
– Құрметті Азат
Алмабекұлы, тұрғын үй – әрбір отбасының берекесі мен тұрақтылығының
кепілі. Ел Президенті халықты қолжетімді
баспанамен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап келеді. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында ауданымызда қандай жұмыстар
жүргізілуде?
– Расында да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес республика көлемінде бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның нәтижесінде көптеген отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізіп отыр.
Өңірімізде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімдігінің қолдауымен тұрғын үй құрылысы қарқын алып, дайын баспаналарды сатып алу арқылы кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мұның барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
– Соңғы жылдары ауданымызда жаңа тұрғын
үйлер көптеп салынып жатқанын көріп жүрміз.
Халық арасында «Бұл үйлер кімдерге беріледі?»
деген сұрақ жиі қойылады.
Осы мәселеге нақты тоқталып өтсеңіз.
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2024–2026 жылдар аралығында аудан көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы кезеңде әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арнап 204 тұрғын үй сатып алынды. Заң талаптарына сәйкес тұрғын үйлер кезек тәртібімен берілуде.
Атап айтқанда көпбалалы отбасыларға – 88 пәтер, ал ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға – 5 пәтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына – 69 пәтер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 25 пәтер және І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға – 5 пәтер, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне – 12 пәтер берілді.
Бұл көрсеткіштер – аудан тұрғындарын баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан нақты жұмыстардың нәтижесі.
Тағы бір айта кететін жайт, пайдалануға берілген барлық тұрғын үйлер қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Яғни табиғи газ, ауыз су, электр желісі тартылған. Бұл тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған деген сөз.
– Жаңа тұрғын үйлердің сапасы да халық үшін өте маңызды. Бұл үйлерді қандай құрылыс компаниялары салып жатыр? Құрылыс сапасына қалай бақылау жасалады?
– Құрылыс сапасы – басты назардағы мәселе. Себебі бүгін салынған тұрғын үй ондаған жылдар бойы халыққа қызмет етеді.
Аудан аумағында салынған 30 жеке тұрғын үйдің құрылысын «АСАН М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Сонымен қатар 40 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйді «Бауыр құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салса, 24 пәтерлі алты тұрғын үйдің құрылысын «BC Lengthy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды.
Ал қалған тұрғын үйлер жеке тұлғалардан сатып алынды. Бұл үйлер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға заң талаптарына сәйкес табысталды.
Құрылыс барысында техникалық және авторлық қадағалау тұрақты жүргізіліп, барлық жұмыстар қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес қабылданады.
– Бүгінгі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде қанша азамат тұр? Санаттар бойынша айтып өтсеңіз.
– Қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 1045 азамат тіркелген. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар – 186, бюджеттік ұйым қызметкерлері – 109, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 95, әлеуметтік осал топтағы азаматтар – 256, санатсыз кезекте тұрған азаматтар – 399.
Бұл көрсеткіштер тұрғын үйге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан алдағы жылдары тұрғын үй құрылысы тоқтамайды. Кезекте тұрған азаматтарды кезең-кезеңімен баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.
– Биылғы және алдағы жылдарға жоспар қандай? Қандай ауылдарда жаңа тұрғын үйлер салынады?
– Тұрғын үй құрылысы жыл сайын жалғасатын болады.
2026 жылы аудан көлеміндегі әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту мақсатында Бақанас, Бақбақты, Миялы және Ақдала ауылдарынан жалпы саны 200-ге жуық пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Миялы ауылында 2 пәтерлі төрт тұрғын үй мен бір пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бой көтерген тұрғын үйлердің кірпіш қалау жұмыстары аяқталды десек болады. Бұл құрылыс нысандарының сапасына жауапты жеке кәсіпкер Жанат Жарасбаев.
Сонымен қатар аудан орталығы Бақанас ауылында жеке кәсіпкерлер бірнеше екі қабатты 12 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын бастап кетті. Бірқатар нысандардың іргетасы құйылып болса, кейбірінде қабырға қалау жұмыстары жүргізілуде.
Ал Бақбақты және Ақдала ауылдарында жоспарланған тұрғын үйлердің құрылысы жақын арада басталады.
– Қазіргі таңда тұрғын үй саясатын жүзеге асыру барысында қандай
мәселелер кездеседі?
– Әрине, кез келген салада белгілі бір қиындықтар болады. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, мердігерлердің жауапкершілігі, инженерлік желілерді тарту секілді мәселелер кездесіп жатады. Дегенмен бұл жұмыстар тұрақты бақылауда. Басты мақсатымыз – тұрғындарды сапалы әрі қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету.
– Соңғы сауал. Аудан тұрғындарына қандай
тілегіңізді айтасыз?
– Мемлекет тарапынан тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондықтан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар заң талаптарын сақтап, қажетті құжаттарын уақытылы жаңартып отырғаны дұрыс.
Ал біз өз тарапымыздан тұр-ғын үй құрылысының сапалы жүргізілуін, жоспарланған нысандардың белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді саламыз.
Ең бастысы – әрбір салынған үй ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етіп, аудан тұрғындарының жайлы әрі бақытты өмір сүруіне мүмкіндік берсін деп тілейміз.
– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы жұмыстарыңызға табыс, ел игілігі жолындағы еңбегіңізге толағай жетістіктер тілейміз.
Сұхбаттасқан – Бақтығали ДӘУІТБАЙ, «Балқаш өңірі».


