
Қазақстанда Жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау жалпыхалықтық сипат алып келеді. Осы мақсатта «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы 16 ақпаннан бастап еліміздің өңірлерін аралап, қоғамның түрлі әлеуметтік топтарымен кездесулер өткізуде.
Қысқа уақыт ішінде коалиция мүшелері Қазақстанның тоғыз өңірін қамтып, мыңдаған азаматпен ашық пікір алмасу жүргізді. Бұл кездесулердің басты мақсаты – Жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа түсіндіру, ұсыныстар мен алаңдаушылықтарды тыңдау, қоғамдағы нақты сұраныстарды анықтау болды.
Соңғы жылдардағы өзгерістер және жаңа кезең қажеттілігі
Бір шындықты ашық айту қажет: соңғы жеті жылда Қазақстан бұрын-соңды болмаған терең әрі жүйелі өзгерістер кезеңін бастан өткерді. Мемлекет басшысының бастамасымен төрт бірдей саяси реформалар пакеті жүзеге асырылып, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нығайтылды, азаматтардың саяси қатысу мүмкіндіктері кеңейді.
2022 жылы қабылданған конституциялық реформа елдің даму бағытын түбегейлі жаңғыртқан маңызды қадам болды. Алайда соңғы жылдардағы жаһандық геосаяси ахуалдың күрделенуі, технологиялық серпіліс, соның ішінде жасанды интеллект дәуірінің басталуы мемлекеттің негізгі заңын заман талабына сай қайта қарауды өзекті етті.
Өткен жылы қолданыстағы Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде Ата Заң көптеген өзгерістер мен толықтыруларды бастан өткерді. Сондықтан бірқатар заңгерлер мен сарапшылар Конституцияны жаңа редакцияда қабылдау – құқықтық жүйені жүйелеудің және болашаққа нақты бағдар берудің қисынды жолы деп есептейді.
Әлеуметтік кепілдіктер сақтала ма?
Халықпен кездесулер барысында ең жиі қойылған сұрақтардың бірі – білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы тегін қызметтер мәселесі болды. Қоғамда «жаңа Конституция қабылданса, бұл қызметтер ақылы болады» деген жаңсақ пікірлер тарауда.
Алайда бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Қазақстан әлеуметтік мемлекет болып қала береді. Бұл қағида Жаңа Конституция жобасында нақты әрі айқын бекітілген. Мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуы – соның айқын дәлелі.
Ата Заңның 1-бабында мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені көрсетілген. Жаңа Конституция жобасында да білім беру мен медициналық көмектің азаматтар үшін ақысыз көрсетілетіні тікелей жазылған. Бұл қызметтер бұрын да мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді және болашақта да солай болады.
Яғни, білім мен медицина саласындағы барлық негізгі әлеуметтік кепілдіктер толық көлемде сақталады.
Жоғары білім және тең мүмкіндік қағидаты
Жаңа Конституция жобасында қолданыстағы мәтіндегі «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген ұғымды алып тастау ұсынылған. Бұл – уақыт талабынан туындаған орынды шешім.
Бүгінде мемлекеттік білім гранттары арқылы студенттер тек мемлекеттік емес, жекеменшік жоғары оқу орындарында да тегін білім ала алады. Яғни, гранттың қай университетте игерілетіні емес, азаматтың білім алу құқығы басты назарда болуы тиіс. Бұл норма жоғары білімге қолжетімділікті кеңейтіп, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.
Сөз бостандығы және жауапкершілік
Қоғамда жиі талқыланатын тағы бір мәселе – сөз бостандығы. Жаңа Конституция жобасында сөз бостандығы айқын бекітілген. Сонымен бірге сын айту құқығы мен адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдейі қорлау арасындағы шекара нақты ажыратылған.
Лауазымды тұлғалардың қызметін сынауға, қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша пікір білдіруге толық мүмкіндік бар. Алайда ешкімді кемсітуге, қорлауға жол берілмейді. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең таралған және бұрыннан қолданыстағы қағидат.
Арнайы құқықтық режимдер: экономикалық серпін құралы
Жаңа Конституция жобасындағы тағы бір даулы тақырып – арнайы құқықтық режимдерді енгізу мәселесі. Бұл норма елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтай отырып, экономикалық дамуға серпін беруге бағытталған.
Арнайы режимдер ірі инвестициялық жобалар үшін ұзақ мерзімді әрі тұрақты кепілдіктер береді. Мұндай жобалар инфрақұрылымның дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердегі өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етеді. Конституциялық деңгейде бекітілген нормалар инвесторларға «ойын ережелерінің» тұрақтылығына сенім ұялатады.
Жалпы алғанда, Жаңа Конституция жобасында заман талабына жауап беретін, прогрессивті қоғамның сұранысына сай келетін және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды нормалар қамтылған.
Референдумға аз уақыт қалды. Сондықтан өңірлерде халықпен кездесіп жүрген әрбір азаматтық қоғам өкілі, сарапшы және депутат қоғамдағы пікірлерді талдап, жұртты толғандырған мәселелерге нақты әрі түсінікті жауап беруі аса маңызды.
Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, ол Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы даму бағдары.


