Тәуелсіз еліміздің болашағы-жастарымыздың интеллектуалды көрсеткіштері олардың тек білім деңгейімен ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық тәрбиесімен, рухани жаңғыруымен де тікелей байланысты. Ұлттық кодтың өзегін сақтай отырып, болашаққа қадам басуымыз қажет. Білім-рухани жаңғырудың басты алғышарты».
Нұрсұлтан Назарбаев.
Алтынай Сейткен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 1-ші курс студенті.
Әлемдегі көш бастап тұрған 30 елдің қатарына қосылу – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның алға қойған айқын мақсаты, басты мұраты болып табылады. Уақыт кемесі жылжыған сайын, біз де аталған мақсатқа қарай қадам басып, алға ілгерілеп келеміз. Яғни дамудың даңғыл жолына қарыштап қадам басқан Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік жағынан дамуы, өсіп-өркендеуі, жаһандану заманына бет бұрған әлемде бәсекеге қабілетті ел болуы үшін ұлттық құндылықтарымыздың маңызы зор. Олай деуімізге негізгі себептің бірі-қазіргі таңда бүкіл әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Әлеммен бірге қоғам да жаңа өзгерістерге дайын болып, жаһандануға бет бұруы тиіс. Бұл жаһандық болмыс, дүние жүзі жаһандану мен жаңару үстінде. Ал жаһандану кезеңіндегі қоғамдық сананың интеграциясы, ұлттық код, менталдылық және дүниетаным сияқты қасиетті ұғымдар айшықталған.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауларынан және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан осы көрініс байқалады. Аталған мақала қазақстандықтардың дүниетанымы мен салт-санасын өзгертетін тың серпіліс болғаны ақиқат. Елбасы айтып өткендей, рухани жаңғыру- тарихтан тағылым беретін ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейді. Бұл ретте қазіргі қоғам көзқарасы зерделі де ақылды ұрпақ тәрбиелеуі тиіс. Осы орайда, жоғарыда аталған халқымыз үшін аса қастерлі саналатын ұғымдардың маңыздылығына тоқталып өтсем.
Иә, расыменде көптеген адамдардың көкейінде ұлттық жаңғырудың қоғамдық сананың интеграциясына қандай қатысы бар?-деген сауалдың туындайтыны хақ. Қоғамды белгілі бір адамдардың тобы құрайды дейтін болсақ, ал қоғамдық сананың интеграциясы- бұл біздің тәуелсіз мемлекетіміздегі адамдардың сана-сезімінің жоғары деңгейде қалыптасуы, жаңа технологиялар дамыған заманда, яғни дүниежүзінде бәсекеге қабілеттілік артқан тұста адамдардың, оның ішінде біздің қазақстандық қоғамның жаңа өзгерістерді қабылдай отырып, дамыған 30 елдің қатарына қарыштап басқан қадамы болатыны сөзсіз. Сана дегеніміз-адамның психологиялық жай-күйін қамтитын болса, ал біздің рухани ойлау қабілетіміз және ішкі сезімдеріміз-отбасында алған тәлімді тәрбие мен әлемде орын алып жатқан түрлі оқиғаларға деген көзқарасымызды ұштастырады. Бүгінгі күнге дейін ойлап табылған түрлі техникалық құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар-мұның барлығы адамның сана-сезімінің, ойлау-түйсігінің жемісі. Болашағымыздың кепілі жастар-бұл қазіргі қоғамның қозғаушы күші. Біз жастардың сана-сезімінің қалыптасуына мән беріп, олардың білім деңгейін арттыруға мүмкіндік берсек, біздің Қазақстандағы қоғам жаңғыра түсіп, әлі талай жаңа технологияларды ойлап табатын жас-тар бізден шығатын болады. Міне, сондықтан ең әуелі қоғамдық сананың интеграциясының маңызы зор.
Ал, қоғамдық сананың интеграциясына біздің сонау сақ, үйсін, ғұн, қаңлы тайпаларынан бері жалғасып келе жатқан тұғырлы тарихымызды, салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуға жол ашатын-тек өзімізге ғана тән ұлттық кодымыздың алатын орны айрықша. Ұлттық код дегеніміз-біздің өткенімізден таным беріп, болашағымызға бағдар болатын халқымыздың рухани мол мұрасы. Аталған ұғымға ана тіліміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз, қасиетті құндылықтарымыз жатады. Ұлттық код-ол біздің қазақилығымыздан хабар беретін тек халқымызға ғана тән өзіндік болмысымыз, ұлттық ерекшеліктеріміз десем, қателеспейтінім анық. Әлеуметтану тұрғысынан ұлттық код ұғымын қарастырғанда бұл-әрбір ұлттың басқалардан айырмашылығын көрсететін ерекше қасиет, яғни бізді басқа халықтардан ерекшелеп тұратын белгіміз іспеттес. Ұлттық кодтың қоғамда алатын орны айрықша. Өйткені, ол адамдарды адамгершілікке, ізгілікке, парасаттылыққа тәрбиелейді.
Ал, дүниетаным-ол біздің өмір сүріп жатқан қоғамымызды танып білу, әлемді түсінудегі барлық көзқарастарымыз бен біліміміз. Жалпы әлем туралы идеямыз. Әр адамның немесе әрбір ұлттың дүниетанымы әртүрлі, көзқарасы да айрықша. Бұл ұғымды адамның әлем туралы барлық ойлары, сезімдері деп те қарастырсақ болады. Жалпы адам дүниетанымы ол тек оқып-білімін жетілдіргенде ғана емес, әлемде болып жатқан өзгерістердің барлығын назарда ұстағанда, дүниені танып білгенде ғана қалыптасады. Дүниені тани отырып, адамда не қоғамда сыни ойлау қасиеті дамып, өзіндік көзқарасы пайда болады. Ұлттық дүниетанымды алып қарастырсақ, мұнда ұлттардың мәдениетін, тарихын, ұлттық құндылықтарын танып-білудің маңызы зор. Біздің ұлттық дүниетанымымыз ұлттық код ұғымымен синонимдес.
Ұлттың ұлт болып қалыптасуы және дамуы үшін жоғарыда аталған ұғымдармен бірге менталдылық та қатар жүреді. Менталдылық дегеніміз-әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, рухани көзқарасы. Бұл қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасына әсер ететін ұғымдардың бірі болғандықтан, қоғам дамып, өзгерген сайын, халықтың да сол заман ағымына сай өзгеріп отыруына ықпал етеді.
Қоғамдық сананың интеграциясы, ұлттық код, ұлттық дүниетаным және менталдылық, бұның барлығы –мемлекетіміздің дамуының және «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес, әлемде көш бастап тұрған 30 елдің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Әлем қанша өзгергенмен де рухани жаңғыруымыз үшін осындай ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, қоғамдық сананы жаңғыртуымыз керек.