Кенесары-мемлекеттігімізді қалпына келтіру, халықтың басын біріктіріп, азаттық пен бостандыққа қол жеткізу үшін, тәуелсіз ел болу мұратын көздеген сындарлы саясатшы, қайраткер, ірі мәмілегер, дарынды қолбасшы. Кенесарының іс-қимылын ұлт-азаттық ретінде бағалаған белгілі ғалым Ермахан Бекмағанбетовтың тарихты бүкпесіз, бүркемесіз көрсетуге тырысқаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі. Бірақ ақиқатты бұрмалауға ешкімнің құдіреті де, құрығы да жетпеген.
Нұрсұлтан Назарбаев, Елбасы- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.
Кенесары Қасымұлы 1802 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Көкшетау деген елдімекенінде дүниеге келген. Қазақ халқының патшалық Ресейге Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізілген ұлт-азаттық күресін басқарушы. 1822 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ халқын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Хан Кененің әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босату жолында көп күш жұмсады. Кенесары мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Кенесары өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы күрестегі ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. Қиын-қыстау шақтағы ортақ мүдде-ұлттық азаттығы үшін осындай әрекетке баруының өзі ұлылық емей немене?! Патшаның «бөліп алда билей бер» деген саясаты Қазақ даласына кеңінен тарады, елдің қатты наразылығын туғызды, оның жақтастарын көбейтуі заңды еді. Сонымен бірге Кенесарыға қарсы шыққан рулар да болды. 1841 жылы қыркүйек айында Торғай даласында үш жүз өкілдерінің қатысуымен Кенесарыны ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Оның саясатының басты мақсаты-Қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары қатаң тәртіп пен басқару принциптеріне негізделген Абылай атасының саясатын жүргізді. 1846 жылы Ресей жасақтары мен отаршылдыққа бой ұсынған Қазақ сұлтандарының әскери құрылымдары оны кіші және орта жүздер аумағынан ығыстырды. Иә, сонымен 1846 жылдың басында Қазақтың соңғы ханы, ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Кенесары хан мен інісі Наурызбай батыр Балқаш өңірінде тыныстады. Қасиетті бабамыздың біздің Балқаш жерінде болуы біз үшін мақтаныш, әрі тарихи оқиға еді. Кенесары мен Наурызбайдың қолы келгенде, бүгінгі Қарой ауылын мекен еткен Арықтыным балаларының бірі-Сақбай әулиенің әйелі Қара бәйбіше (Ұмсындық), сонымен бірге даңқы жайылып ел арасында аты аңызға айналған Әділбек батыр, сонымен қатар басқа да батырлар бар, бағланы бар бірталай азаматтардан қолдау тапқан. Кенесары Орынбор жақтағы руларға, «Жаратқан иеміз еркімен, кәпірлердің қыспағынан біздің орта жүзбен кіші жүздегі заманымыз бастан өтті. Сондықтан, біз Ұлы жүздегі Шу мен Іле бойынша қоныс тептік» деп үндеу жазған болатын. Қойнауы қанша құт болғанмен, хан Кене әскеріне Балқаш өңірінің байлары азық-түлік, сойыс мал, тағы басқа қажетті заттармен көмек көрсеткені айтпасақта белгілі. Себебі, Кенесары әскерінің екпіні – тау құлатарлық үлкен күш. Сең бұзарлық тасқын саны анандай-мұнандай болатын еді деп кесіп те айта алмаймыз. Жартысынан әлдеқайда көп қазақ қолдаған ханның қолын, көзіқарақты адамның өзі шамалар. Е.