АНАЛАР ҚАУЫМЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

42ee32a5-a0a8-4181-966c-8f816fc36231.jpg

8 наурыз күлімдеген көктемнің жылы лебін жеткізіп, жанға қуат, көңілге шуақ сыйлайтын сұлулық пен жылылық, мейірім мен нәзіктіктің символына айналған Халықаралық әйелдер күні. Жылдағы дәстүрге сай өткізілетін мереке биылда ауданымызда өз жалғасын тауып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мереке күніне орай аудан әкімі Азат Құтпанбетов аудандық «AMANAT» партиясының ғимаратында аудан көлеміндегі әр ауылдық округтерден арнайы құрметпен шақырылған ақжаулықты аналарды  қабылдап, мерекелік құттықтау тілегін жеткізіп, сый-сияпат жасады. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген аналарға ыстық лебізін білдірген аудан басшысының тілегінен кейін аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық мәслихат төрағасы Кәдірбек Омаров сөз кезегін алып, нәзікжанды аруларға жүрекжарды лебізін білдірді.

Келесі кезекте сөз алған ардақты аналар аудан басшысының аналар қауымына көрсеткен құрметіне ризашылығын білдіріп, аудан арулары атынан Алғыс айтты.

Мұнан соң мерекелік іс-шара аудандық Мәдениет үйінде аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен  жалғасты. 

Мерекелік шарада сөз алған аудан әкімі Азат Үкітайұлы өз сөзінде: «Бұл пәни дүниеде ананың алақанынан ыстық  ештеңе жоқ.  Ана - ерекше мейірімге ие,  құдіретті әрі қайталанбас ерекше  жан. Ол - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі.

Мемлекетіміздің жеткен жетістіктеріне нәзікжандылар-дың қосқан үлесі зор. Ауданымыздың нәзікжандылар қауымы да билік пен бизнесте, білім мен мәдениетте, спорт пен әр салаға барынша үлестерін қосып, ерекше қабілеттерімен танылуда» деп ауданымыздың мақтанышына айналған бірқатар аналарымыздың есімдерін ерекше атап, нәзікжанды аруларға өзінің ыстық лебізін білдірді.

Аудан әкімінің құттықтау тілегінен кейін аудан көлемінде әртүрлі салаларда еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді марапаттауға кезек берілді.

Марапаттау барысында аудандық кітапхананың кітапханашысы Сайлау Абылдаева, №1 Жамбыл атындағы орта мектебінің ұстазы Әлпеш Мәнжіғұлова,  аудандық Орталық аурухананың мейірбикесі Сәбира Садуақасова,  аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары Қалампыр Дәуітбаева, Балатопар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Шырынкүл Досымбек және Балқаш ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы Гүлмира Нілдібаева аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, аудандық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Гүлмира Қасабековаға, Береке ауылдық фельдшерлік - акушерлік пунктінің аға мейірбикесі Гүлтай Дюсеноваға, Желтораңғы ауылдық округі әкімі аппаратының жұмысшысы  Әлия Рахманқұловаға, сондай-ақ бірқатар ауданның дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген нәзікжанды аруларға аудан әкімінің Алғыс хатты табысталды.

Сонымен қатар «Ақжүніс» әжелер ансамблінің мүшелері де марапаттан құралақан қалмады.

Бұдан  кейін аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға кезек берілді. Сахна төрінде өнер көрсеткен аудан өнерпаздарының аналарға арнап шырқаған әуезді әндері мен мың бұрала билеген бишілердің билері көңілге шаттық сыйлап, мереке мерейін одан әрі еселей түсті.

Әлемдегі әсемдік пен сұлулықтың бәрі әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алады. Расында адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйелдің қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар.

Сондықтан ерді үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған. Тағылымды тарихымыз қайраткерлік қасиет қонған аналардан кенде болған емес. Ұлан-ғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткені белгілі. Бұлардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі Әділетті Жаңа Қазақстан қоғамында өз  жалғасын табады деген сенімдеміз.

 

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».

 

        

 

 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Татулық – тұрақтылық негізі
  • Алматы облысындағы «Шынасыл-Сай» кен орнының ашылғанына ғасырға жуықтады
  • Алматинская область: работе акимов сельских округов придадут новый импульс
  • Алматы облысында ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті
  • АИТВ-ке қарсы антиретровирустық терапия оң нәтежиесін беріп жатыр