МАЛ ӨСІРСЕҢ - ҚОЙ ӨСІР, ӨНІМІ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСІР

81a22eb2-b53c-495e-97fe-eb06a38e37ac.jpg

Мал басын көбейтудің бірден бір жолы төрт түлікті шығынсыз төлдету. Сондықтанда мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтар үшін мал төлдету науқаны өте жауапты кезең болып саналады. Машақаты мол тірліктің бел ортасында жүрген малшылар қауымының алдында тұрған маңызды міндет -жаңа туған төлді дер кезінде ауыздандырып, олардың жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Қойы қоздап, түйесі боздап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап мал қорада қарбалас жұмыс қарқын алған сәтте малшылар қауымына арқаны кеңге салып, жайбырақат жүрулеріне мүлдем уақыты да болмайды.

 Аграрлы ауданымызда атакәсіпті нәсіп еткен шаруашылықтар мал төлдету науқанына үлкен жауапкершілікпен қарайтыны айдан анық. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Нұралы Шүленбаевтан өңіріміздегі  мал төлдету науқанында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында сұрағанымызда, ол аудан көлемінде мал өсірумен тұрақты айналысатын ірілі – уақты 1274 шаруашылық бар екенін айтты. Сонымен қатар бүгінгі таңда аудан көлемінде 59068 анабас сиырлардан 26994 бұзау туылғанын және 13543 бас биелердің 5553 басы құлындап тұрғанын, сондай-ақ 60574 бас қой-ешкіден 38355 бас төлі есепке алынғаны жайында баяндап берді. 

 Сұхбат барысында Нұралы Шүленбаев «Өңіріміздегі мал өсірумен тұрақты айналысатын шаруашылықтардың бірі - Миялы ауылдық округіне қарасты «Береке» шаруа қожалығы» деп аталмыш шаруашылыққа жол бастап бізбен сапарлас болды. 

Біз атбасын бұрған шаруа қожалықтың төрағасы Асқар Сейдахметов  «Мал өсірсең - қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген аталы сөзді негізге алып, 1993 жылы мемлекеттік жер қоры есебінен 300 гектар жерді жалға алып, мал өсіре бастаған. Бүгінгі таңда аталмыш шаруашылықта 320 бас қой, 130  бас сиыр және 87 бас жылқы бар екен.

Ал мал төлдету науқанына келер болсақ жоғарыда аталған түлік түрлерінен бүгінгі таңда 126 бас қозы, 11 бас бұзау, 5 бас құлын туылған. Шаруашылық басшысы көктем айлары аяқталғанша төл басы арта түсетініне сенімі жоғары.

Асқар Сейдахметовтың айтуынша қысқы мал азығына 1000 орама шөп, 10 тонна жем дайындап,  мал азығының жеткілікті болған.

Мал басын аман сақтап, олардың қыстан шығынсыз шығуына және мал төлдету науқанында аға шопан Ермек Кеншінбай мен бақташы Мейірімғали Тынышбаевтың атқарып жүрген жұмыстарын жоғары бағалап   және аудандық ветеринария дәрігерлері мемлекет тарапынан бірнеше жұқпалы  ауруларға қарсы екпелерді тегін жасап, жаңа туылған төлдерді есепке алып,  сырға салып, санитарлық тазалық жұмыстарын да қада-ғалап кеткен.

Малды ауылдағы тірлікке байыппен көз жүгіртіп қараға-нымда малшыларға арналған тұрғын үй салынған және электр жарығы да тартылғанын аңғардым.

Сөз орайы келгенде Асқар Дәліғұлұлы  мал тұқымын ас-ылдандыру үшін жыл сайын мемлекет тарапынан берілетін субсидия алып жүргенін де тілге тиек етті.

Әр төрт жыл сайын асыл тұқымды аталық «Дегерес» қошқарлар мен «Қазақтың Ақбас» бұқаларын сатып алып, мал тұқымын асылдандыру бағытында атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен айтып өтті.

Төрт түліктің бабын табу оңай шаруа емес. Дегенмен қол-ға алған істі әрі қарай дөңгелету үшін әлі талай тер төгуге тура келеді.

Мал өсірумен айналысып жүрген шаруашылықтардың бәрі осындай жетістікке жету үшін мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер алып, мал басын көбейтіп, қайтарылмайтын субсидияға қол жеткізіп, мал тұқымын асылдандырса, аудан көлемінде мал шаруашылығы өркендеп, аудан экономикасы бұдан да арта түсер еді.

                                   Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр