
Өткен аптада Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы күніне арналған мерекелік жиын өтіп, өңіріміздегі ауыл шаруашылық саласының дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.
Салтанатты іс-шара Мәдениет үйі алдындағы ауыл шаруашылығы көрмесін аралаудан басталды. Мерекелік жиында арнайы сөз алған облыс басшысы Марат Елеусізұлы осы іс-шарада бас қосып отырған ауыл шаруашылық саласының майталмандарын құттықтап, марапаттады.
Салтанатты іс-шара барысында Балқаш ауданының Құрметті азаматы Дәулетбек Жанботаев ІІІ-ші дәрежелі «Еңбек Данқы» орденімен марапатталса, «Мырзағали» шаруа қожалығының басшысы Нұрбол Жұмабек «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлібек Бөпешбаев «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, «Өркен дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агрономы Дархан Сонабаев Қазақстан Респуликасы Премьер – министрінің Алғыс хатымен және «Бақанас - Мұғалжар» шаруа қожалығының басшысы Қонақбай Жұмабеков Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясы бойынша Ақдала ауылдық округіне қарасты «Марат» шаруа қожалығының басшысы Нұркен Пұшановқа ІІ-ші дәрежелі диплом және ақшалай сыйлық табысталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруда белсенділік көрсеткені үшін Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратына ІІ-ші дәрежелі диплом және ақшалай сый-сияпат берілді.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Ол халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуден бөлек, жұмыс орындарын ашып, елдегі өндіріс көлемін арттырады. Ауыл шаруашылығының дамуы экспорт көлемін ұлғайтып, ұлттық табысты арттыруға да ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығын дамыту ауылдық жерлердегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, жұмыссыздықты азайтады. Осының нәтижесінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты артып, жалпы ел экономикасына оң әсер етеді. Ауыл шаруашылығына тұрақты қолдау көрсетіліп, инновациялық тәсілдер енгізілсе, бұл сала бо-лашақта елдің тұрақты дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.
Осы және басқа да мәселелер облыс әкімінің баяндамасында қамтылып, бейнероликтер арқылы көрсетілді.
Бұл күні «Ауылын - алтын бесікке» балап жүрген азаматтар күмбірлеген күйден тындап, әуелете шырқалған әннің әуенінде толқыды. Осылайша ауыл шаруашылық саласының майталмандары құрметке бөленді.
Осы салада адал еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген азаматтарға қандай құрмет көрсетілсе де орынды.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ, «Балқаш өңірі».


