Республикалық халықтық штабтың мүшелері оралдықтармен кездесті. Кездесу барысында ел таңдауына түскен ұсыныстың мән-маңызы талқыланды.Өңірде халықтық штаб өкілдерімен бірнеше кездесу жоспарланған. Әуелі этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бас қосқан штаб мүшелері кейін волонтерлермен кездесті. Оралдық өндіріс орындарының ұжымы да кездесуден қалыс қалмады. Жұмысшылар еліміздің қуат тәуелсіздігіне қол жеткізуді құптайтынын білдіріп, АЭС туралы пікірін айтты.
БАҚТЫҚОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АМАNАТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздің энергетикаға деген сұранысымыздың өсу қарқыны біздің мүмкіндігімізден әлдеқайда жоғары. Сондықтан таяу жылдарда біздің энергетикаға деген сұранысымызға байланысты елде үлкен энергия жетіспеушілігі болғалы тұр.
САЯБЕК САХИЕВ, "ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫ" РМК БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қызылорда облысынан бастап, Жетісу облысына шейін Алматы мен Шымкент қалаларында Қазақстанның 50% халқы тұрады. Міне, осы жаққа электр энергиясы қазір тапшы, жетпей жатыр. Сондықтан солтүстіктен энергия тартқан өте қымбат. Өйткені қашықтық артқан сайын электр энергиясының шығындары да көбейе береді. Егер кенеттен солтүстік өңірде қажет болатын болса, сол жерден электр тогын жеткізу оңай.