Бекмағанбетовтың «Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі» монаграфиясында ұлы ғалымның өзі «Кенесары Балқаш көліндегі адам аяғы жетпес Қамал аталатын түбекте қыстап шықпақшы болды. Қамал түбегі өте ыңғайлы жерде орналасты: Ол жан-жағына табиғи қамалдармен-Балқаш көлімен, Іле өзенімен және көптеген батпақты өзендермен қорашаланған. Түбекке батпақты Шығанақ арқылы өтуге болатын»,- деп жазды. «Хан Кене» кітабында Балқаш елінің ерекшелігі мен жерінің өзгешілігі де даңқты стратег қолбасшының көңілінен шыққан болуы керек. Кенесары 1846 жылы Балқаш көлінің жағалауына келгенде, «ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп, олар тамақтан тарығып, елдің айтуымен Сақбайдың малын алмақшы болады. Алайда, осы жағдайды естіген Қара бәйбіше дұғамен үш күн соқыр тұман жасап, оларды орындарынан жүргізбей тастапты. Төртінші күні «Қой мұнымыз болмас, астан үлкен нәрсе жоқ» деген қазақтың ырымына орай хан сардарларын тамақтандыруға қасына Ақанбай бұлбұлды (әрі шешен, әрі ақын) қайнысын ертіп, Қара бәйбіше екі абдыраны атқа артып, ханның жатқан жеріне барады. Ақанбай бұлбұл аттан түспестен Кенесары ханның шатырын қамшымен көтеріп ашып тұрып, суырып- салма шешендік сөзімен ханға сәлем береді. Алғашқыда хан бұл қылығына ашуланғанымен, Ақанбайдың сөзі оған ұнап, риза болып аттан түсіртіп жанына отырғызады. Ханға Қара бәйбіше де сәлемдесіп, өздерінің дәм-тұз тартып, тамақтандыруға келгенін айтады. Рұқсатын алған бәйбіше абдыраның біреуінен ыдыс табақ алып, екіншісінен жеке-жеке ыдысқа тамақ құйып, хан сардарларын әбден тойдырады. Бәйбішенің бұл ықыласына риза болған хан Кене иығына зерлі тон жауыпты да, Ақанбай бұлбұлға ат мінгізіп қайтарыпты. Бері жолға ұзап шыққан соң, зерлі тонға қызыққан Ақанбай бәйбішеге «Сенің құртыңа берген жоқ. Менің ұртыма берді» деп зерлі тонға қызығып алып алады. Қара бәйбіше ренжіп, «Ақанбайға жылтырағанға қызыққанның ештеңкесі болмас» депті. Расында, Ақанбай жиырма жасқа жетпей қайтыс болып, артында-ұрпақ қалмапты. Десе де ханмен кездескен жері «Ақанбайдың ақ төбесі» атаныпты. Кейінгі ұрпаққа аңыз болып қалған. Қарой ауылында туып-өскен 1795-1880 жылдарда өмір сүрген ерлі-зайыпты Сақбай мен Қара бәйбіше (есімі Ұмсындық деп айтып отыратын бұрынғы қариялар дейді шөбересі Сейілхан Алин) (Іле-Балқаштың тұңғыш болысы) Зарыққан Әбілқасымұлы. 2016 жыл. Құрметті оқырман қауым осы Кенесары көтерілісіне қатысқан бірнеше балқаштық батыр бабаларымыз да бар екен, олардың өмірі мен ерліктеріне зерттеу жүргізіп, көлемді шығармалар жазсақ артық болмас еді. Смат Төлепбергенұлы. «Өмір өткелі» кітабынан (ықшамдап алынды). Тарих шерткен сыр.
Соғыстың аты-соғыс. Шығынсыз соғыс болмайды.
