
Мен 1996 жылы бақ дарыған Балқаш топырағында дүниеге келдім. Бар балалық шағымды туған жерімде өткізіп, білім алдым. Қазіргі таңда Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы аудандық орталық ауруханада дәрігер болып қызмет атқарамын.
Үйдегі бірінші немере бол-ғандықтан атам мен апамның баласы болып саналамын.
Марқұм атам Аманкелді Мұқанов жоғарғы оқу орнын бітіріп келген соң, еңбек жолын туған ауылы Жиделіден бастап, аудан экономикасын көтеруге көп еңбек сіңірген ардақты азамат еді. Аманкелді атам «Қарой» совхозында 1988-1991 жылдары директор болып тұрғанда халқымыздың біртуар азаматы, елу жыл Елағасы болған, тіршілігінде-ақ әулие атанған Димаш ата біздің әуле-тіміздің шаңырағында бірнеше рет болып, дастарханнан дәм татқанын әркез мақтанышпен айтамыз.
Ұлы тұлға өзінің өнегелі де ғибратты сөздерімен және де өте қарапайым, тек қана ұлы адамдарға тән қасиеттерімен біздің әулеттің есінде қалды.
Мен есімді білгелі біздің үйдің төрінде ілулі тұрған Димаш атаның үлкен портреті біз үшін ең құнды дүние саналады. «Бұл кімнің суреті?» деп әдейі сұрағандарға:
- «Димаш ата бұл. Ол бүкіл қазақтың атасы, менің де ат-ам» дейді екенмін кішкентай кезімде.
Димаш ата зейнеткерлікке шыққан соң ауылға ат ізін салғанда, алғашқылардың бірі болып, менің Аманкелді атам мен Зариға апам күтіп алып, Димаш атаның ақ батасын алған екен. Әулетіміздің ша-ңырағындағы дастархан басында айтылған ұлағатты сөздер мен әсерлі әңгімелері туралы атам көп айтатын. Димаш ата әр келгенінде құр қол келмей, базарлық ала келеді екен. 1990 жылы келгенінде атама шапан жауыпты және балаларға ала келген тәттілерін үлестіріпті. Ал екінші жолы тамаша ақ дас-тархан мен хрусталь бокалдар жиынтығын сыйлапты.
Ұлы тұлға дәм татқан бұй-ымдар мен сүртінген орамалды апам көзінің қарашығындай қастерлеп сақтап отыр. Осындай ұлы адам туралы атам мен апам айтқан естеліктер өте көп. Сол үшін де мен туғанда атам есімімді Дінмұхамед деп ырымдап қойыпты.
Димаш атамыздың туғанына 100 жыл толуына орай, Алматы қаласында республикамыздың түкпір-түкпірінен Ұлы тұлға-ның есімін иеленген 40-қа жуық бала бас қостық. Негі-зінен бұл шараға қатысуға 100-ден астам үміткер болған екен. Ұйымдастырушылардың сараптауынан өткен тек 40 бала ғана Димаш атаның мерейтойын Алматыда өзі аттас балалар мен жасөспірімдер ор-тасында өткізу бақытына ие болды. Соның бірі мен едім. Құрметті де ардақты есімді иеленген қатысушылардың ересегінің жасы 25-те болса, ең кішкентайы 3 жаста екен. Бұл басқосудың шымылдығы Д.А.Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ата аруағына тағзым етумен ашылды. Содан соң келушілерге мұражай ретінде есігін айқара ашқан Димаш атаның саналы ғұмыры өткен үйіне бардық. Бұл жерден біз Димаш атаның өмірі мен еңбегі жәйлі деректі фильм-нен үзінділер тамашаладық. Басқосу барысында «Жалын» мейрамханасында атамыздың әруағына бағышталып бер-ілген астан ауыз тидік. Бізге ұйымдастырушылар атынан Димаш атаның бейнесі кескін-делген ұялы телефон, альбом және «О моем времени» атты кітабы ескерткіш-сыйлық ре-тінде табыс етілді.
Атам марқұм: «Балам, сенің атың ұлы адамның есімі. Байқа, атаңның атына кір келтірмей, сол есімге лайықты болып, келешекте атаң сынды еліңе адал қызмет ететін азамат болып өскін!» деп, ақ батасы мен тілегін жиі айтатын-ды.
Мен Ұлы адамның есімін әрдайым ардақтап, оны таза әрі адал алып жүруге, еш уақытта оған кір түсірмеуді, өзіме тәлімді тәрбиесін үйреткен Аманкелді атамның да аманатын мінсіз орындауды және абыройлы атқаруды парызым деп санаймын.
Дінмұхамед АМАНКЕЛДІ, дәрігер.


