ӨҢІРДЕГІ ӨРКЕНДІ ІСТЕРГЕ БАҒА БЕРДІ

EDM_7013.JPG

Осы аптада облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов жеріне Қыдыр қонып, еліне бақ дарыған ауданымызға арнайы атбасын бұрып, өңірдің бүгінгі тыныс–тіршілігімен танысып, алдағы атқарылар істерді саралап қайтты.

Қай салада болмасын берекелі жұмысы көрініп,  татулықты ту еткен  ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысын байқап, өңірдегі құрылыс нысандарын аралады.

Алдымен аудан орталығын-дағы «Қонаев саябағына» аял-даған  облыстық мәслихат тө-рағасы Талғат Ескендірұлы, облыстық мәслихат депутаты Ерболат Құсайынов, облыстық мәслихат аппаратының басшысы  Серік Нұрқадыров, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының орынбасары Бақыт Төлебекова, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аят Сәбитов, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының міндетін  атқарушы Димаш Сыдықов Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, қазақтың біртуар тұлғасына тағзым етті. Артынша аудандық әкімдікке атбасын бұрып, мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарымен бас қосып, келер жылғы бюджеттік жоспарлау мәселесін талқылады. Депутаттар, әкімдік мүшелері, мәслихат аппаратының қызметкерлері қатысқан жиынды аудандық мәслихаттың төрағасы Кәдірбек Омаров ашып жүргізіп отырды. Келелі кездесуде  өңірдегі өзекті мәселелер талқыланып, күрмеуі көп күрделі жайттар тарқатылды. Алғашқы болып сөз алған Талғат Байеділов  Балқаш ауданының облыстағы айрықша орнын айтып,  тарихы терең, табиғаты тартымды мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы еліміздегі ауқымды өзгерістердің маңызды межесі болғандығын тілге тиек етіп,  сол саяси додада өңір тұрғындарының сеніміне ие болған халық қалаулыларына артылатын жа-уапкершілік жүгін жеткізді. Сондай ақ, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің аудандардағы тұрмыс-тіршілікке баса мән беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруды ерекше назарға алып отырғандығын да айтып өтті. Осы орайда мәслихат депутаттарын ел үніне құлақ асып, жұртшылықтың жағдайы үшін барынша жұмыс істеуге шақырды. Ол өз сөзінде:

– Қолда бар дүниеге арқа сүйеп отырмай, шикізаттық емес саланы, отандық өндірісті жан-жақты дамыту, инвестиция тарту аса маңызды. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясы.  Аудан, қалаларды өркендету, оның ішінде базалық инфрақұрылымды жаңарту да кезек күттірмес міндет. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы мен ауылдық   аймақтарды қатар өр-кендету басты назарда.   Бүгінгі кездесуімізде осы белгіленген мақсаттарды қалай іске асыру қажет деген мәселе төңірегінде пікір алмасамыз, – деп жеткізді.

Талғат Ескендірұлы ауданда әр сала бойынша өсу қарқыны байқалатынын айтып, өңірдегі өркенді істердің көкжиегіне көз жүгіртті. Шынымен де ақмаржанымен мәлім өңірдің мәні кіріп, сәні арта түскен. Бұл сөзімізді  аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Дәрібаев  ресми деректермен дәйектеп өтті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы аясындағы барлық салалар бойынша атқарылған жұмыстарды жіліктеп тарқатты. 

Бауыржан Темірғалиұлы  облыстық  мәслихат  төрағасы-нан аудан бойынша бірінші кезекте қажетті жобаларға қаражат бөлуді сұрады. Бақа-нас ауылы маңындағы Іле өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарына жобалық сме-талық құжаттамасы дайындалуда. Аталмыш істі ілгерілетер қаражат белгілі болған кезде құрылыс монтаж жұмыстарына қаржылай  көмек керектігін жеткізді.  Сонымен қатар мемлекеттік сараптамалары дайын жобалардың да қолдауды қажет ететіндігін тілге тиек етті. Атап айтқанда Бақанас ауылындағы Қонаев атындағы саябақты кеңейтіп, абаттандыру жұмыстарына, аудан орталығындағы Рысқұлов және Қонаев көшелеріндегі арық жүйесінің қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына, Жиделі ауылдық мәдениет клубының күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат қажет екендігін жасырмады.

Келесі кезекте сөз алған аудандық мәслихат депутаттары бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, аудан жұртшылығы алаңдаулы жайттарды тарқатты. Балатопар ауылындағы Топар өзенінің арнасын тазалау керектігін жеткізіп, осыған баса назар аударсаңыздар деген өтінішін айтты. Сондай ақ, Бірлік ауылындағы көшкен құм көлемінің көбейгендігін де тілге тиек етті, ал Тасмұрын магистральді каналының бас-тапқы сағасына үрлемелі су бөгетін орнату және 5-ші шлюз орнату да біршама ілгері істердің бастамасы болатындығын жет-кізді.  Облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов аталмыш жайттарды түртіп алып, міндетті түрде қаралатындығын тілге тиек етті.

Аудандық мәслихат депутаттарымен өткен кездесуден соң қонақтар Бақанас ауылындағы 30 жалгерлік тұрғын үй құрылысымен танысып қайтты. Өткен жылдың қыркүйегінде бастау алған тұрғын үй салу жұмыстары ағымдағы жылдың соңында қолданысқа берілмек. Мердігері «Асан М Компани» ЖШС тұрғызған баспаналарға депутаттар жоғары баға беріп, ризашылық танытты.  Сондай ақ, Бақанас ауылындағы 5 қабатты 40 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйге бас сұққан халық қалаулылары атқарылып жатқан ауқымды іске көз жеткізді. Бұл тұрғын үйде ағымдағы жылдың аяғына дейін қолданысқа берілмек.

Талғат Ескендірұлы бастаған топ егіс алқабына табан тіреді.  «Бауыржан-7» ЖШС директоры Талғат Сұлтанов қонақтарды күтіп алып, егіс алқабымен таныстырды. Мұнда ағымдағы жылы 112 га-ға күріш, 93 га бидай, 335 га көпжылдық шөп егілген. Жалпы суармалы жер көлемі 727 га қамтиды. Қазіргі уақыттың өзінде 4000-нан аса орама шөп шабылып, қаз-қатар тізіліп тұр.

Кездесу соңында  облыс-тық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов бүгінгі айтылған мәселелердің міндетті түр-де қаралатынын сөзіне қо-сып, аудан депутаттары жеткізген  жайттардың ерекше ескерілетінін айтып, әр ұсыныс бүге-шігесіне дейін анықталып, маңыздылығына қарай шешілетіндігін тілге тиек етіп,  күрішті де ырысты өңірдің белсенді жұмысына жақсы баға берді. 

                                                                                                         Өз тілшімізден.

 


Жарнама орны (6)

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • 10 күндік таңғы жаттығу
  • АЭС 8 балдық жер сілкінісіне төтеп береді – Мәжілісмен
  • Қонаевта жыл соңына дейін 765 абонент газға қосылады деп күтілуде
  • Тарифтер мен инвестициялар: Алматы облысындағы тиімді өзгерістер
  • Атом электр станциясын салу жөніндегі