Ұлы жүздің Жалайыр руынан барған жауынгерлер көп шығынға ұшырады. Солардың бірі-Жалайыр руынан шыққан біздің Бәйтерек бабамыз еді. Оралмағаны Бәйтерек бабамызбен қан майданды бірге кешкен, кіші жүз Тама руынан шыққан Божбан еді. Соғыстан қу жандарын шүберекке түйіп жүрген Бәйтерек бабамыз: -Егер екеумізде елге аман-есен қайтсақ қандыкөйлек дос, тіпті өле-өлгенше достығымыз жарасып құда болайық-десе, Божбан:-Сен бойдақсың. Менің бір қыз, екі ұлым бар. Руым Тама екенін білесің, әйелім де сол рудан. Сен тірі қалсаң осылар саған аманат. Іздеп барып алып қайтарсың. Мен тірі қалсам, жаман айтпай жақсы жоқ, сенің еліңді іздеп барып, ата-анаңа қайда, қандай жағдайда көз жұмғаныңды айтып, сүйегіңнің жатқан жерін көрсетермін,-деп жауынгерлік әдетпен серттеседі. Соғыс аяқталуға жақын қалған кезекті бір шабуылда Божбан өмірден өтеді. Бәйтерек бабамыз бір көзді беріп, елге келеді. Күндер өтіп жатады. Бәйтерек бабамыздың соғыстан келгеннен кейін көңіл-күйі болмайды. Үй ішінің: -Сенің бір жерің ауырып жүр ме?-дегеніне. –Жоқ, еш жерім ауырмайды,-дейді де қояды. Ақыры, ата-анасы жігіттің жеңгелерін шақырып, солар арқылы сырын ашқызады. Ол сыр ауыл ақсақалдарының құлақтарына да жетеді. Олар ақылдаса келіп, қазақтың салт-дәстүрімен ақсарбас айтып, Құран оқытып, ақ баталарын беріп, аман-есен оралуын тілеп, марқұм досының аманатын орындауға кіші жүз еліне аттандырады. Бәйтерек бабамыз серіктерімен ұзақ жол жүріп, досының еліне жетіп, болған жағдайды бастан-аяқ айтады. Сонда ауыл ақсақалдарының бірі:-Біріншіден, Божбанның әруағын сыйлап келгендеріңе рахмет. Екіншіден, біз де Құдайдың басқа салғанын көріп, соғыстың ауыртпалығын тартып отырмыз. Балалары да жас. Әлі оңы мен солын танып білмейді, біз де елміз, біз де жұртпыз. Олар жат болып кетеді. Сондықтан жат жерге жібермейміз,-дейді. Оның бұл пікірін қостағандар да болады. Қарсылар да табылады. Ақырында «Соңғы сөзді балалардың анасы айтсын» деген қорытындыға тіреледі. Балалардың анасы:-Сонша жерден ат арылтып келгенде неге жалғыз қайтарамын. Марқұм Божбанның тірлігінде сыйласқан қандыкөйлек досының аманатын өлген соң қалайша орындамайын? Онда менің Божбанды о дүниеде тыныш жатқызбағаным болар. Ағайын-туыс сіздерден рұқсат сұраймын,-дей келе абысын, қайынаға, қайындарына, қайынсіңлілеріне рахметін айтады. Сонымен Бәйтерек бабамыз досының аманатын орындап, бір қыз, екі ұлды Жалайырдың, оның ішінде алты баласы алты старшын ел болып отырған «Ақтеке» руына келіп түседі. Сөйтіп, олар да Жалайырдың «Ақтеке» руының бір түтіні болып, өсіп-өнеген екен.
Тағы бір тарихи дерекке тоқталсақ, әкем Жуанышұлы Күмісбайдың айтуы бойынша біздің бесінші атамыз Таңат ержүрек батыр адам болған. Біздің тегіміз Орта жүздің қыпшақ тайпасы. Оның ішінде торы қыпшақ (торайғыр). Ол кісі Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтерілістің белсенді мүшесі, мыңбасы, сенімді серіктерінің бірі болған.
