Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында меритократия қағидатын толық іске асыру негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Бұл қағида мемлекеттік қызметке қабылдау және қызмет бойынша ілгерілету үдерістерінің кәсіби құзыреттерге, білім мен нақты нәтижелерге негізделуін білдіреді.
Бүгінде мемлекеттік аппаратты жетілдіру мақсатында кадрларды іріктеу жүйесі кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу, конкурстық рәсімдерді оңайлату және барлық үміткерлер үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру көзделген. Бұл шаралар ашықтықты арттырып, адами фактордың ықпалын азайтуға бағытталған.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, меритократия мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі болып табылады. Яғни, әрбір мемлекеттік қызметші өзінің мансаптық өсуіне жеке жетістіктері мен кәсіби қабілеттері арқылы қол жеткізуі тиіс. Қазіргі таңда бос лауазымдарға орналасудың негізгі тетігі – конкурстық іріктеу. Әсіресе «Б» корпусы бойынша ішкі конкурстардың үлесі артып, бұл қызметкерлерге мансаптық өсуге нақты мүмкіндік беруде.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, меритократия қағидаты дамыған мемлекеттерде тиімділігін дәлелдеген. Мысалы, Сингапурда мемлекеттік қызметке қабылдау толықтай қабілет пен білімге негізделсе, Оңтүстік Кореяда ашық емтихан жүйесі қолданылады.
Ал Ұлыбританияда тәуелсіз комиссиялар кадрларды іріктеудің әділдігін қамтамасыз етеді. Бұл елдерде меритократия мемлекеттік басқарудың сапасын арттырып, қоғам сенімін нығайтқан.
Меритократияны енгізудің негізгі артықшылықтары айқын. Біріншіден, кадрлардың сапасы артады, себебі қызметке ең лайықты мамандар қабылданады. Екіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендейді. Үшіншіден, мемлекеттік аппараттың тиімділігі өсіп, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімі күшейеді.
Алматы облысы жергілікті атқарушы органдарында 2026 жылдың 1-тоқсан қорытындысы бойынша ішкі конкурстар нәтижесінде бос лауазымдарға 31 мемлекеттік қызметші тағайындалды, оның ішінде 22 қызметші бұрын төменгі лауазымдарда қызмет атқарған. Бұл ретте меритократияның үлесі 71% құрады.
Яғни 2026 жылдың 1-тоқсанында меритократия үлесі 2025 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда 9%-ға артты.
Осы мәліметтер кадрлық ілгерілетуде әділдік қағидатының күшейіп келе жатқанын және мансаптық өсудің нақты кәсіби тәжірибемен байланысып отырғанын көрсетеді.
Қорытындылай келе, меритократия – заманауи мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігі. Ол әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етіп қана қоймай, кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда бұл қағиданы жүйелі түрде дамыту – мемлекеттік басқарудың сапасын арттырудың маңызды шарты болып қала береді.
Қожахмет ЖАМБЫЛҰЛЫ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы.


