аға болып жүрген әріптесіміздің осындай биік белеске көтерілгеніне шын жүректен қуанып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Редакция.