Кенесарының әскерлерін он-дыққа, жүздіктерге, мың-дықтарға бөліп басқарғаны тарихтан белгілі. Осы ұлы жорықтарға Таңат әкеміз бастан-аяқ қатысқан. Әкемізге Балқаш жері ұнаған сияқты. Кенесары әскері Іледен өтіп, Шу арқылы Қырғыз жеріне барады. Қырғыз манаптарымен болған, күші тең емес соғыста Кенесары әскері жеңілген соң, әкеміз қайын-жұрты Найман еліне барған. Біздің түп шешеміз Найман руының қызы екен. Шешеміздің әкесі Найман елінің ішіндегі ықпалды, әрі бай, ақылды адам болса керек. Ол жақта да Кенесарыға қарсылары бар, басқасы бар Патша өкіметіне ұстап беруге әрекет жасаған. Атасы Таңатқа «қарағым, баламды алған баламсың, саған түбінде біреулер қастандық жасаса, ұяты маған келеді, сен енді бала-шағаңды алып, Жалайыр еліне көш»,-деп өзінің достарына сәлем айтып, шығарып салыпты. Содан аздаған отбасымен бірге Талдықорған жеріндегі Кәлпе елдімекеніне келіп, біршама уақыт тұрыпты. Өйткені біздің атамыздан тараған Ержан деген немере інісі әкем Күмісбаймен араласып тұрған. Баласы Төкен 1978 жылы ауылға келіп, осындағы қыпшақ туыстарын аралады. Таңат әкемізбен бірге Балқаш жеріне 3-4 үй қыпшақтар көшіп келген. Олар Қосай (күшік) атаның ішіндегі Байсары-Байтоқтың бір баласы Жылқыайдар руына келіп қосылыпты. Қыпшақтарға жер, енші беріпті, олжа берген сүйекке түсірген. Қазір де бұл дәстүр жалғасып келеді. 1846 жылдың көктемінде Кенесары-Наурызбай жасақтары, Шу өңіріне Алатауға бағыт алады. Кенесарының Іле өзенінен өтуі туралы ел арасында бірнеше әңгіме сақталған. Кенесарының қолы қазіргі Үшжарма елдімекенінен сәл жоғары Қара Тораңғы деген жерден өтеді. Сол жерде Смағұл деген жігіт ханды, оның отбасын т.б. адамдарды үлкен томар қайықпен өткізеді. Арғы бетке өткен соң хан: «Жігітім, сен бізді Іле дариясынан аман-есен өткіздің, еңбегіңе не сұрайсың» дегенде, Смағұл шешемнің шай қайнататын құманы тесіліп қалып еді деген көрінеді. Хан оған құман, т.б. сыйлықтар беріпті. Бұл оқиғаны естіген қариялар: «Қап, сен бойдақсың. Жағдайыңды айтқанда саған хан бір қыздың қалың малын беріп кететін еді» деп өкініпті. Әруағыңнан айналдық, кемел ойлы кемеңгер тұлғаларымыз Сақпай әулие, Әділбек батыр, Кенесары ханның қолын, Тойшыбек батыр, Рустем төре, Байзақ датқалар мекен еткен Шу өңіріне аман-сау жеткізеді.
Әділбек батыр Кенесарының қолында қалып көтеріліс біткенше ұрысқа қатысқан. Әділбек бабамыз туралы ел арасында аңыз-әңгімелер көп. Сондықтан келешекте батырдың өмірі мен ерліктері жөнінде көлемді мақалалар жазармыз.
Кенесары ханның өзі Әділбек батырдың ептілігін батырлығын бағалап астына күрең тұлпар міңгізеді. Сан шайқастарда хан берген күрең тұлпар Әділбектің сенімді серігі болады. Бір шайқаста Әділбек ауыр жараланып, қырғыздардың қоршауында қалады. Күрең тұлпардың арқасында қоршаудан аман құтылады. Елге осы «Аманбол күрең» мен оралады. Елге оралғанда Әділбек батырды Балқаштың Сақбай әулие Әділбекке 200 бас қой, 2 үйір байтал әкеліп беріпті. Әдеке мына малды керегіне жаратып ермек етіңіз депті. Әділбек елге келген соң «Аманбол күреңді» бәйгеге қосып, талай бәйге алады, барымташыларды қуып жетіп, елдің жылқыларын өздеріне қайтарады. Орыстың жасауылдарымен қақтығысып сол атының арқасында талай қиын жағдайдан аман шығады. Әділбектің 80-ге толған шағында «Аманбол күрең»-аты әрі серігі өледі. Әділбек батыр аза тұтып, қайғырып жатып қалады. Мені білетін ағайын, менің атым емес адамым өлді, маған жоқтау айтып келсін деп хабар береді. Ағайындары дауыс шығарып, батырдың қайғысына көңіл айтады. «Аманбол күреңді кебіндеп адамша жерлепті. Қазақта батыр бастас» деген сөз бар, біз жоғарыда Балқаштан шыққан Кенесары соғысына қатысқан Бәйтерек бабамыз туралы айтқанбыз. Бәйтерек елге келгеннен кейін, Әділбек батырдың қызына құда түсіп, Жиенбай деген ұлына Әділбектің кіші қызы Ақжүністі алып беріпті. Жиенбайдан Ақпан, Қоқан, Шүленбайлар тарайды.
