КҮРІШ ОРАҒЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

DSC_0027.JPG

Ырысты өлкемізде ел аузында кеңінен тараған «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген қанатты сөз бар. Бұл аграрлы ауданымыздың егіс алқабында атқарылып жатқан толағай табысты еңбектің нәтижесіне байланысты айтылған деп ойлаймыз.

Аудан диқаншылары ерте көктемде 7000 гектар суармалы жерге күріш дақылын еккен болатын. Ақ күрішті ала жаздай күтіп-баптап, оның өсіп-өнуіне бар күш-жігерлерін жұмсаған аудан диқаншылары күріш орағын аяқтауға таяп қалды. Өйткені  аталған егіс көлемінің 5 454 гектары шабылса, оның 3 846 гектары бастырылған.

Ауа райының қолайлы сәт-терін ұтымды пайдалануды мақсат тұтқан диқаншылар қауымы қырманды ақ маржанға толтырып, жұмыс қарқыны егіс алқабында да, қырман басында да қызу жүргізіліп жатыр.

Күріш орағын ойдағыдай орындап, әрбір бітік өскен дәнді - дақылды ысырапсыз жинауды басты мақсат санаған шаруашылықтардың жұмыс қарқыны көңіл қуантарлықтай десек болады. Егін орағын жинауда қарқында жұмыс атқарып жатқан шаруашылықтарды атап айтар болсақ, Агрофирма «Бірлік», «Тамшыбұлақ», Агрофирма «Өтес» және «Бауыржан-7» ЖШС-тер және «Динара» ӨК-і қамшы салдырмай, көш бастап келеді.

Ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс қарқынын көзбен көру мақсатында осы аптаның сәрсенбісі күні аудан-дық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Бөпешбаевпен бірге аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірегейі Агрофирма «Бірлік» ЖШС-нің егіс алқабына барып қайттық.

Біз арнайы атбасын бұрған шаруашылық көктем айларында өздеріне тиесілі 1 360 гектар суармалы жерге күріш дақылын егіпті. Жаз бойы жоғары күтімде өсіп-өнген күріш алқабын толықтай шауып, бүгінде оның 865 гектарын бастырып үлгерген.

Аталмыш шаруашылықтың директоры Алмастың айтуынша күріш орағына 26 комбайын қолданған. Оның 6-уы шабу жұмыстарын ойдағыдай атқарып шықса, қалғаны шабылған күріштің дәнін жинауға кірісіп жатыр. Сонымен қатар астық тасу үшін он екі «МТЗ-1221, жиырма «МТЗ-80 және бір «YTO-1304» тракторлары жұмылдырыл-ған екен.

Алмас Қыстаубаев әңгіме барысында биылғы жылы 950 гектар суармалы жерге бидай егіп, әр гектарынан 25 центнерден өнім алып, 2500 тонна астықты диірменге өткізгенін және 3250 гектар жерге егілген көпжылдық шөптен үш орым бойынша қысқы мал азығы ретінде  100 мың орама шөп дайындалғанын тілге тиек етті.

Сапар барысында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруа-шылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Өтешбайұлы егіс алқапта жүрген Агрофирма «Бірлік» ЖШС-нің директоры Алмас Әбдіжаппарұлымен және механизаторлар Асқар Тайбақов пен Ерболат Әтен-беков, шаруашылық агрономы Досжан Нығатов егіс алқабында дестеде жатқан күріш сабағын көріп қанша өнім алуға болатыны жөнінде өзара әңгіме өрбітті. Шаруашылық басшысы осы уақытқа дейінгі алынған күріш өнімінің әр гектарынан 45 центнерден айналып  тұрғанын және егін орағы аяқталғанша 50 центнерден өнім алуды жоспарлап жүргенін жасырмады. Осындай мол өнім алуларына басты себеп жыл сайын ауыспалы егіс алқабын тұрақты сақтап, «Карбомид», «Амофос» тыңайтқыштарын уақытылы қолданып, күріш дақылының өсіп-өнуіне қажетті бар жағдайды жасағанының арқасы екенін де атап өтті.

Егіс алқабын аралап шыққан соң Бірлік ауылының  күнбатыс жағында орналасқан қырманға келіп, ол жердегі жұмыс қар-қыны қаншалықты екенін де көзбен көрдік.

Алыстан арбаланып келіп, қырман ауласына ақтарылып, таудай болған үйінділерді қыр-ман жұмыскерлері дер кезінде сорттап, бітік дәнді жауын-шашын тимейтін қоймаларға реттеп жатыр екен. Ол жерде белсенді жұмыс жасап, бір сәтке тыным таппай  жүрген механизатор Талғат Жайшібеков пен қырман операторы Болат Естаевты аңғарып, атқарып жатқан тірліктеріне дән риза болдық.

Шынында да  қанша қарап тұрсаң дала төсіндегі дүбірлі еңбек көрінісіне көз тоймайды.  Диқандар күрішті шашпай-төкпей жинап алуға бар күш- жігерлерін салып, кірісіп жатыр.

Жерден несібе терген аудан диқаншылары жақын күндері егін жинауды толықтай аяқтайды деген жоспар бар.

Еңбектің қарақазанын қайнатып жатқан аудан диқаншыларының бүгінгі жұмыстарына береке берсін деп ләйім тілектес болайық, ағайын!

                                                               Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі.


 

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 күндік таңғы жаттығу
  • АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
  • Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде
  • Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер
  • Атом электр станциясын салу жөніндегі