Асыл мұра
МЕДЕТ ПЕН КҮЛӘШТІҢ АЙТЫСЫ
МЕДЕТ:
Ал, жаным, түсің жарқын, өзің бөтен,
Жүрмісің көрмесек те аман-есен?
«Түңілме түсі игіден» деген сөз бар,
Сипатың көзге толық бәрі де әсем.
Жол-жоба білетұғын сияғың бар,
Болды екен қандай адам тапқан шешең?
Көрген соң көлеміңді көзім тойды,
Айтатын бір сөзім бар мақұл десең.
Қай жердің, қандай елдің баласысың?
Бұл жерге келіп едің не себептен?
КҮЛӘШ:
Қаратал – туған ауылым, Арықтыным,
Сіз де ширақ жігітсіз танып тұрмын.
Өсембай – әкем аты, атым – Күләш,
Көргелі келген едім халық түрін.
Өкімет, партияның кең
заманы
Әркімді бөтен елмен таныстырдың,
Бір аға, бір інім бар осы
ауданда
Хабарын осы жерден анық білдім,
Өкіметтің қолтығы
кең болған соң
Ат ізін ауданыңа салып тұрмын.
МЕДЕТ:
Ал, Күләш, заулат, шырқа, өленіңді,
Көрейік бізде байқап өнеріңді.
Екеуміз сәтті күні кез келіппіз,
Табамын қайдан іздеп дегенімді.
Он бестен ұрғашыға саятшы едім,
Еш әйел сындырмаған беделімді.
Ішің – мыс, сыртың – алтын болмас па екен?
Көрген соң көзім сүйді көлеміңді.
Ішіңіз сыртыңызға ұқсас
болса,
Кетерсің бір тигізіп себебіңді.
Сағымды, сірә жаным, сындырмассың,
Келтіргін адам болса көмегіңді.
КҮЛӘШ:
Кез болды қайдан мына қырма сақал?
Сөзінің бірі майда, бірі қатал.
«Әркімді алсын құдай теңіменен»
Деген сөз бұрынғыдан шыққан мақал.
Әлі де күдеріңді үзбейсің ғой,
Көркің бар жастан тоқтар әлдеқашан,
Сабырмен, салмақпенен тоқтатпасаң
Жарға ұрған жүйрік көңіл алып қашар.
Әркімге не қылғаннан қатар жақсы,
Бала еді таңдағаным он бес жасар.
Қызық, той жүрген жерің жігіт-ақсың,
Сізді мен деп тұрған жоқ, тіпті нашар.
Жиырма, жиырма бесті көксегенмен
Халқымыз көрінбейді таудан асар.
МЕДЕТ:
Сізді сақал алмайды,
мен аламын,
«Сүйген жарым Күләшім»деп аламын.
Тағдыр жазса қосылу ғажап емес,
Ақ төсіңнің үстінде
демаламын.
Қадіріңді кім білсе қатарың сол,
Кәрі-жас неге керек шекараның?
Қатарым деп бір-бірін сүйіп барған
Талайын көріп жүрсіз бозбаланың.
КҮЛӘШ:
Ағажан, бар шығар-ау атағыңыз,
Сөз түсінбес адамға қапалымыз.
Пайдалы, пайдасыз ба біле алмадым
Көбірек көрінеді мақалыңыз.
Адам шошып ұйқыдан
оянбай ма,
Қадалса тікенектей сақалыңыз?
Жастағы көңіліңіздің сарқыны ғой,
Маған айтып отырған шатағыңыз.
Қайтесіз мені қалап үлкен кісі,
Бар шығар сіздің де
тең қатарыңыз.
Шал екенсіз ішіңіз пысып жүрген,
Жапалақ, бөктергіңіз мен емеспін,
Қолына жамандардың түсіп жүрген.
Ал, аға, көрінеді сөзің майда,
Ап қашар жүйрік көңіл терең сайға
Тең-теңімен жарасар деген қайда?
Жараспас ер тоқымың асау тайға.
Ұсынба қол жетпейтін аспандағы
Бата қылған секілді туған айға.
МЕДЕТ:
Сен болсаң қызыл түлкі бұлғақтаған,
Мен едім қанды қақпан құр жатпаған.
Жымға да құратұғын тұзағым бар,
Қашан түлкі түсетін сырғақтаған.
Өзіңдей қашқан аңға әдісі көп
Жыланды жігіт ұстар жылмақтаған.
Нәрсені әрбірден соң ешкім алмас,
Бағасы көтеріліп қымбаттаған.
Өзіңе түсінер деп айтып тұрмын,
Білімсіз жаман қызды кім мақтаған?
КҮЛӘШ:
Кездесер жастардың бір ұнағаны,
Алар мені тең түсіп шыдағаны.
Қақпанмен, тұзақпенен аң ұстаған
Қарттардың бізге жүрмес бұл амалы.
Есіңізден жаңылып қалып жүрме,
Түлкіні аламын деп жырадағы.