Әділбек бабамыз тек батырлығымен емес әулие көріпкелдігімен де елге танылған. Көкжиде ауылынан солтүстік шығыста 8-9 шақырымдай жерде «Найзақызыл»-деген төбе бар. Ол төбенің бір ерекшелігі, басқа төбелердей тізбектеліп емес, ашық аумағы атшаптырымдай алаңқайда оқшау тұр, әрі биік. Төбенің басына шықсаңыз айналадағы нысандарды бірнеше шақырымдай жерден көруге болады. Ауылдан мал іздеп шыққан адамдар бұл төбеге шықпай кетпейді. Нашар атпен төбеге шыға алмайсыз. Осы төбенің айналасы кезінде сулы көкалды алқап болса керек. Әділбек бабамыздың құт мекені. Әділбек батыр елдің игі жақсыларымен, осы төбенің басында әңгімелескенді ұнатады екен, әрі найзасын жанына шаншып қоятын көрінеді. Содан бұл төбе «Найзақызыл»-деп аталыпты. Әділбек бабамыздың қартайып күш-қайраты қайтқан кезде ұрылар ма? Әлде барымташылар ма? Батырдың жылқыларын айдап кетіпті. Қуатын шамасы болмаған соң төбенің басына шығып, найзасын шаншып назаланып отырып қалса керек. Малын айдаған ұрылардың басшысы аттан құлап, мойны үзіліп өліпті. Кешегі төбенің басында отырған шалдың тегін адам емес екенін түсінген ұрылар, батырдың малын өзіне қайтарып, кешірім сұрап, жөндеріне кетіпті.
Жақында осы «Найзақызыл» төбесіне Марат Бейсенбеков бастаған ұрпақтары, Қордайдың қызыл гранит тасынан қашалған салмағы бірнеше тонна болатын құлыптас орнатты. Онда былай деп жазылыпты: Әділбек батыр Балпанқұлұлы (1802-1897ж) Жалайыр-Қосай.
m (Жалайырлардың таңбасы).
Осы ескерткіш орнату рәсіміне белгілі журналист бірнеше кітаптың авторы Зарыққан Әбілқасымұлы қатысып қайтты. Алда Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толады.Қазір Зарыққан ініміз Алматыдағы А.С.Пушкин кітапханасында, Балқаштық батырлар туралы архивтік материалдар іздеп жатқан көрінеді. Егер Балқаштан шыққан батырлар туралы және Балқаш ауданына байланысты тың деректер табылса бізге үлкен олжа болар еді деген ойын да айтып қалды. Кенесары көтерілісінің қозғалысы туралы түсірілген карта тауыпты. (Карта движения Кенесары Касымова) картада Кенесары көтерілісінің негізгі бағыттары айқын көрсетілген және Ресей, Қоқан бекіністеріне жасаған шабуылдары, ханның қаза тапқан жері де түсіріліпті, бұл біз үшін өте құнды дерек, тарихи құжат. Келесі жылы Әділбек бабамыздың да туғанына 220 жыл толады екен. Келешекте Кенесары, Әділбек бабаларымыз туралы көлемді шығарма жазу ойында бар екенін де жасырмады. –Иә, қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы көптеген кіаптар, жыр дастандар, аңыз әңгімелер, тарихи фактілерге негізделген ой-толғаулар көп. Белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерінің көлемді шығармалары баршылық.
«Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі» жайлы ұлы тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Хан Кене» кітабын жазды. «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» кітабында (1947) Кенесары Қасымовтың көтерілісін (1837-47ж) қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағаны үшін Е.Бекмаханов саяси құғын-сүргінге ұшырады. Қазақстанның 18-19 ғасырлардағы саяси, әлеуметтік-экономикасы тарихы туралы терең мазмұнды бірнеше ғылыми еңбектер жазды. Ілияс Есенберлин (1915-1983) Қазақ халқының тарихын терең білетін, суреткер жазушы «Қаһарды» жазды. Бұл кітапта І.Есенберлин Кенесарының өмірі мен ерліктерін көркем әдеби тілмен шебер суреттелген.
Аңыз адам туралы №33 қараша 2011 жыл.
ЕР ЖІГІТКЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ
Кенесары атқа мінуді және садақ тартуды бала кезінен үйренген екен. Ол Көкшетау таулары мен Бурабайды мекендейтін жабайы аңдарды аулауға шыққанда өте жақсы көрген. Қазірге дейін Бурабай мен Көкшетаудағы тау шатқалдары мен асулар оның есімімен «Кенесары үңгірі» деп аталады.
ЕРЖҮРЕК КЕНЕСАРЫ
Кенесары жас кезінен батылдығымен және ержүректілігімен ерекшеленген. Жасөспірім кезінде-ақ ол бір жолы құрдастарына: «Мен ешқашан өзімнің батырлығымнан танбаймын және керемет ерлік көрсетіп барып өлемін»,-деп айтқан екен. Кейін Кенесары шынында да, ержүрек батыр және қолбасшы болды. Алашта талай-талай ерлер өткен.
Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?!
Мағжан Жұмабаев, ақын.
Тарихшы Смирнов оның есейген жылдарын сипаттай келіп, былай деп жазды: «Иығында полковниктік белгі эполеттары бар бақыт бешпенті бойына жарасқан, соңынан ту ұстаушылары ерген Кенесары ылғи өз тобының алдында құйғытып бара жататын». Кенесарыны Л.Мейлер де осылай сипаттап, оны «шексіз ержүрек еді» деп атап өтеді. Көтерілісшілердің өздері Кенесарыны ерекше қаһармандығы үшін жоғары бағалаған және оны «Ержүрек батыр» деп бағалаған.
Кенесарының сипатамасы
Кенесары бейнесі салынған суреті сақталған жоқ, алайда оның сыртқы түрінің толық суреттемесін Б.Салтабаев өзінің очеркінде береді; «Кене хан арықша келген орта бойлы,жуан мойынды еді. Оның жүзі қара торы, тартымды көздері жалтылдаған бүркіттікендей қызыл және танауы делдиіңкіріген еді.Кішірек ьұрты және калың саыр қоңыр шоқша сақалы бар.Ол аз сөйлейтін және өзін қаталдау,байсалды,үлкен бір бекзаттық пен ұстайды.Ол басына құндыз терісімен көмкерліген кішігірім тері тымақ киеді.Киімдерінің сыртынан түйе жүнінен тоқылған сұр шекпен жамылып, оның ішінен кәмшат терісінен тігілген тон киеді.Жейдесімен шалбары ақ матадан қолдан тоқылған».
«Голос» газетінде жарияланған құжатта Кенесарыны былайша сипаттайды. «Абылай ханның тікелей ұрпағы, оның немересі Кенесары өзінің ерекше ерлігімен аты шыққан батыр және қазақтар арасында ерекше беделді адам болатын. Ол ақырында Үлкен орданың және тіпті орыстар билігіндегі Орта және кіші ордалардың кейбір руларының ханы атанып,орасан зор билікке ие болды. Қазіргі Түркістан облысынан Ташкентке дейінгі аралықты толық дерлік,Семей облысының жартысынан астамын, Кіші орданың бір бөлігін және сібір мекемесі Ішкі ордасы қазақтарының тең жартысын өзіне бағындырды және солардың толық билеушісі болды».
Кенесары өз жасағының мәртебелі әміршісі бола білді. Оның рухына бөлінген жасаққа еуропалық әскердің қандай да болсын қолбасшысы таңданар еді... Дала құйынындай тегеуірінді, екпінді Кенесарының қолы жортқылуда да, қамал алдында да бөгелмейтін... Біздің көшпенділер Кенесары бойындағы осындай қасиеттерді, қастерлейтін,оған шексіз сүйіспеншілікпен, жанын пида етуге даяр адалдықпен жүректерін лүпілдететін. Н.Н.Середа өткен ғасыр тарихшысы.
Кенесары көтерілісшілердің көсемі ретінде саяси аренаға өзінің әкесі мен ағасының өлтірілуінен кейін ғана шықты.Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуында Қазақ хандығының тәуелсіздігін қайта өрлету үшін күресте онығ отбасы,туыстары белгілі рол атқарды. Кенесары хан тарихи тұлға, оның өмірі мен ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.Егер ол кейбір сұлтандар сияқты жеке басының қамын ойлап, патшаның отарлау саясатын қолдаса,оған орыс патшасы қолдау көрсетіп барлық жағдайын жасар еді. Бірақ Кенесары бабамыз елінің тәуелсіздігі,жерінің тұтастығы үшін күресіп жанын пида етті. Кенесарының інісі Наурызбай (Науан) да өзінің ерлік істерімен,батырлығымен,қайсарлығымен алаш жұртына белгілі тарихи тұлға.
Кейбір тарихшылар Науан қазақтың соңғы батыры,әрі алып күштің иесі деп бағалайды. Жекпе-жек шайқаста оған ешкім шақ келмеген көрінеді. Ел арасында Наурызбай батыр туралы жыр-дастандар,аңыз әңгімелер көп таралған.Кенесары-Наурызбай жасақтары деп аталады,көп жағдайда ханның әскерін Науан батыр басқарған. Наурызбай ерлік істерін өмір жолына зерттеу жүргізіп көлемді шығармалар жазсақ нұр үстіне нұр болар еді. Қазақтардың ХVIII-XIX ғасырларда болған барлық ірі көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшнлігі оған үш жүздің бұқара халқы түгел қатысты. Кенесары көтерілісі,жергілікті жерлердегі кезек-кезек бұрқ еткен көтеріліс ошақтарының жиынтығы болды. Сонымен бірге тартып алынған қазақ жерлерін қайтаруды және салынған бекіністерді жоюды,алым жинау мен әртүрлі салық салуды тоқтатуды патша өкіметінен талап етді және оның бұрын қазақтарға тиесілі болған жерлерді қайтару үшін Қоқан мен Хида хандықтарымен күресуі қазақ халқының өмірлік мүдделеріне сай еді. Қоқан ханымен тынымсыз күрес жүргізе отырып, кенесары олардың шеңгеліндегі Ұлы жүздің жерлерін қазақтарға қайтаруды мақсат етті. Ол бүкіл өмірінің 10 жылын өте қиын жағдайда Ресей, Қоқан,Хиуа хандықтарының басқыншылық шабуылдарына тойтарыс беріп отырды. Патша Кенесарының басы үшін 3 мың сом алтын ақша тігіп қайткенде оның көзін жоюды көздеді.
1847-17-25 сәуір аралығында Кенесары ханның қырғыз жасағымен соңғы шайқасы Тоқмақтың шығыс жағындағы Кекіліс-Сеңгір тауының бөктеріндегі Шу өзеніне 1-2 шақырымдай жер болатын Майтөбе деген таулы үстіргі іргесінде болды.
1847-Кенесары Қырғызстанның жетіжал жотасың оңтүстік алыбындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында ерлікпен қаза болды өзін өлтірер алдында Кенесары қырғыз манаптарына тағы да өз ойын айтты: «Жауласуды қояйық та, ортақ жау Қоқанға қарсы бірлесіп күресу үшін қазақтар мен қырғыздардың күшін біріктірейік» деп ұсыныс жасады. Алайда қырғыз манаптары бұл жолы да оның ұсынысын қабылдамады. Кенесары өзін өлтірер алдында,иін тірескен халық жиылып тұрған сол бір шақта өлеңдетіп қоя берді. Өлеңінде өз елінің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында өзі жүргізілген аса ауыр күрестің бүкіл өткен жолын баяндады. Сарыарқаның кең даласын, шайқаста қаза тапқан серіктерін еске алды. Кенесарыны өлтірілер алдындағы сәті былайша суреттелген: «Кенесары жиналған жұртқа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгіліп туған биік аспанға,онан соң жан-жағына қарап алып, ән бастайды.Ән ұзақ айтылып, жиналғандар ұйып тыңдайды.Ән сөздері тыңдаушының бойын билеп,жүрегін баурап,қатты толқытты.Ол өзінің өлеңінде туып-өскен кең даласында,кіндік кескен ауылында өткен бар өмірін еске алған еді». Кенесары өлімі оның серіктері үшін әскери достары үшін ауыр соққы болды.
«Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарынында» кітабынан. Халқының жоғын жоқтап,намысын қуған хас батыр, бекзат,асыл текті адамды Қырғыз ағайындардың қолы барып,қалай өлімге қиды екен деген ой да бізді мазалайды. Оның өмірі мен күресі тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау керектігін ескертіп тұрған тәрізді.Тәуелсіздігіміздің оңайлықпен келмегенін,тәуелсіздіктің қадірін білу керектігін,оны ауызбірлікпен,жасампаз ісімізбен нығайту жолында, бізге жол сілтеп тұрған бағдаршам тәрізді десек те болады.
Тілеуқұл КҮМІСБАЙ, штаттан тыс тілші.